Антикор қызметкері жемқорлық фактісі туралы шағымды қарауға міндетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет маманы жемқорлық фактісі туралы шағымды заңды түрде қарауға міндетті. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жазадан бұлтартпау принипін ешкім алып тастамағанын атап өткім келеді. Және де жемқорлық фактісі туралы шағым немесе белгі түскен жағдайда кез келген қызметкер заңды түрде қаралуын және қабылданатын іс-шараның толыққанды болуын қамтамасыз етуге міндетті. Біз жұмысымызда осы әдісті қолдануды бастап кеттік. Өңірлік департаменттің басшылары есеп беру баяндамалары кезінде цифрлық көрсеткіштерді қолданбайтын болады. Бір де бір цифр жоқ, тек шынайы іс, халықты толғандырған проблемалардың шешімі, шығынның алдын алу», - деді Олжас Бектенов ведомствоның алқа отырысында.

Оның пайымынша, мұндай жаңа әдіс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

«Алқа отырысымыздан бұқаралық ақпарат құралдары хабар тарататын болғандықтан барлық азаматқа үндеу жасап, жемқорлыққа қарсы қызметтің жеке құрамы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жемқорлықтың теріс әсерін төмендету, мемлекеттің экономикаға салған қаражатының соңғы алушыға дейін жетіп, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға қызмет етуі үшін бүкіл күш-жігерін жұмсайтынына сендіргім келеді», - деді агенттік басшысы.


Соңғы жаңалықтар