Антикор өкілі денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметі басшысының орынбасары Ғанижан Асанұлы денсаулық сақтау саласындағы жемқорлыққа жол ашатын олқылықтарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, пандемия денсаулық сақтаудың көптеген мәселелерін, соның ішінде жемқорлық тәуекелдерін көрсетті. Өткен жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппаратында талдау жұмыстары жүргізілген еді. Биыл Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде сыртқы талдаулар аяқталды. Барлығы 138 жемқорлық тәуекел анықталды, олар бойынша 246 ұсыным әзірленді», - деген агентік өкілі анықталған олқылықтардың негізгілеріне тоқталды.

«Бірінші. «Мақсаттық көрсеткіштердің жетілмегендігі» белгілі болды. «Пациенттердің медициналық көмек сапасына қанағаттануы» нәтижелерін «қолмен» өзгерту арқлы бұрмалануының жоғары тәуекелі белгіленді. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің сапасы бойынша объективті көрініс бермейді.

Екінші. Дәрі-дәрмектің бағасын жасанды түрде көтеру тәуекелі басым. Баға өтініш берушінің тексерілмеген ақпаратына немесе оның коммерциялық ұсынысына байланысты қалыптасады. Дәрі-дәрмектердің бағасына олар болмаған кезде де маркетингтік шығындарды қосуы мүмкін. Қолданыстағы көтерме-бөлшек сауда ережелері бағаны 30%-ға қосымша арттыруға мүмкіндік береді», - дейді Ғанижан Асанұлы.

Оның айтуына қарағанда, медициналық қызметтердің сапасын бағалау үшін жүргізілген 147 тексеру кезінде сырттан сарапшылар шақырылмаған.

«Сараптама қорытындыларын уәкілетті емес адамдар жасады. Оған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен заңға тәуелді акті арасындағы қайшылық себеп болған.

Эпидемиологиялық мониторинг және камералдық бақылау саласы цифрландырылмаған. 600 млн теңгеге сатып алынған планшеттер мен мобильді принтерлер әкімшілік практиканы автоматтандыру үшін пайдаланылмайды. Бақылау құжаттары қолмен қалыптастырылады, бұл сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайды», - деді агенттің өкілі.

Жоғарыда көрсетілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша ұсыныстар әзірленіп, Денсаулық сақтау министрлігіне жолданды.


Фото: memkyzmet.kz

Соңғы жаңалықтар