Антикор ел мектептерінің қаржылық жағдайын тексеріп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Министрлік Сыбайлас жемақорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп мектептердің бюджет қаражатын игеру барысын тексеріп жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚзаАқпарат тілшісі.

«Министр ретінде қызметке кіріскенде елдегі барлық мектеп директорымен жиналыс өткіздім. Жиында жұмыстың тиісті әрі сапалы деңгейде атқарылу керектігі айтылды. Сонымен қатар мектептерде заңбұзушылықтарға жол бермеу мәселесі де қозғалды. Жуырда Талдықорғанда және Қызылорда (Жаңақорған ауданы) облысындағы мектептерде сыбайлас жемқорлыққа қатысты шу шыққанын білетін шығарсыздар. Осыған байланысты біздің министрлік осыдан 1 ай бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, бүкіл мектептердің қаржылық жағдайын тексеруді бастап кетті», - деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Министрдің айтуынша, тексеру аясында мектептерде болған заңбұзушылықтар бойынша сараптама жасалады.

«Сараптама жүргізу нәтижесінде анықталған фактілер құзырлы органдардың қарауына жіберіліп, тиісті шаралар қабылданады», - дейді ведомство басшысы.

Бұған дейін Ғ. Бейсембаев мемлекеттік балабақшаларды толығымен қазақ тіліне көшіру жағы қаралып жатқанын мәлімдеген еді.


Соңғы жаңалықтар