АӨК саласында 57 ірі жоба іске қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы агроөнеркәсіп кешені саласында 57 ірі жоба іске қосылды. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және ҚазАгроҚаржы арқылы агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі 2020 жылдың қорытындылары бойынша 446 млрд теңгені құрады. Бұл ретте қарыз алушылардың саны 2019 жылғы 77 мыңнан 2020 жылы 80 мыңға дейін ұлғайды. Шағын және орта бизнеске кредит беру үлесі 92 пайыздан 95,3 пайызға дейін өсті. 57 ірі жоба іске қосылды. Ауылда 15 мыңға жуық жұмыс орны құрылды», - деді Сапархан Омаров.

Оның атап өтуінше, агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін жеткілікті кепілдік базасы болмаған жағдайда, екінші деңгейдегі банктердің кредиттеріне кепілдік берудің жаңа тетігі қолжетімді болды. Ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы іске асырылады.

«Қарыздарға кепілдік беру құралы агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне банкке қажетті кепілмен қамтамасыз ету сомасының небәрі 15 пайызынан 50 пайызға дейін кепіл беруіне мүмкіндік ашты. Қалғанына мемлекет кепілдік береді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар