Антикор: Мұғалімдер 34 500 теңгенің сыйлығын алса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Фото:
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мұғалімдерді сыйлық алудан бас тартуға шақырып жатыр. Ұстаздар қауымы сыйлықты алған жағдайда жазаның қалай болатынын еске салуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын мектептерде соңғы қоңыраулар, бітіру кештері және мұғалімдер мен мектеп директорларына қымбат сыйлықтар тарту орын алады. Оқушылардың ата-аналары қосымша шығындарды көтермеуі керек. Қазақстанда орта білім тегін беріледі. Барлық мектептерде алымдарға қатаң тыйым салынады.

Осыған қарамастан, Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 1424 Call-орталығы арқылы мектептердегі алымдар фактілері бойынша 20-дан астам өтініш түсті.

Бұл ретте, ведомствода аталған заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілік туралы еске салынған»,- делінген аталған ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, мектеп директорлары үшін заңсыз материалдық сыйақы мен пара алу үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жауапкершілік шарасы – 600 АЕК көлеміндегі айыппұл (ҚР ӘҚБтК 677 – бабы), қылмыстық үшін – мүлкі тәркілене отырып, пара сомасының 20 еселенген мөлшеріндегі айыппұлдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген (ҚР ҚК 366-бабы).

Сондай-ақ мұғалімдерге құны 10 АЕК-тен (2023 жылы - 34 500 теңге) асатын сыйлықтар беруге тыйым салынады (ҚР АК 509-бабы). Өзге жағдайда 2000 АЕК дейін айыппұл түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген (ҚР ҚК 247-бабы).

Егер Сіз ата-аналардан немесе қызметкерлерден ақша жинау фактілері, сондай-ақ басқа да сыбайлас жемқорлық туралы білсеңіз, 1424 Call-орталығына хабарласуыңызды сұраймыз. Азаматтардың барлық өтініштері міндетті түрде қаралады, қажетті шаралар қабылданатын болады.


Соңғы жаңалықтар