Антиденесі барлар вакцина ала ма, екпенің жағымсыз әсері қандай

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Дүниежүзін дүр сілкіндірген коронавирусты жеңудің жалғыз жолы – вакцина. Алайда елімізде әлі күнге дейін бұны түсінбей, екпе алудан бас тартып жүргендер жоқ емес. Көптің көкейінде үрей мен түрлі сауалдар бар. Осы ретте, Шығыс Қазақстан облысындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері вакцина туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

- Вакцинаның құрамы қандай және оның ағзаға зияны бар ма?

- Вакцинаның адамға еш зияны жоқ. Екпені өндіру технологиясы бұрыннан бар. Оны жасаған кезде вирустың гендік тізбегі алынады. Биотехнологияның көмегімен жұқпалы ауруға қарсы әсер ететін фрагмент алынып тасталады. Бірақ ақуыздардан тұратын вирустың ішкі қабығы сақталады және денеге еніп, иммундық жүйеге вирусты анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай вакцина жұқпалы ауруды тудырмайды әрі денеге теріс әсер етпейді. Сондықтан вакцинадан қорықпау керек.

- Екпе адам бойындағы жасырын ауруларды ушықтыра ала ма?

- Созылмалы аурулардың өршуі вакцинаға емес, коронавирусқа тән. Егер індеттен ада болсаңыз, онда екпе ешқандай ауруды ушықтыра алмайды.

- Кейбір азаматтарда вакцина алғаннан кейін әлсіздік байқалады. Бұл екпенің жағымсыз әсері ме?

- Вакцинациялаудан кейін бірнеше күн ішінде әл-ауқаттың нашарлауы қалыпты жағдай. Реакциялар кез келген вакцинаны енгізгенде пайда болуы мүмкін. Бұл дегеніміз, иммундық жүйе антигенге әсер етіп, вирусқа қарсы антиденелер пайда бола бастады. Барлық адамда вирусқа қарсы иммунитет әртүрлі жолмен қалыптасады. Мұндай жағымсыз реакциялар вакцинадан кейін байқалады. Көбінесе олар дене температурасының жоғарылауымен, әлсіздікпен немесе инъекция орнының ауырсынумен көрінеді. Бұл әсер 1-3 күн аралығында ешқандай емделусіз және қандай да бір салдарсыз өздігінен өтеді. Егер вакцина алғаннан кейін температураңыз қатты жоғарыласа, онда дәрігердің кеңесіне жүгінгеніңіз абзал.

- Вакцина ағзаның репродуктивті функциясына әсер ете ме?

- Вакциналардың репродуктивті функцияға әсері - бұл жай болжам ғана. Мұндай болжамдарды тіпті 50 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқан екпелерге қатысты да айтқан болатын. Десе де бұны бірде-бір зерттеу растамады. Вакциналарда адамның жыныстық және эндокриндік жүйелеріне әсер ететін компоненттер жоқ. Сонымен қатар жүктілікті жоспарлағандар үшін вакцина алу қажет. Бұл әйелді коронавирустың ықтимал әсерінен қорғайды.

- Егер адамда антиденелер бар болса, сонда да екпе алу керек пе?

- Жалпы, вакцинациялаудан бұрын антиденелердің бар-жоғына қан тапсырудың қажеті жоқ. Сондықтан антидене болса да вакцина алу қажет. Адамдар неғұрлым вакцинацияланбаған сайын, вирустың патогендік қасиеттерін арттыра отырып, мутацияға ұшырау мүмкіндігі көбірек болады.

- Егер адамда жүрек ауруына күдік немесе аллергия болса, қандай вакцина алған дұрыс?

- Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етілген вакциналардың барлығы тиісті сертификаттаудан өткен. Олар азаматтардың қандай да бір санатына арналмаған. Бұл екпелерді бәріне салуға болады. Ешқандай ерекшелік жоқ. Бірақ егер сізде жүрек ауруына күдік болса және диагнозыңыз әлі қойылмаса, терапевтке тіркелуді, диагностикалық зерттеулерден өтуді және кардиологпен кеңесуді ұсынамын. Содан кейін ғана вакцина алыңыз. Егер тіркелген болсаңыз және ауруыңыз белгілі болса, онда жағдайыңыз тұрақты деп бағаланады. Сондықтан вакцина алуға еш кедергі жоқ.

Аллергияге қатысты айтар болсақ, ең әуелі біз қандай аллергия туралы айтып отырғанымыздың басын ашып алайық. Өйткені әр аллергияның көріністері әртүрлі. Вакцинациялауға абсолютті қарсы көрсетілім - бұл әдетте жоспарлы түрде қойылған алдыңғы екпелерге аллергиялық реакциялардың болуы. Егер маусымдық аллергия болса, онда әрине, тексеру кезінде терапевтке хабарлау қажет. Содан кейін ол сізге вакцина алуға бола ма, жоқ па, соны шешеді.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар