Антибиотиктерді орынсыз пайдалану оған төзімділіктің дамуына ықпал етеді - дәрігер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясы басқа елдерде болсын, біздің елімізде болсын қайта тарап жатыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек жағдай мәз емес. Осыған байланысты медицина магистры, жоғары санаттағы дәрігер клиникалық фармаколог, Астана медициналық университетінің оқытушысы Айнұр Ихамбаева халықты эпидемиялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.

Коронавирустан сақтану жолдары қандай?

Қол гигиенасын қатаң сақтау, атап айтқанда қолды сабынмен жиі-жиі жуу, антисептикті пайдалану, әсіресе жөтелгеннен сон, түшкіргеннен соң, көздеріңізді, мұрынды, бетті ұстамау керек. Көпшілік жерде болсаңыздар міндетті түрде маска-бетперде тағу абзал. Егер науқас адамдармен қатынасқан болсаңыздар, науқас адаммен араласуға тура келіп тұрса, барлық гигиеналық талаптарды қатаң сақтану керек.

Коронавирусқа байланысты айта кететін жайт, бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша қол-алысу, құшақтасып, беттен сүю деген сияқты нәрселерге қазир, эпидемияны ескере отырып, тыйым жасаған дұрыс, сөйлесу қажет болса 1-1,5 метр ара-қашықтық сақтап, дүкенге барғанда мүмкіндігінше қағаз ақша емес, карта пайдаланған дұрыс. Барлық осындай ұсақ шаралардың өзі аурудың таралуын төмендетуге үлкен септігін тигізеді.

Тағы бір айта кететін жайт, пандемия жағдайын ескере отырып, той, тағы да басқа жиын отырыстарды тоқтату керек. Қазір көпшілік адамдарды жинап, салт- дәстүрлерімізді дәріптейтін кез емес, себебі жиынның арасында коронавирус жұқтырған бір адамның өзі қаншама адамға қауіп-душар тудырады. Одан бөлек, дұрыс тамақтану, мүмкіндігінше табиғи өнімдерді тағамға пайдаланған абзал. Жаттығу жасап, кешкі 10-11 кезінде жатып, таңертең ерте тұрып, жылы киініп, таза ауа жұтып, әркім өзінің шамасына қарай жаттығулар жасаса иммунды жүйенің өз қызметін дұрыс атқаруға септігін тигізеді. Бұл кеңестер тек коронавирус емес, басқа да аурулардың алдын алуға ықпал етеді. Егер дене қызуыңыз көтеріліп, жөтел пайда болса ешқайда шығуға болмайды, дәрігер шақыртып, жағдайыңызды бақылаңыз, өзіңізді жайсыз сезінгеннен бастап күнделік жүргізген дұрыс, немесе бақылау қағазы, күнделікке күнделікті температура, қан қысымы, пульсоксиметр болса қанның оттегімен қаныққандық дәрежесін, басқа да белгілердің қарқындылыгын тіркеп отыру қажет. Дәрігерлер қауымы атынан халықты гигиена, эпидемиологиялық талаптарды сақтауда улкен жауапкершілікке шақырғым келеді.

Жедел респираторлық инфекция мен коронавирустың айырмашылығы бар ма?

Жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) - жоғарғы тыныс алу жолдарының қабынуымен және қызбамен, тұмаумен, түшкірумен, жөтелмен, тамақтың ауыруымен байқалатын тыныс алу жолдарының шектелген инфекциясы. Жедел респираторлық инфекцияны тудыратын вирустардың 300-ден астам түрі бар (тұмау вирусы, риновирус, коронавирус, респираторлық-синцитиалды вирус, аденовирус).

Атап айтсақ, коронавирустың өзінің жануарлармен адамдарда ауру тудыратын 39 жуық түрі бар. Соның 7-еуі адамдарда ауру тудырады, казіргі жүріп жатқан коронавирус соның бір түрі. Коронавирустың таралу жолы басқа да респираторлық вирустар сияқты, ауа-тамшы жолмен науқас адам түшкіргенде, сіңбіргенде, жөтелгенде және жай тыныс алуынан кейін ауаға түскен бөлшектермен дем алу жолымен таралады. Вирус, науқас адам қолымен ұстаған заттар арқылы, мысалы, ыдыс, есік тұтқасы, телефон, жеке гигиена заттары арқылы жұғуы мүмкін. Бұл таралу жолына қатысты, яғни басқа да респираторлық инфекциялар сияқты ауа-тамшы жолмен таралады. Ағымына келетін болсақ, басқа да жоғары тыныс алу жолдарының вирустық инфекцияларында түшкіру, мұрыннан су ағу, әлсіздік, жөтелу, тамақта жұтынғанда ауырсыну белгілер болатын болса, аталған коронавирустық инфекцияның клиникалық белгілері, ағымы әр түрлі. Мысалы, кей адамдарда тіпті ешқандай белгі болмайды, адамда вирустың бар екендігі тек ПТР анализ тапсырғанда ғана белгілі болып жатады. Кейбір адамдарда жеңіл түрде иіс-дәм сезу жойылып, жеңіл субфебрилитет, яғни температураның 37-37,5-37,8 аралығында болады. Ол адамдар іш өтіп, амбулаторлық-емхана жағдайында симптоматикалық ем қабылдаса жеткілікті. Мысалы температураны төмендететін, ауырсынуды басатын, тәулігіне 2 л шамасында сұйықтықты ішіп, бөлме ауасын жиі тазалау, дұрыс тамақтанып, ұйқы режимін сақтау жеткілікті болып, 5-10 күн аралығында жағдайлары жақсарып, жазылып кетіп жатады. Ең бастысы ауруды таратпас үшін адам өз ауруын асқындырмау және басқа адамдарға қауіп төндірмеу үшін оқшаулануы керек.

Егер науқастың жағдайы 5-7 күнде керісінше жақсармай, температурасы тұрақталмай қөтеріліп, жөтелі өршіп, не болмаса жалпы жағдайы нашарлап, әлсіздік, ентігу өршіп, кеуде тұсы ауырса, жедел түрде дәрігер шақыртып, аурудың ауырлық дәрежесін анықтатып, емхана не болмаса аурухана жағдайында ем қабылдау қажет. Өздігінен емделуге жол бермеу қажет, орта дәрежелі және ауыр науқастар кәсіби емді талап етеді. Тіпті жеңіл түрінің өзінде дәрігердің кеңестерін қатаң сақтап, өз бетімен антибиотиктерді қабылдау, түрлі ерітінділерді көк тамырға енгізу адам өміріне өте қауіпті!!!

Емдеудің дәлелденбеген және қауіпті әдістердің бірі - антибиотиктерді қолдану. Антибиотиктер бактериялық инфекцияларды емдеу үшін ғана тиімді. Респираторлық аурулардың басым көпшілігін вирустар тудырады, антибиотиктерді қолдану аурудың ұзақтығын қысқартпайды және емдемейді. Антибиотик тек науқаста бактериалды инфекция клиникалық/лабораторлық жолмен анықталған жағдайда ғана тағайындалады. Сонымен қатар, антибиотиктерді орынсыз пайдалану антибиотиктерге төзімділіктің дамуына әкеледі. Сәбилер мен балаларда антибиотиктерді қолдану жиі аллергиялық реакциялардың дамуына септігін тигізеді. Булы және аэрозольдық ингаляциялар қолдану, нәрестелерге мұрын тамшыларын пайдалану дұрыс емес, себебі рандомизацияланған зерттеулерде әсері дәлелденбеген, сондай-ақ булы ингаляцияларды күйік қаупіне байланысты қолдануға болмайды.

Антибиотикке төзімділік деген не?

Бұл антибиотиктерді орынсыз қолданғаннан, жиі қабылдағаннан туындайтын, кейін антибиотикті қабылдау қажет болған жағдайда оның тиімділігінің жоғалуы. Орынсыз қолданылған антибиотик бактерияларда тұрақтылықты дамытып, бүгінгі таңда қолданыста жүрген антибиотиктерді тиімсіз етеді. Қазіргі уақытта антибиотикке тұрақтылықтың салдарынан, европалық деректерге сүйенсек, жылына 700 мың адам қайтыс болады екен.

Сарапшылардың пікірінше, егер антибиотиктерді қолдану жағдайы өзгермесе, 2050 жылға қарай антибиотикке тұрақтылық жыл сайын 10 миллион адамның өліміне алып келеді және қатерлі ісік ауруынан болатын өлім санынан асып түседі деп болжанып отыр. Яғни, антибиотиктерді оңды-солды, дәрігердің нұсқауынсыз қабылдау болашақта емге көнбейтін бактериалды инфекциялардың таралуына себеп болады! Тұрғындарға айтатын басты кеңес - вирустық инфекцияларда, қандай вирус болмасын, антибиотик пайдаланбаңыздар. Антибиотикті тек бактериалды инфекция анықталған жағдайда, дәрігердің нұсқауымен қабылдау қажет! Егер антибиотик қабылдау қажет болса, емді толық аяқтаңыз, 3-4 күні жағдайым жақсарды деп, емді тоқтату, ауруыңызға себеп болған бактериялар толық жойылмай, олар керісінше түрленіп, төзімділік қасиетке ие болуына ықпал жасайсыз. Емдеу курсын толық аяқтасаңыз, сіз барлық бактерияларды өлтіру ықтималдығын арттырып, антибиотикке төзімділіктің даму қаупін төмендетесіз. Антибиотикке төзімді бактериялардың пайда болып, таралуына барлығымыз жауаптымыз!

Қосарланған аурулары бар науқастарға коронавирус қаншалықты қауіпті?

Медициналық деректерге сүйенетін болсақ созылмалы жүрек-қантамыр аурулары, қант диабеті, басқа да қосарланған диагноздары бар адамдарда СOVID-19 ауыр түрде өтеді деген деректер әрине бар. Бірақ үрейленбеу керек. Үрейлену, жағдайды ушықтырмаса, көмектеспейді, сондықтан да барлық сақтық шараларын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыру әлдеқайда маңыздырақ.

Компьютерлік томография туралы халыққа не білу керек?

Дүрбелеңге салынып алдын алу мақсатында компьютерлік томография өтудің қажеті жоқ, неге, біріншіден КТ – бұл скринингтік әдіс емес!!! Оны өту үшін арнайы көрсеткіштер болуы қажет. Мысалы пневмонияға күдіктің болуы: температура 38 градус, қалтырау, жөтеліп қақырық тастау, ентігу, кеуде тұсының ауырсынуы, қан түкіру, терінің көгеруі деген сияқты симптомдар болғанда ғана жасалады. КТ түсу/түспеу керектігін дәрігер шешеді. Қанша жерден тиімді әдіс болғанымен, оның да жағымсыз әсері бар, одан бөлінетін мөлшерден тыс иондаушы сәуле қан жасушаларына кері әсерін тигізеді. Әрбір жағдайда адам ойлануы керек, әрбір диагностикалық не болмаса ем шарасының пайдасы мен қаупі таразыға салынуы керек, сол үшін дәрігердің кеңесін алу қажет.

Біздің елімізде емдеу хаттамасы неге өзгеріске ұшырай береді?

Коронавирус туралы 2019 жылдың желтоқсан айынан, алғаш ақпарат пайда болғаннан бастап, уақыт өте пандемиялқ сипат алған соң Қазақстанда да шектеу шаралары енгізіліп, бұл сұрақты еліміздің дәрігер мамандары, ғалымдар ізденіс жұмыстарын жүргізе бастады. 2020 жылдың ақпан айынан бастап осы вирусты бастан кешкен әр ел, әр мемлекет қалай емдеп жатыр, осы уақытқа дейін вирусты анықтау, алдын алу, емі бойынша қандай тәжірибе жинақталды, соның барлығы сараланып, таразыға салынып, дәлелденген ақпараттар сұрыпталды. Коронавирусты диагностикалау және емдеу хаттамасы жасалып, бүгінгі таңда жаңа ақпарат шықса хаттама жаңартылып, осындай үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әлі де коронавирусты емдеу, алдын алу бойынша жаңа ақпарат шығып, жаңа тәжірибе жинақталып жатса, хаттамаға енгізілуі мүмкін, ол қатып қалған құжат емес. Бұл хаттама, құжат COVID-19 инфекциясы бойынша амбулаторлық және аурухана деңгейінде диагностика, алдын алу, емдеу, реабилитациялық шараларды қамтиды және әрбір дәрігерге қажетті ұстанатын құрал болып табылады. Бұл аурудың себебі – вирус. Бүгінгі таңда, өкінішке қарай вирусты жоятын арнайы вирусқа қарсы препараттардың тиімділігі дәлелденбеген. Сондықтан да ем вирус туындатқан салдарды емдеуге бағытталған, оны патогенетикалық және симптоматикалық ем дейді. Бұл ем түрлері клиникалық белгілердің сипатына, аурудың ауырлық дәрежесіне және асқынуларға байланысты. Аурудың патогенезінде шамадан тыс иммундық жауап пен тамырлардың қабырғасында тромбтың түзілуімен жүретін қабыну үрдісі болғандықтан, емі қанды сұйылтып және ауыр жағдайда гормоналды препараттарды қолдануды талап еткендіктен, ем шараларын тек дәрігердің бақылауымен жүргізу қажет. Өздігінен емделуге жол бермеу қажет! Бүгінгі таңда статистика мәліметтеріне жүгінсек, жағдай мәз емес, сондықтан да тұрғындарымызды гигиена, эпидемиологиялық талаптарды сақтауда жауапкершілікке шақырғым келеді.


Соңғы жаңалықтар