Аңызға айналған алып тұлға – Бауыржан Момышұлы туралы естелік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бауыржан Момышұлы – Совет Одағының Батыры, даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, соғыс теориясының стратег және тактикі. Бұл ресми құжат мәліметі.


Ал халық оны қаһарман әрі аңызға айналған алып тұлға ретінде таниды. Орда бұзар отыз жасында Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, алапат қырғын кезінде жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери тактика-шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-есен алып шығады. Мәскеу түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Осының негізінде орыстың белгілі жазушысы Александр Бек «Волоколамское шоссе» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазды. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылады. Көзі тірі кезінде көркем фильм түсірілді. Бұл жөнінде «Мосфильм» бас директоры: «Совет Одағының басшысы Леонид Брежнев пен Бауыржан Момышұлы туралы ғана тірі адамдарға арналған киномыз бар» деген.

Жалпы Бауыржан Момышұлы жазушы ретінде өзінің өмір жолы туралы алты кітаптың авторы. Қаһарман батырмен сұхбат негізінде жазылып, мемлекеттік сыйлық алған Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман диологиясы бар. Бұған қосы елуден астам жазушы Бауыржан Момышұлы тақырыбында қалам тербеп, кітап шығарған.

Осы қаламгерлердің ішінде Бауыржан Момышұлымен отыз жыл араласып, туған інісінде болған белгілі жазушы, бауыржантанушы ғалым Мамытбек Қалдыбай өз кейіпкері туралы он том кітап жазды. Оның бес кітабы жарық көріп, оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Осы орайда біздің бүгінгі сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

­ Мамытбек аға, Сіз халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлымен алғаш қалай таныстыңыз? Хат жаздыңыз ба, әлде үйіне іздеп бардыңыз ба? Осы туралы кеңінен айтып өтсеңіз. Қазіргі жас қаламгерлеріміз үшін де оның тағлым алар тұстары мен қажеттілігі бар. Қоғамымыздағы белгілі тұлғалар туралы жазғысы келетін жас жазушыларға септігі тисе, олар да бүгінгі замандастарын толғандырған жәйттермен оқырмандарына толымды туынды ұсынса дейміз ғой.

– Менің Баукеңмен танысуыма иниституттағы оқытушым Әбіш Байтанаев аға себепкер болды. Екінші курста оқып жүргем. Дәлізде ұшырасып:

­­– Сен Бауыржан Момышұлының кітаптарын оқып па едің? ­– деді.

Оқығам.

– Ертең Сыпатаев атындағы мектепте, күндізгі сағат дәл бірде ол кісімен кездесу болады. Студенттер атынан сөйлейсің бе?

Сөйле десеңіз, сөйлейін.

Мен жатақханадағы бөлмеме келіп, ойланып, толғанып, жазғанымды он түзеп, сөйлейтін сөзімді қағазға түсірдім. Мезгіл мамыр айының орта шені еді. Әбіш ағайдың:

– Жарты сағат ерте барайық, ерте бармасақ орын тимей жүрер, –­­ дегенінің пайдасы тиді. Бірінші қабаттағы мәжіліс залының алғашқы қатарынан орын алдық. Қабырғаларға, сүйеніп тік тұрғандарда есеп жоқ. Бұл бұл ма, ашық терезелердің көше жағын жағалаған ақ жаулықты аналар, жеңгелер, ақ қалпақты аталар, ағалар батырымызды көрсек, лебізін естісек деп анталай түскен.

