Антикор жемқорлыққа қатысты мониторингтерді жиі жүргізбеуі мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі енді жемқорлық тәуекелдеріне қатысты мониторингтерді жиі жүргізбеуі мүмкін. Бұл туралы ашық талқыға шығарылған тиісті құжатта көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа өзгерістерге сай, енді жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелері мониторинг жүргізу үшін бірінші басшының шешімімен қоғамдастық, сараптамалық бірлестік өкілдері қатарынан жұмыс тобын құруға құқылы болмақ.

Құжатта көрсетілгендей, аталған орган мен оның жергілікті бөлімшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті жылына кемінде бір рет жүргізеді. Бұрынғы талап бойынша Антикор мұндай шараларды тоқсан сайын өткізіп тұруы тиіс болатын.

Жаңа өзгертулерге сәйкес, агенттік қажеттілік туындаған жағдайда мониторингті мына тәртіп бойынша жүргізеді:

- Мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметтің тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар әзірлей отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесін қалыптастыру;

- жиналған ақпаратты зерттеу және талдау;

- белгілі бір қызмет саласында, нақты мемлекеттік органда, ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін мәселелерді айқындау.

Жауапты агенттік мониторинг нәтижесі бойынша талдамалық есеп жасап, жемқорлық тәуекелдерінің белгілері бар органдарға ақпарат жолдайды.

Қаулыны ашық талқылау 6 желтоқсанға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар