Антикор бизнеске заңсыз араласудың 72 дерегін анықтады

2022 жылғы 28 қараша, 14:19
Антикор бизнеске заңсыз араласудың 72 дерегін анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Асхат Жұмағалидің басшылығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмыс тобының және «Атамекен» Ұлттық палатасының кезекті кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында кәсіпкерлердің өзекті және проблемалық өтініштері қаралып, топ жұмысының алдын ала қорытындылары шығарылды, сондай-ақ, алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен міндеттер айқындалды.

Аумақтық департаменттердің қылмыстық істері бойынша бизнестің қатысуымен тергеу әрекеттері едәуір қысқартылды, бұл - агенттік енгізген ведомстволық бақылау тетігінің нәтижесі.

Бизнеспен мыңнан астам тергеу әрекеттерін жүргізуге жол берілмеді, бұл кәсіпкерлерді тергеу кабинеттеріне баруға, іс жүргізу шараларына қатысуға артық уақыт жұмсаудың алдын алады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік қызметшілер тарапынан заңсыз араласу және бизнеске қысым жасау фактілерін анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

Жыл басынан бері осындай 72 факт анықталды, олар бойынша 165 сотқа дейінгі тергеу басталды, 112 лауазымды тұлға әшкереленді, оның 65-і сотталды.

Заңсыз әрекеттердің көпшілігі пара алумен байланысты, соның ішінде орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою, рұқсат құжаттарын беру және басқалары жатады. Олардың жалпы құрылымдағы үлес салмағы 80% құрады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушілері жоғарыда көрсетілген барлық фактілер бойынша мемлекеттік органдар басшылығының атына сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде ұсыныстар енгізді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar