Антиэкология, Көбейтұздағы көргенсіздік және «Экосергек» – экобелсенді Әсем Омармен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда соңғы жылдары қоршаған орта үшін жаны ашып, азаматтық позицияларын ашық көрсететін азаматтар көбейді. Экологиялық шаралардың басы-қасында ерікті ретінде қызмет ететіндердің де саны артып келеді. Жануарлар мен табиғатқа жасалған қиянатқа көз жұмып қарап отыра алмайтын экобелсенділердің бірі – елордалық Әсем Омар. Ол осы жылы Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы қызғылт түсті Көбейтұз көлінде орын алған тәртіпсіздікке байланысты пикет жасап, қоғамға үндеу тастағысы келген еді.

- Әсем, жақында «Көбейтұз» көліне барып бір адамдық пикет өткіздіңіз. Содан кейін сізді ел экобелсенді ретінде көбірек тани бастаған секілді. Бұған дейін де экологиялық бағытта белсенді позиция ұстанып келдіңіз бе, әлде «бәрі Көбейтұздан басталды» ма?

- Мен экология тақырыбын өз айналамда бұрыннан-ақ жиі көтеріп жүретінмін. Себебі біраз жыл Жапонияда тұрдым. Ал Жапония - түрлі техника, электроника шығаратын өндірістік держава болса да экологияны әрқашан бірінші орынға қоятын мемлекет. Адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 100 жылға жақындап келеді. Денсаулықтары жақсы, ауруханаларының көбі бос тұрады. Осының бар құпиясы экологияда екенін кейін анық ұқтым. Азаматтарының экологиялық мәдениеті, жөнсіз қоқыс тастамайтыны кім-кімге де үлгі болады. Осындай халықты көріп, Қазақстанда да азаматтардың қоршаған ортаны сақтауда белсенділігін арттыру керек екенін ойландым.

Ал Көбейтұзды Түркиядағы Памуккале термалды суларымен салыстыруға болатын шығар. Міне, сол жерде түріктер инфрақұрылымды дамыту, тәртіп орнату арқылы танымал туристік орынға айналдырып жіберді. Күллі дүниежүзі «ақ мамықтарды» көруге сонда ағылады. Ал біз өзіміздегі жаңа ғана ашылған ғажайыптың аз уақытта күл-талқанын шығардық. Көлге көлікпен кіріп бару деген нағыз көргенсіздіктің өзі. Сол жағдайдан кейін жағамды ұстап, құр қарап отыра алмадым. Тағы бір айта кететіні – көлдегі тұздар әлі толық зерттелген жоқ, пайдалы немесе зиян екені белгісіз. Осыған көз жеткізбестен бас салу да экологиялық мәдениеттің төмендігінің көрсеткіші.

- Пикет өткізгенде қолыңызға «Аяма», «Аяла» сөздерін жазып шықтыңыз. Онымен не айтқыңыз келді?

- Осы қазақтың екі сөзіне қарап бір әріп бір әлемді өзгертетінін байқауға болады. «Таңдау сізде. Аялайсыз ба? Әлде аямайсыз ба? Аяласаңыз - ертең ұрпағыңыз да сол жерге барып, сұлулықты көреді. Ал аямасаңыз, артыңыздан ештеңе қалмайды». Айтқым келгені осы еді.


- Экологиялық тәрбиені, мәдениетті қалыптастыру бағытында қандай шаруалар атқарылуы керек?

- Экомәдениетті, экологиялық тәрбиені қалыптастыру тек қана Экология министрлігінің немесе жергілікті әкімшіліктің міндеті деген ой қате. Ең бірінші – адамдарға БАҚ арқылы ақпараттық түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілуі керек. Ол ТВ, әлеуметтік желіде көрсетілетін видеролик, балаларға арналған анимациялық фильмдердің көмегімен жүзеге асуы мүмкін. Ал сенбілікті жылына бір емес, айына, аптасына бір рет өткізіп тұру қажет. Адам айналасын өзі тазалап отырса, сол жұмысты күн сайын істеп жүрген қызметкерлердің еңбегін бағалайды. Әр кәсіпорында қанша кісі жұмыс істесе, сонша ағаш егулері тиіс шығар, мүмкін. Экология сабағы пән ретінде енгізілсе де ол әңгіме мектепте ғана айтылуы тиіс емес. Үйде ата-ана баласына ұдайы түсіндіріп отырса, нәтиже шығар еді.

- Иә, экомәдениетті қалыптастыру өте маңызды бағыт. Одан бөлек те елімізде экологиялық проблемалар жетерлік. Сіздің пікіріңізше, осы қордаланған мәселелерді қалай шешуге болады?

