Антикор басшысы АШМ жұмысындағы басты кемшілікті атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы бойынша орталықта қабылданатын шешімдер халықтың қажеттілігіне емес, жұмыс көрсеткішіне бағытталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов ведомствоның алқа мәжілісінде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өз баяндамасында Марат Ахметжанов агенттік сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу форматын өзгертетінін атады.

«Біз кешенді мониторингке көшеміз. Яғни, біз жеке органды емес, тұтас стратегиялық саланы таңдап, егжей–тегжейлі, терең талдау жүргіземіз», - деді ол.

Айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен пилоттық жоба ретінде агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау саласына егжей-тегжейлі тексеру басталып кеткен көрінеді. Ауыл шаруашылығын қолдауға соңғы 5 жылда 1 трлн теңге бөлінген.

«Жыл сайын мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай қаражат бөледі. Дегенмен, жазда көкөніс бағасының өсуі халықтың наразылығын тудырды. Орталықта қабылданатын шешімдер халықтың қажеттілігіне емес, жұмыс көрсеткішіне бағытталған», - деді агенттік төрағасы.

Марат Ахметжанов субсидия саласында халықты толғандыратын мәселе көп екенін айтады.

«Бұл кешенді талдаудың басты мақсаты – субсидиялар саласындағы проблемаларды анықтау. Дотациялар халыққа қаншалықты жетіп жатыр? Оларды алу ашық па? Ашық болмаса, оған не кедергі? Қандай сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар? Кемшіліктер анықталғаннан кейін сарапшылар мен тиісті министрліктерді тарта отырып, оларды шешу жолдары әзірленеді», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы.

Марат Ахметжанов агроөнеркәсіп кешенінен кейін кезек автожол және көліктік бақылау саласына тиетінін ескертті.


Соңғы жаңалықтар