Төрде қалалық, облыстық жауапты қызметкерлер қоршауында Бауыржан аға отыр, Үстінде әскери киім, жас, көркем көркі бейне бір кинодағыдай көз арбайды. Қырықтың ішіндегі сұңғақ бойлы Жарқынбеков деген мектеп директоры орнынан тұрып, мақтап сөйлей келіп:

– Жақында аты аңызға айналған батыр ағамыздың «За нами Москва» деген романы жарық көрді. Қазақшалап айтсақ, «Артымызда Москва» дей беріп еді, Баукең орнынан ұшып түрып: «Мен білсем, мына директор сауатсыз! ­­ Кітап «Артымызда Москва» деп аударылмайды. Ол «Арқамызда Москва», дұрысы «Москва үшін шайқас» деп аударылады. Жолдас директор, білмесең, біліп қой! Арқамыз мынау, артымыз оның төменгі жағы!» -деді зілді үнмен. Директор тілі байланып, не дерін білмей сасқалақтады. Мен, шошып кеткенім сондай, қасымдағы Әбіш ағаға сыбырлап: «Ағай, мен сөйлемеймін» деп едім: «Батырдың мінезі белгілі. Қорықпа. Сөйлемеуіңе болмайды. Сен тізімде барсың, –­ деді мені жұбатып. Бір кезде кезек маған жетті. Мінбеге қалтырап, дірілдеп әрең бардым. Жазып алғаныңды оқу оңай ғой. Міндетімді атқарып, мінбеден ұзай бергенімде, «әй!» деген қаһарлы дауыс естілді. Жалт қарадым. Бауыржан аға түрегеп тұр екен. Маған:

– Бері кел! –­­ деп өзіне шақырды. Бір басып, екі басып қасына жақындадым.

– Сөйлеген сөзіңнің жазбасын маған қалдыр! Мен «Восход» деген қонақүйдемін. Ертең сағат нөл-нөл тоғызда кел. Бір минут кешіксең, қабылдамаймын, ­– деді.

Тарадық. Жолда Әбіш ағайға:

– Мен ол кісіге бармаймын. Барғанда не айтам? ­– деп едім:

– Ақымақтанба. Өзі шақырды емес пе? Мені шақырса, қуана-қуана барар едім, –­ деп Әбіш ағай түрлі мысал айтып, мені үгіттеп бақты.

«Восход» біздің жатақханаға жақын, арақашықтығы екі жүз метрдей жаңа салынған қонақүй еді. Ертеңіне Әбіш ағай сағат сегізде жатақханама келді. Қазір ойласам, мені бармай қалар-ау десе керек.

Бармасам, Әбіш ағайдың ренжитінін сездім. Енді шегінерге жер жоқ. Екінші қабатқа жүрексіне көтеріліп, дәл сағат нөл-нөл тоғызда Бауыржан ағаның есігін қақтым. «Келе бер» деген дауыс естіліп, ішке ендім. Киініп, кітап оқып екен. Мені ауылымдағы ағаларым қарсы алғандай қарсы алды.

– Бір сағат уақатым бар. Сағат онда Қорғасын заводының жұмысшылары кездесуге шақырды. Қысылма, еркін отыр, ­– дей келіп, әке-шешемнің кім болғанын сұрады. Мен қысқа жауап беріп едім.

– Асығып-аптықпай, ол кісілер туралы білетініңді толық айт! ­– деді бұйырып. Мен әкемнің соғысқа қатысқанын, «адам өлтірмейін деген» оймен қарсы кездескен жауды атпағанын, оның атқанын, оқ кеудесін тесіп, жүрегін жанай өткенін, қансырап жатқан жерінен медбике көріп, қол шанаға салып, госпитальға алып келгенін, «неге атпадыңыз?» деп ашуланғанымда: «Атпағаным жақсы болды, сені тірі көрдім» дегенін, нағашысы, әулие Бекасал атасының: «Адам түгілі жәндікке зиян келтірме» деп өсіргенін айттым.

­– Әкең сауатты ма еді?

– Әкем әріп танымайтын. Бірде көрші жігіт «салық жинаушы сізге екі рет қол қойғызып, ақшаңызды алдап алды» деп ескертіпті. Соған намыстанған әкем: «Баламды басым жерге тигенше оқытам», – дейтін.

