Антикорда бизнесмендерді себепсіз мазалау тыйыла бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының ғимаратына кәсіпкерлерді шақырту деректеріне онлайн мониторинг енгізудің арқасында бизнес өкілдерін негізсіз мазалау тыйыла бастаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов ведомствоның алқа отырысында осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнестің ісіне заңсыз килігуден, оның ішінде біздің жауапсыз қызметкерлерден де қорғайтын тетіктер енгізіліп жатыр. Кәсіпкерлерге қатысы бар істерді тергеудің алгоритмі әзірленді. Мұнда сотқа дейінгі тергеу істерінің бірыңғай тізбесін тіркеуден бастап, жауап алу және тінту жүргізу тәртібі түгел қайта регламенттеледі», - деді Олжас Бектенов.

Антикор басшысы кәсіпкерлердің үстінен жемқорлық жөнінде түсетін арыз-шағымдар мұқият сүзгіден өтетінін атады.

«Біз кәсіпкерлердің үстінен іс қозғау туралы бастамалардың 15 пайызынан бас тарттық. Өйткені оған негіз болған жоқ. Кәсіпкерлерді ведомство ғимаратына негізсіз шақыртудың кез келген дерегі онлайн мониторинг арқылы қашықтан бақыланады. Соның арқасында антикор ғимаратына шақырылатын кәсіпкерлердің саны 2 есе азайды. Сонымен қатар, агенттік жанынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның негізгі міндеті – ақпаратты жедел алмасып, өзге мемлекеттік органдардың әрекеті туралы бизнестің шағымдарын бірлесіп қарау», - деді агенттік басшысы.


Соңғы жаңалықтар