Антикор Лариса Пакқа рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолдану фактісі бойынша іс қозғады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті бұрынғы төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пакқа қатысты қылмыстық істі тергеуге қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы қызметкерлерінің рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомствоның мәліметінше, 2017 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңде тергеу-жедел тобы қылмыстық істі тергеген, ол кейіннен қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

«2019 жылдың 6 шілдесінде іс бойынша күдікті Л.Пак қайтыс болды. 2020 жылдың 7 желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Лариса Пактың әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты толық ақталғанын хабарлады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының құқықтық мұрагері ретінде Лариса Юн-Бойевна Пактың туыстарына қайғырып көңіл айтады және келтірілген зиян үшін ресми кешірім сұрайды», - деп жазды агенттік.

Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етуге жатпайды.


Соңғы жаңалықтар