Екінші топтағы мүгедек екенін де білмеген. Денсаулығына байланысты колхоздың қойын бақты. Үш айлық демалысымда ол кісіні мен ауыстыратынмын. Атқа мініп қой бағатынмын. Қоржынымның бір басына тамағымды, сусынымды, екінші басына кітаптарымды салып алатынмын. Ат үстінде де, күн ысып, қой өзен жағасына уездеген кезде де күрке жасап алып, кітап оқитынмын. Толстойдың, Тургеневтің, Лермонтовтың, Достоевскийдің, Гогольдің, Чеховтың, қазақ, шет ел жазушыларының кітаптарын оқитынмын. Әкем «балам көмекке келіп, қолым ұзарды» деп қуанса, мен «кітап оқу мүмкіндігіне ие болдым» деп қуанатынмын. Ол кісі оныншы сыныпты бітірер жылы соқыр ішектен қайтыс болды. Өгей шешем кетіп қалды. Мен есікті құлыптап Шымкент қаласындағы «кәсіптік-технмкалық училищеге» бардым. Оны бітірген соң «баламды басым жерге тигенше оқытам» деген әкемнің арманын қайтсем де жүзеге асырамын» деп талпынып, иниститутқа түстім.

– Достоевскийдің қандай романын оқыдың?

– «Қылмыс бен жаза» романын. Бас кейіпкер, студент Раскольников маған ұнаған жоқ.

– Неге?

– Оның бірден байып кетуді көздеп, кемпірді өлтіргеніне ренжідім. Маған Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романындағы студент Базаров ұнады. Оған еліктегенім де бар.

– Кездесуге баратын уақытым жақындады. Сен менің Алматыдағы адресімді, телефон нөмерімді жазып ал, хабарласып тұр. Алматыға барысымен сені Жазушылар одағының хатшысы, ақын Ғали Ормановқа табыстаймын. Өзі хат жазар, – ­ деп қоштасты.

– Батыр Бауыржанмен кездескен соң әрбір қазақ армандайтын Алматыға бет бұрдыңыз. Сонымен ақын Ғали Орманов сізді қолдап хат жазды ма? Жалпы ағалардың қамқорлық алақанын қаншалықты сезіндіңіз?

– Ол кісі бес рет хат жазды. «Қазақ әдебиеті» газетіне сәт сапар тілеп, суретім мен біраз өлеңдерімді жариялады. Сөйтіп мені қанаттандырды. Ғали ағаның туғанына жетпіс жыл толған тойы құрметіне (бұл кезде мен «Жетісу» газетінің мәдениет бөлімінде істейтінмін) бір бет арнадым. «Табиғат суреткері» деген тақырыптағы көлемді зерттеу мақаламды қоса жарияладым.

Бұл мақаланың жазылу тарихы бар. Екінші курста оқып жүргенімде ұстазым Әбіш ағай студенттердің дәстүрлі ғылыми конференцясына баяндама жасайсың деп маған «Ғали Ормановтың ақындық ерекшелігі» деген тақырыпты берді. Мен ары әрекеттенгенмен, бері әрекеттенгенмен, қалай ғылыми талдау жүргізуді білмей, қатты қиналып, Әбіш ағайға бардым. Ол кісі ерінбей, үлгі ретінде Қасым Аманжоловтың бір өлеңін талдап, көрсетті. Мен бағытымды түзеп, «Табиғат суреткері» деген тақырыпта баяндама жасап, мақталдым.

Сол баяндамам (үйім, күйім жоғының кесірінен талай қымбат дүниелерім жоғалып кетті) шамаданым түбінде сақталып қалыпты. Осы дайын дүниені газетімде жариялай қойдым емес пе?

Ертеңіне Ғали аға телефон соғып: «Айналайын, мені сенен басқа ешкім түсінбейді екен», – ­ деп үйіне шақырды. Ағаның үйіндегі апай: «Келінге, балаларыңа апарып бер. Тойымыздың сарқыты» деп қорап конфет сыйлады.

– Сіздің «Жетісу» газеті қызметкері атануыңызға Бауыржан Момышұлы көмектесті деген сөз естіп едім. Батыр атамыз жалғыз ұлына да қатал болғанын да білеміз. Осы туралы білсек?