- Экосауаттылықты, экомәдениетті арттыруға бар күшімді салып, атсалысқым келеді. Дегенмен, адамдарға бұл бағытта қанша насихат жүргізіп, дұрыс бағытқа бұрғанмен, ірі өнеркәсіп орындарының атмосфералық ауаны ластауын шектемесе, нәтиже болмайды. Сондықтан өндірістен шығатын лас қалдық үшін салынатын айыппұл ақшасын толығымен экологиялық зардаптарды жоюға пайдалану мәселесін жолға қою керек деп есептеймін. Әр өнеркәсіптің өзі ауасын бұзған, суына зиян келтірген жердегі жауапкершілігін арттыру керек. Сосын қазір антиэкология идеологиясы бізде де қатты жұмыс істеп тұр. Оның бір көрінісі – тұтынушылық әдеттің шектен шығуы. Жарнама әсерінен көп сатып алуға ұмтыламыз. Бір телефон аласыз да, келесі айда жаңа «нұсқасына» көшесіз. Көлікті сатып алу да сондай. Адамдар «көршіңнен, айналаңнан қалып қойма» мағынасындағы еліктіруге еру арқылы қоршаған ортаға зиян келтіріп, ресурстарды сарқып, қалдықты көбейтіп жатқанын сезінбейді. Осы бағыттағы жұмыстарды да жолға қоюымыз қажет.

- Иә, жақында әлеуметтік желіде «жануарларды азаптау ең алдымен баланың психологиясына көңіл бөлу керектігін көрсетеді» деп жазыпсыз. Өзіңіз үйде балаларыңызға бұл бағытта қандай тәрбие жұмысын жүргізесіз?

- Біздің үйде мысық бар. Мүмкіншілік болса ит те ұстар едік. Бірақ көпқабатты үйде тұрған соң асырай алмаймыз. Ал мысыққа кішкентай ұлым өзі қарайды, өзі күтіп, тамағын береді, суын құяды. Тіпті, көшеде мысық көрсе де менен ақша сұрап, тамағын алып беріп жүреді. Әлеуметтік желіде күнде көріп жүргендей, жануарларға жасалған зорлық-зомбылық, әрине, жанымызды ауыртады. Ондайды жасайтын адамның бойына қатыгездік бала күнде сіңген шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, қазақ итті жеті қазынаның бірі деп санаған халық. Мысықты да мұсылман халықтары аса қатты қадірлейді. Балама жануарлардың да біз секілді жаны ауыратынын, олардың да сезімі, махаббаты бар екенін, олар да бізбен бір планетада өмір сүретін жаратылыс екенін жиі айтып отырамын. Мұндай қатыгездіктер бұрын да болған. Тек қазір интернет, әлеуметтік желіге бәрі салына беретіндіктен жиі көре бастадық. Қазақстандықтар күрт өзгеріп, қатыгез болып кетті немесе мәдениет деңгейі түсіп кетті деп айтудан аулақпын. Дегенмен Еуропа елдері, жаңа мен айтқан Жапония секілді экоәдептерді қалыптастырып, көштен кері қалмауымыз қажет. Қазақтың өсімдіктерге, жануарларға қатысты ырым-тыйымдары, үлгілі әңгімелері онсыз да көп қой. Соларды тренд етсек, ұтылмаймыз.

- Қазақстанда қоршаған ортаға салмақ түсірмей демалуға мүмкіндік ашатын экотуризм қолға алынуда. Осы жөнінде ой-пікіріңіз қандай?

- Елімізде табиғаты сұлу жерлердің көп екеніне карантин кезінде тағы бір көз жеткіздік. Шекара асып, демалып жүре бергенде Көбейтұздың да бар екенін білмей қалар ма едік?! Экотуризм қолға алынғанда адамдар тәртіп бұзбас үшін табиғат аясындағы демалыс нысандарында көшедегі секілді «Сергек» камераларын орнатуды ұсынар едім. Оны «Экосергек» деп атау керек шығар. Бұл идея көп кісілерге ұнамауы мүмкін, бірақ үлкен қалаларда адамдар сол «Сергектің» арқасында қауіпсіздік белдігін тағып, жылдамдықты азайтып жүретін болды. Статистикаға сүйенсек, көлік апаттары біршама азайды. Сондықтан адамдардың қоршаған ортадағы мәдениетін де өсіру үшін қатаң тәртіп енгізген дұрыс.

- Сіз ЭКСПО ғимаратындағы «Нұр-Әлем» павильонын басқарасыз. ЭКСПО-2017 жасыл экономикаға бағытталғаны белгілі. Бүгінде нысан арқылы қоршаған ортаны сақтау, келешек энергиясы бойынша қандай насихат жүргізіледі?

- ЭКСПО көрмесі кезінде Қазақстанның павильоны болған «Нұр Әлем» музей ретінде жұмыс істеп тұр. Оның ішінде жел, күн сәулесі, ғарыш секілді шексіз энергиялардың мүмкіншілігі жақсы көрініс тапқан. Планетамызды қорғап, оның ресурстарын сарқымай, баламалы қуат көздерін пайдалана алатынымызды, әсіресе, балаларға экспонаттар арқылы барынша түсіндіріп келеміз. Ғалымдар да келіп, студенттеріне осы жерде сабақ өткізеді.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар