Антидененің төзімділігі, вакцина мен өтемақы – коронавирусқа қатысты соңғы жаңалықтар қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға қоғам тарапынан да, БАҚ-тан да сұрақ көп. Мұның себебі де белгілі. Індет бәсеңдеді-ау деген уақытта Еуропа елдерінде коронавирустың қайта өршуі, іргеміз тиіп тұрған Ресейдің өзінде жұқтырғандардың артуы – жағдайды қайта күрделендіретіндей үрей туғыза бастады. Бұл секемге әлемде әлі күнге дейін коронавирусқа қарсы 100 пайыз төтеп бере алатын вакцинаның табылмағанын тағы қосыңыз. Өкінішке қарай елде коронавирус жұқтырып, зардап шеккенімен өтемақы ала алмай жүрген медицина қызметкерлері де жоқ емес. Осы мәселелерге байланысты ОКҚ алаңына келген министрге 20 шақты тілшіден сұрақ түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай»...

Алексей Цой сөзінің басында коронавирус жұқтыру деңгейі қайта үдеген әлем елдерін атады. Министр келтірген мәліметке сәйкес Еуропа мен жақын, алыс шетелдерде коронавирустың қайтадан үдеп кеткен. Кейінгі аптада жұқтыру өсімі Германияда 1-1,5 пайызға, Украинада 1,9-2,4 пайызға, Ресейде 0,8-1,1 пайызға, Испанияда 0,5-1 пайызға, Францияда 1,8-3 пайызға, Чехияда 1,8-3,7 пайызға, Италияда 0,8-1,3 пайызға дейін артып отыр. ТМД елдерінде ауру өсімі Қазақстанға қарағанда 11 есе жоғары.

Министр адам ағзасындағы антидененің жойылуына байланысты елімізде коронавирустан бұрын жазылып шыққандар қайта сырқаттануы мүмкін екенін ескертті. Ғалымдардың әртүрлі пікіріне сүйенсек, коронавирусты жеңіл көтерген азаматтардың ағзасында антидене 1 ай уақытқа, ал орта немесе ауыр көтергендердің ағзасында 3-5 айға дейін сақталады.

«Біздің елде коронавирус жұқтырудың шарықтау шегі осы жылдың маусым-шілде айларына келгені белгілі. Егер біз талдау жасап көрсек, аталған уақыттан 3-5 айдан кейін, яғни қараша мен желтоқсан айларында коронавирусты орта немесе ауыр жағдайда көтергендердің ағзасында антиденелер құрып бара жатыр. Сол себепті олардың қайтадан ауруға шалдығу ықтималдығы, қаупі бар», - деген денсаулық сақтау министрі әлемде коронавирусты қайта жұқтыру жағдайы тіркелгенімен, Қазақстанда мұндай адамның әлі кездеспегенін мәлім етті.

Қазақстанда алдағы уақытта мамандарды даярлау арқылы отандық зертханалардың қуатын тәулігіне 63 мың зерттеуге дейін жеткізу көзделіп отыр. Шығын материалдары бағасының нарықта арзандауына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ПТР-тест тарифін 22 пайызға дейін арзандату бойынша ұсыныс әзірлеген. Цойға сенсек, сонымен қатар жеке қорғаныс құралдары мен тест-жүйе арзандады. Ұсыныс мақұлданса, осы айдың соңына дейін тариф бекітіледі.

Қазақстан халқының 15 пайызына коронавирусқа қарсы вакцина салынады

Елімізде маусымдық инфекциялардың қарқыны мен коронавирус инфекциясының жаңа толқынын басу үшін 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы мақсатты топтарға екпе жүргізіліп жатыр. Ол үшін тұмауға қарсы 2,2 млн вакцина сатылып алынған. Бұл – жалпы халықтың 11 пайызын екпе жұмыстарымен қамтуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта 1,8 млн адам вакцинадан өтті. Алексей Цой баспасөз мәслихаты барысында осы аптаның соңында вакцина жұмыстары толығымен аяқталатынына сендірді.