– Ол бекер. Маған көмектескен филология ғылымының докторы, профессор Әзиза Нұрмаханова апай. Ол кісіні де мәңгі ұмытпаймын. Бөле-жара айтарым, Баукең мен түгілі өзінің жалғыз ұлы Бақытжанға «өз орныңды өзің тап» деп көмектескен емес. 1966 жылдың тамыз айы. Отан алдындағы әскери борышымды өтеп, ауылымда үш-төрт күн болған соң, тіке Алматыға тарттым. Бауыржан ағаға барып, сәлем бердім. Шашы бұрыл түске еніп, әжім сызықтары көбейіңкіреп, аздап еңкіш тартқаны болмаса, әлі қайратты, айбатты көрінді.

– Жеңгең жақында аурханаға түсіп қалды. Шамамда ұзақ емделетін түрі бар. Екі қызым нағашыларының ауылында қыдырып жүр. «Келесі аптада ораламыз» – деп таңертең телефон соқты. Өзің қалайсың?

– Халім жаман емес, аға. Әскери борышымды өтеп келдім.

– Неге хабар-ошарсыз кетті десем, әскерде болыпсың ғой. Оныңа өте қуаныштымын. Қалай әскери өмір ұнады ма?

– Ұнады.

– Онда солдат өмірінен жазған бір өлеңіңді жатқа оқы.

Мен жасқанып, жалтақтамай төмендегі туындымды оқыдым.

Автомат

Сыралғы бір досымдай,

Сүйем сені, автомат.

Жас жүрегім шошынбай,

Жүрем сені оқтап ап.

Бірге біздің алған дем,

Күзеткеніміз ел бағы.

Мейірімсізсің жауға сен,

Мейірімсізбін мендағы…

– Ойлы, саналы солдат бейнесін сәтті суреттей алыпсың. Бұл өлеңіңді жас жауынгерлерге қайрат, айбат берер өлең деп білем. Қысқа да нұсқа. Мәселе шығарманың көлемінде емес, өзегінде дейтінім осындай туындыларға байланысты. Түсіндің бе?

Мен үндемедім.

– Үйлендің бе?

– Үйлендім.

– Қашан?

– Бұдан бір жыл ек ай бұрын.

– Келіннің аты кім?

– Күмісбала.

– Келін қаланың қызы ма, даланың қызы ма?

– Кенен атам ауылының қызы.

– Қаланың қызына көзің түспеді ме?

– Түспеді.

– Келінге арнаған өлеңіңді оқы.

Мен тартынғам жоқ.

Сүйгеніме

Еркелетуші ем мен сені,

Еркелетуші ең сен мені.

Еркелеп гүлдер сыйлаушы ем,

Кетуге алыс қимаушы ем.

Көрсем-ау деп бір сені,

Көшеге, үйге сыймаушы ем.

Лүп-лүп соғып жүрегім,

Ағарып таңдай реңім,

Аяқты басып ұшынан,

Өтуші ем үйің тұсынан.

Жоқ еді күдік ой деген,

Жүректер ғана сөйлеген.

Жайына қалып сөз деген,

Оқушы ек сырлар көзбенен.

Жамылып айдың сәулесін,

Жүруші ек өзен жағалай.

Күндерді сол бір, сәулешім,

Ұмытам, айтшы, мен қалай?...

– Дұрыс, қарағым. Сүю – бақыт, сүйе алмау – қайғы…Қазақтың: «Құсың құтты болсын, қосағыңмен қоса ағар» – деген бір жақсы тілегі бар ғой. Мен де сендерге сондай тілек тілеймін.

– Рақмет, аға.

