АӨК бағдарламасын басқару кеңесі құрылады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын басқару кеңесі құрылады. Бұл туралы Мәжілісте 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ні дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу тақырыбына арналған Үкімет сағатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрлік мәліметіне қарағанда, Елбасының тапсырмасына сәйкес бірнеше салаға ортақ мәселелерді шешу қажет. Олар - агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне салық салу, техникалық реттеу, сауда-логистикалық инфрақұрылым, экспортты қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту және ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері. Осы факторларды ескере отырып, министрлік Мемлекеттік бағдарламаны қайта қарап шықты.

«Негізінен, Мемлекеттік бағдарлама сала үшін тұғырнама болды. Оның аясында етті және сүтті мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, суармалы жерлерді дамытуға арналған ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірленді. Оларды іске асыру мерзімі 10 жылдан асады. Неге 10 жылдан асады? Өйткені сиырдан төл алып, ол бұзаулайтын жасқа жеткенше 2,5 жылға жуық уақыт кетеді, оны бордақылауға қойып, одан өнім алу үшін тағы да 1 жылдай уақыт қажет. Сондықтан етті мал шаруашылығын қысқа мерзімге жоспарлауға болмайды», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, бұл бағдарламалардың тағы бір ерекшелігі - оларды әзірлеуге бизнес өкілдерінің тікелей қатысуы.

«Біз оларға құжатты әзірлеуге мүмкіндік бердік, енді оны өздері іске асырады», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Сонымен қатар, Мемлекеттік бағдарлама аясында саланы цифрландыруға, техникалық реттеуге, ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған аралас бағдарламалар да әзірленетін болады.

«Мемлекеттік бағдарламаны басқару кеңесі құрылатын болады, ал оның құрамына Үкіметтің кейбір мүшелері кіреді. Басқарушы кеңес Ұзақ мерзімді салалық және сабақтас бағдарламаларды алдын ала қарап, Үкіметтің бекітуіне ұсыныс беру құқығы бекітіледі. Сонымен қатар, Сараптамалық кеңес және Мемлекеттік бағдарламаны басқару офисі құрылмақ. Сараптамалық кеңес құрамына депутаттар, үкіметтік емес ұйымдардың, ФАО-ның, Азия Даму Банкінің, Еуропа Қайта құру және даму банкінің өкілдері. Осылайша, жобалық басқару бюрократияны жоюға, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», - деп нақтылады Өмірзақ Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар