Әнуар Жанғозин «Халықаралық бағдарламалар орталығы» төрағасы лауазымынан кетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин қызметінен кетті. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті достар, бүгін Халықаралық бағдарламалар орталығындағы қызметім аяқталады. Бұл мен үшін алға қойылған міндеттерді орындап, жақсы нәтижеге қол жеткізген кезең болды. Жұмыс барысында бірқатар маңызды бастамаларды әріптестермен бірлесіп жүзеге асырдық», - деп жазды ол.

Айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау процесі басталды. Инженерлік-техникалық және медициналық мамандарға арналған жеңілдіктер бекітілді. Енді олар алдымен тілдік дайындықтан өтіп, шетелдік жоғары оқу орындарына жеңілдетілген шарттармен түсе алады.

Биыл еңбекпен өтеу мерзімін бір күнтізбелік жылға қысқартумен басқа тараптың есебінен оқытуды қоса қаржыландыру тетігі бекітілді. Бұл стипендиаттарды көбірек қамтуға және бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жоғары оқу орындарымен оқу ақысын төмендету бойынша әріптестікті кеңейту жөніндегі жұмыс күшейтілді. Осының арқасында былтыр 150 млн теңгеден астам қаражат үнемделді.

Осы жылы әлемдік рейтингілерге кіретін үздік компанияларда жұмыс істейтін стипендиаттар үшін еңбекпен өтеу мерзімін шегеру енгізілмек. Академиялық оқуды аяқтағаннан кейін болашақтықтар бір жыл бойы халықаралық корпорацияларда тәжірибе жинақтап, бірлескен зерттеулер жүргізе алады. Бағдарламаға үміткерлерді іріктеу сапасы да арта түскен.

«Болашақ» бағдарламасы үміткерлерінің шет тілін білу деңгейіне қойылатын талаптар күшейтілді. Енді конкурсқа қатысу үшін үміткерлердің барлығы шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынады.

500 ғалым үшін жыл сайынғы тағылымдамалар – бөлек ауқымды жоба. Биыл осы бағдарлама аясында кандидаттарды іріктеу критерийлері жетілдірілді, ғылыми тағылымдамадан өту үшін әлемнің 34 елінен 420 ЖОО, ғылыми-зерттеу орталық пен ұйым тізімі қалыптастырылды. Сондай-ақ, 130-дан астам мамандықты көздейтін ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының тізімі әзірленді», - дейді Әнуар Жанғозин.


Соңғы жаңалықтар