Баукең тұнжырай қабақ түйіп:

– Қалалық жастарға менің бір тиын жаным ашымайды, – деді көңілсіздеу күйге еніп. – Өздері тағы: «Ех, колхозшылар!» – деп мысқылдай күліп, ауылдан келгендерді менсінбейді. Жақсы көйлек, жақсы костюм киіп, галстук тағып, сызылып жүргенді мәдениеттің шыңы деп есептейді. Ауылға барса, сыймайды, аяқ-табағынан жиркенеді. Қайтып келген соң: «Ауылда ақымақтар, жабайы адамдар тұрады екен» – деп оттайды. Кім ақымақ, кім жабайы десеңші?! Шынымды айтсам, туған тілімізді, әдебиетімізді білу, дәстүр қорын сақтау жағынан қаладағы өсіп келе жатқан ұрпаққа мен сенбеймін. Маған олар сыңар қанат құс тәрізді сезіледі. Әрине, ауылдың да бір-бірінен айырмасы бар. Мысалы, Жуалы Түлкібас ауданымен шекаралас. Баяғыда біреу аузын ашса болды: «Е, сен Түлкібастансың ба?» – деп бірден біле қоятынмын. «Ә, мынау Жуалыныкі екен ғой» – дейтінмін. Неге десең, Түлкібасқа Шымкенттің, Жуалыға Жамбылдың әсері көп. Әркімнің жұріс-тұрысынан, мінез-құлқынан байқап, өздері айтпаса да, кім екенін сезіп отыратынмын. Айырмалары болуына, әрине, олар кінәлі емес. Әрі-беріден кейін дастарқандарының айырмасы бар. Қонақ боп жүргенімде: «Е, мынау біздің Жуалының, мынау Түлкібастың дастарқаны» – деп оп-оңай танитынмын. Ата-бабамыз бір, туысқанбыз. Әрине, бұл айырмашылық кеше, арғы күні пайда болған жоқ. Бұл жер, ел жағдайы, қоғамдық жағдай әртүрлі боп қалыптасқандықтан туған заңды құбылыс. Қала мен ауыл жастарының психология, ұғым, еңбекке көзқарас, әдеп, тіл жағынан бөлек болатын себебі де жоғарыдағы жағдайларға тікелей байланысты.

Менің Бақытжан деген жалғыз ұлым бар. Ауылға барса, күліп келеді.

– Молдекеңнің немересі, Бауыржанның баласы екенсің ғой, төрге шық, – дегенімен оған ауылдағылар да ішінен күліп отырады. Екі жағында да ортақ тіл, үғым, ортақ психология жоқ. Мен өмірімнің жиырма бес жылын Ресейде өткіздім. Сонда: «Е, мынау Рязаннан, мынау Псковтан екен» – дейтінмін. Неге десең, әр облыстың, әр қыстақтың тіл, мінез-құлық, ұғым жағынан айырмашылықтары болады, жүріс-тұрысынан, сөзінен қай жерде өскені көрініп тұрады. Мысалы, біздің Оңтүстік Қазақстанның қазақтары Арқаның қазақтарымен салыстырсақ, дәстүр, тіл, дастарқан жағынан айырмасы әжептеуір. Жалпы алсаң – бәрі қазақ. Жаңа айттым ғой, ата қонысымыз бір дегеннің өзінде менің балам ауылға барса, сыймайды. Құдай берсе, көрерсің, сенің балаң да сөйтеді. Неге десең, ондағы құрбы-құрдастарының дәстүрі, түсінігі, көрген-білгені бөлек, сәйкес келмейді. Ауылдағылар естіртіп айтпағанмен ішінен:

– Е, мынау шіреніп қалған, қаладан келген бәле екен, – дейді. Ал олар туралы қаладан барған балаларымыз:

– Ештеңе білмейді, надан, – деп отырады. – Ішкендері кеспе көже, жегендері ет, тіпті салат дегеннен хабары жоқ…Он бес күн болып едім, әбден ашықтым.

Ауылдың балалары да қалаға келсе, дәл сондай ойда болады.

