Антикор: Ауыл шаруашылығындағы жемқорлықтың дені - субсидияны жымқыру

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау бойынша жүргізілген талдаудың қорытындысын бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 5 жыл ішінде елімізде ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2 трлн теңге бөлінген. Осы жылдар ішінде шенеуніктерге қатысты сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Жалпы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 960 қылмыс тіркелген болса, оның жартысынан астамы (54%) бөлінген субсидияны жымқырумен байланысты. Жүргізілген талдау бюджет қаражатын жөнсіз пайдаланудың өрескел фактілерін, көптеген сыбайлас жемқорлық кестесі мен субсидияларды ұрлау тәсілдерін ашты», - деді М. Ахметжанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығына қатысты 62 қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Және жемқорлық жасау күдігіне орта буында шенеуніктер мен кәсіпкерлер ілініп отыр.

«Осы орай біз ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидия саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған 170 ұсыным жібердік. Ауыл шаруашылығы саласына жасалған талдаудың мақсаты - сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және адамдардың парақорлық қадамға баруын азайту», - дейді ол.

Айта кетсек, бұған дейін Антикор басшысы сыбайлас жемқорлық жиі болатын салаларды атаған еді.

Агенттік төрағасының айтуынша тізімін басында ауыл шаруашылығы тұр.

Одан бөлек, М. Ахметжанов қазақстандық шенеуніктердің жемқорлыққа қаншалықты жақын екені тексерілетінін айтты.


Соңғы жаңалықтар