Вакцина демекші, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеулерден өткізуге келісім берген екен. Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау мақсатында 2020 жылғы 17 қыркүйекте Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының базасында қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеудің I кезеңін жүргізуге рұқсат берілген. 17 қарашада II кезеңнің клиникалық зерттеулері және 2021 жылдың 24 сәуірінде III кезең аяқталады.

«Елдің COVID-19 вакцинасына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін біз вакцинацияланатын қауіпті топты анықтадық. Олар - 60 жастан асқан созылмалы ауруы бар адамдар, медицина қызметкерлері, мұғалімдер. Алдын ала есепке сәйкес, республика бойынша 2,8 млн адам немесе халықтың 15% вакцина салдыруы тиіс. Ол үшін 5,6 млн доза вакцина қажет. Қазақстан бірнеше мемлекеттен вакцина сатып алу мәселесін пысықтауда. Олар – ресейлік Спутник-5 вакцинасы, оксфордтық вакцина, қазақстандық вакцина және тағы басқалар», - деді Алексей Цой.

Алексей Цой: Президент тапсырмасы орындалды

«Бүгінгі таңда аймақтық комиссиялар коронавирустан көз жұмған жағдайлар бойынша жұмысты аяқтап, өтемақы төлеу бойынша өтінімдерді қабылдап жатыр. Осылайша коронавирустан келген өлімге қатысты 182 өтінім түсті. Кәсіби міндетін орындау уақытында коронавирустан көз жұмған 182 медицина қызметкерінің отбасына 10 млн теңге көлемінде әлеуметтік өтемақы тағайындалды. Осылайша Мемлекет басшысының тергеп-тексерусіз қайтыс болғандардың отбасына өтемақы төлеу туралы тапсырмасы орындалды», - дейді Алексей Цой.

Министр сонымен қатар кәсіби міндетін атқару кезінде коронавирус жұқтырып, жазылып шыққан 6 341 медицина қызметкеріне өтемақы берілгенін мәлім етті.

«Осынау құрғақ көрінетін сандардың артында пандемия кезінде батырлық танытқан мыңдаған медицина қызметкерінің ерлігі жатыр. Қайтыс болған әріптестерімізді қайғыра еске ала отырып, олардың отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамыз», - деді ол.

Мемлекет басшысының мемлекеттік комиссия отырысында берген тапсырмасына сәйкес, осы жылдың наурыз айынан бері медициналық қызметкерлерге ынталандыратын төлемдер жүргізілуде. Бүгінге дейін медицина қызметкерлеріне 7,7 млрд теңгенің төлемі жүргізілген. Президент 1 қыркүйекте халыққа Жолдауында ынталандыратын үстемақы беруді 2020 жылдың соңына дейін жалғастыруды тапсырған еді. Осы мақсатта бюджеттен 137 млрд теңге бөлінген.

«Халық үшін диагностикалық қызметтердің қолжетімді болуы үшін пандемия уақытында облыс әкімдіктері отандық өндірістен шыққан цифрлық рентген аппараттарын сатып алып жатыр. Осы аппараттың алғашқы 24-і 20 қазанға дейін Қостанай, Ақмола, Түркістан облыстарына жеткізіледі. Қалған өңірлердің бәріне аппарат 30 қазанға дейін жеткізіледі», - деді министр.

Оның айтуынша, медициналық қызметті жақсартудың тағы бір талабы – алыстағы елді мекендер үшін көліктік медицинаны дамыту. «Бүгінгі күні көшпелі медицина кешендерінің 28 данасы әзірленді. Оның бір бөлігі Қостанай қаласына жеткізілді. Қалған кешендер аймақтарға таратылады. Келісімшартқа сәйкес олар елді мекендерге 20 қазанда жеткізіледі», - деп түйіндеді Алексей Цой


Соңғы жаңалықтар