– Алматыны көрдік. Үйлері тап-таза, қабырға толған өңкей жәшік-пәшік. Еркін отыра алмайсың, еркін жүре алмайсың. Есік-терезелері сырлаулы. Әйнектің астына кітапты жинай беріпті. Сол жинаған кітаптың бәрін оқыды ма екен, оқымады ма екен? Тағы оны біреу ұрлап кететіндей кілттеп, жауып қойыпты. Жуынатын бөлмесінің өзі қызық екен. Тап-таза, аппақ астау. Құдай-ау, тастан істеген бе, шыныдан істеген бе, аппақ. Қандай тазалық, ә? Шомылам десең, ыстық су да, салқын су да дайын. Біз жеті, он күнде шомыламыз. Бұлар отын жақпайды. Темірлер тұр, қолыңды тигізсең, ып-ыстық. Бірақ керегі не, өкпем қысылып кетті… Тамақтары да тамақ емес, өңкей шөп-шалам. Бұрынғы заман былай тұрсын, бүгінгі ауыл жастарының ұғымы осындай. Әрқайсысы әртүрлі ойлайды, әртүрлі қортынды жасайды. Оған олар кінәлі емес, жағдай кінәлі. Рухани мәдениетіміз жағынан қала мен дала балаларының айырмашылығының әлі көптігі сондықтан. Оны жоямыз деп жатырмыз ғой, ол сөз жоқ жойылады. Дегенмен оған уақыт керек.

– Сөзіңізге қарағанда, сіз ауылдың баласын жақсы көретін тәріздісіз.

– Тәріздісіз деген сөзің артық. Жақсы көрем.

– Неге?

– Оның себебін өзің түсін…

Сол күні Баукеңнің үйіне қондым. Түн жарымына дейін әңгімелестік. Араласа жүріп, Баукеңнің зерделілігіне, есте сақтау қабілетінің мықтылығына таң қалушы едім, бүгін де таң қалам. Ол кісі бір сөз еткенін екінші рет қайталамайтын, бұдан елу, алпыс жыл бұрын өткен оқиғалар туралы айтқандары соңынан тексергенімде деректермен дәлме дәл сәйкес келетін. Алғашқы кезде ол кісі маған өз пікірін ғана жөн санап, бөгденің пікірімен онша санаспайтын өзімшіл жандай көрінетін. Көп ұзамай ол әсерімнің түбірімен қате екеніне көзім жетті. Егер орынды болса, он жасар баланың айтқанына да көңіл қойып, мән беретінін, тіпті тағлым алатынын аңғардым. Ал өзімен терезесі тең дерлік жандармен ой-пікір таластыра қалған жағдайда шамырқана шабыттанып, түрлі пікір-дәлелдерін көлденең тартып, тек жеңіске жетуді көздейтінін де байқадым. Бірде көптен таныс қарсыласынан көңілі қабарып: «Тегі жаманмен тіреспе, кегі жаманмен күреспе» деген, мен бұдан былай онымен сөз таластырып, ой жарыстырмайтын халге жеттім» – деп қинала қабақ шытқан сәтінің де куәсі болдым.

Өзіне де, өзгеге де қатал, қаһарлы Баукеңнен жылпос, жағымпаз жандар ғана емес, атақты ел ағалары, өнер иелері, танымал ақын-жазушылар, тіпті қарулас, қандыкөйлек досы Дмитрий Федорович Снегин де қаймығатын, айтар сөзін абайлап айтатын.

Туған халқы, Отаны үшін қанын да, жанын да аямаған Баукеңнің ерлігін өзімшіл, тоңмойын басшылар кезінде мойындамай, Совет Одағы Батыры атағын қасақана бермеді. Бұл халқымызды қатты ашындырып, намыстандырды. Баукең ашынған да, ашуланған да жоқ, ұлы жандарға тән ұстамдылық, биік парасаттылық танытып, қарапайым қалпын сақтап, елін екінші ерлігімен қуантып, тамаша кітаптар жазды.

Баукең қарсыласын қан майданда ғана емес, бейбіт өмірде де жеңді. Сол үлкен жеңісінің бірі – өзі өмірден өтсе де Совет Одағының Батыры атағын алуы. Бұл бағыттағы тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ерен, алғысымыз шексіз. Әрине, Совет одағының Батыры атағы Баукеңе арамызда жүрген кезінде берілуі керек еді. Әділдікке жүгінсек, Баукең бір емес, үш мәрте Совет Одағының Батыры атағын алуға лайықты ер еді. Өзімшіл, өркөкірек, тоңмойын шовинстер соның бірін де қимады. Бұдан кім ұтты, кім ұтылды?

Баукең еліміздің ерлік туын жоғары ұстап, қандай қаһарман халық екенімізді, патриоттық асқақ рухтың қандай болуы керек екенін адамзат алдында дәлелдеген ұлттық батырларымыздың бірі. Ол кісінің: «Бірінші жеңіс – солдаттардың командиріне бағынуы, екінші жеңіс – командирдің сарбаздарын бағындыра білуі» – деген тұжырымы қандай терең?!

Өзіңізді көпшілікке тыңдата, сыйлата білудегі тәжірибеңізбен

бөліссеңіз, деп Баукеңнен сұраған едім. Сонда батыр былай деген.

- Сұрағың ақылды сұрақ. Бірінші, өзіңнің кім екеніңді тануың керек. Сен кімсің? Кімдердің алдында сөйлейсің? Қандай ортаны тамсандырып, таң қалдыра аласың? Оған өрең жете ме? Қазақта «Арыстан айға шауып мертігіпті» деген бір жақсы мақал бар. Бұл қабілеті жоқ адамдар кез келген нәрсеге ұрынып, күлкі, мазақ боп жатады дегенді білдіреді. Мысалы, мен бұрын, ақылым бар кезде, яғни жастау шағымда қандай ортада сөйлеймін, тыңдаушылардың білім дәрежесі, мәдениеті, тәжірибесі, сана-сезімі менен қанша ілгері, қанша кейін деп бәрін зерттейтінмін. Әскерилердің, зиялылардың, студенттердің, егінші-диқандардың, не малшылардың, тағы басқаларының ортасында қандай мәселеге баса көңіл бөлгенім жөн деп ойланатынмын. Ең бастысы – мінезіңе білімің, біліміңе мінезің сәйкес келу керек. Екіншіден, қандай аудитория болмасын, қандай ортада сөйлемегін, адамдарды өзіңнің ең жақын, жанашыр адамыңдай сезінуің қажет. Сонда ғана жұртты тамсандырып, таң қалдыра аласың. Түсінікті болу үшін саған мысал келтірейін. Лениннің шығармаларын оқу ауыр. Себебі, ол кісінің еңбегінің бір бетін оқуың үшін бірнеше кітапты қарап шығуың керек. Ленин зиялылар тілімен жазған. Сталин шығармаларын оқу жеңіл, оны кез келген білім дәрежесі әртүрлі адамдар оқыса да түсінеді. Себебі, Сталиннің тілі халықтық тіл. Жұрт алдында сөйлегеніңде бұл ерекшелікті де ескеруің қажет.

Облыстың, ауданның, немесе мекеменің кейбір басшылары мінбеге көтеріліп:

Ә, өңкей жұмысшылар, не малшылар отыр ғой. Бұлар не біледі, не

оқиды, – деп менсінбей аузына келгенін сандырақтағанын, «мынауың таза ақымақ қой» деп залдағылар өзара сыбырласып, мазақтағанын, сондай бір қысылтаяң жағдайда Мәскеуден жоғары партия мектебін бітіріп келген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының күлкіге ұшырап, кәдімгідей бейшара халге ұшырағанын көргем. Бұдан шығатын қорытынды, сенің сөзің де, ісің де халықтың мүддесіне сәйкес келуі керек. Сол уақытта қаны қарайып, жек көріп жүрген дұшпаныңның өзі сенің досыңа айналады.

... Бауыржан ағамен 21 жыл сыйлас, сырлас болғаныма қуанам, мақтанам. Ол кісінің айтқан әр сөзі, тіпті жүріс-тұрысы, әр қимылына дейін маған ұмытылмас ой сыйлады. Өмірдің бар мән-мағынасы адамгершілікте десек, Баукең адамгершіліктің ең үлкен үлгісі – ұлтыңды сүю екенін бар болмыс, тыныс-тіршілігімен дәлелдеп кетті…

Өзін халқымыздың қалтқысыз сүйетінін де жақсы білді, барлық уақытта, тіпті төсек тартып жатқан соңғы күндерінде де сол құрметке дақ түсіргісі келмеді. Сырқаты меңдеп, қанша қиналса да, мұң шағып, сыр берген жоқ. Қандай қиын жағдай кездеспесін өзін сабырлы, еркін ұстайтын, асығып- аптығу, абыржып, жасу деген ол кісінің табиғатына жат еді. Айтар ойын ешкімнен именбей, не көңілі қалып қояды-ау демей, еркін, батыл, түсінікті, дәлелді етіп айтатын. Ерекше байқағаным, барлық уақытта санасы – тәуелсіз еді. Санасы тәуелсіз адам ғана шындықты ешкімнен тайсалмай айта алатынын Баукең жаратылыс-табиғатынан аңғарып, терең ойға бататынмын. Тағы бір ерекшелігі – тілдескен адамына ұмытылмас әсер қалдыратын, көрген-білгендері, көңіліне түйгендері өмірі таусылмастай сезілетін. Үйіне келген кісілермен, мейлі жас, жасамыс, не мосқал болсын, бар ықыласымен бүкпесіз, ашық сөйлесетін, қоштасарында «ата-бабамыз қуыс үйден құр шықпа деген» деп ешқайсысын дастарқанынан дәм таттырмай жібермейтін. Алғыр, өжет, намысшыл, әділ жандарды ерекше құрмет тұтып, олармен сырласқанды ұнататын. Жарамсақ, жылпос жандарды жақтырмайтын. Оларды таяғымен жасқап, «ары жүріңдер, ары!» деп жанына жақындатпайтын.

Баукең барлық кезде қатардағы қарапайым жандардай жұпыны, көптің бірі болып өмір сүрді. Сән-салтанат, даңғазалықты, қошамет-құрметті жек көрді. Менің тағы бір байқағаным, ол кісі қоғамға көп берді, ал өзі қоғамнан аз алды.

Соңғы сұрағым, Баукеңнің қасында 21 жыл жүріп, сырласу оңай емес –ау. «Ақиқат пен аңыз» романының авторы Әзілхан ағамыз ол кісімен тіл табысу арыстанның жалын сипағанмен бірдей» деп жазған еді. Бізді ерекше қызықтыратыны сізді Баукең қалай, не үшін ұнатты?

Баукеңнің маған әр кезді берген бағалары бар. Оны жинақтап топтастырсам, жеке көлемді шығарма болатындай. Мен оларды кітаптарымда амал жоқтықтан үзік-үзік ретінде ғана бейнелеуге тырыстым. Көбіне өзімді тасада ұстағанды ұнаттым.

Сұрағыңа жауап ретінде Баукеңнің мен туралы айтқан бір пікіріне ғана тоқталайын. Ол мынау: «Қолыңда барды қанағат тұтып, ешкімнен көмек сұрамай, әлдекімдерше өсемін-пөсемін демей, қарым-қабілетіңе сай еңбектеніп жүрген тірлігіңе сүйсіндім. Жұрттың бәрі сендей болса, үйімізге темір есік салынбас еді, адамдар бір-біріне әділ, қайырымды болар еді».

– Мамытбек аға уақыт бөліп, сыр бөліскеніңізге рақмет. Жасыңыз сексеннен асса да, қаламыңызды тастамай елге керек тағлымды дүниелерді жазып жүрсіз. Бауыржан Момышұлы туралы дайын турған он томдығыңыздың шығуында амандықта кездескенше дейміз.


Соңғы жаңалықтар