Аңшылар ағылатын Сауыртау - фоторепортаж

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Аспанмен астасқан Алтай таулары, айдынды Алакөлі, ел аузында «екінші Швейцария» атанып кеткен Катонқарағайы бар Шығыс Қазақстан – шырайлы мекен. Емге – шипа, жанға – сая тұмса табиғат аясында тынығып, көңіл сергітіп қайтқанға не жетсін, шіркін! Жуықта ҚазАқпарат тілшісі аңшылар атбасын жиі бұратын Зайсандағы Сауыртауға табан тіреді.

Қарағанда көз құмары қанатын көрікті жерлерді тамашалап, марал мен арқар мекендейтін Мұзтаудың етегіне барып қайтты. Назарларыңызға сол сапардың жарқын сәттерін ұсынуды жөн көрдік.

Дулығалы батыры, дуалы ауыз биі бар қазақ халқы аңшылыққа көнеден құмар. Бұрынғы аңшының қолында садақ пен жебе болса, қазіргінің серігі – қорғасын құсатын мылтық. Осындай қаруын асынып, Шығыс Қазақстанның оңтүстік-шығысында орын тепкен Зайсан ауданына келетіндер көп. Онда Сауыр мен Сайқан таулары менмұндалап тұр.

Сауыртау – аңшылыққа таптырмас жер. Мұнда тек облыстан ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер жетіп артылады. Біз де бұл жолы бірінші рет барып көрдік. Жер мен аспан арасы жайнап тұр. Сөзбұйдаға салып қайтеміз. Суреттер сөйлесін:

Сауыр-Сайқанды аралатып, гидтің міндетін атқарып жүрген – Рауан Ерболатұлы. Оның айтуынша, мұнда келетін туристер саны жыл сайын артуда. Бірақ аң ату үшін міндетті түрде рұқсат қағазы болуы шарт.

Майшап деп аталатын жерге келдік. Қаланың көк түтінінен кейін саф ананы жұтып көз ашылып, көңіл сергіп қалғандай. Бұл жерде марал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар бар екен.

Шаруасын дөңгелетіп отырғандардың бірін әңгімеге тартып көрдік. Аэлита есімді кәсіпкердің өз ісін бастағанына 5 жылдай уақыт болыпты. Қазір 150-ге жуық марал ұстап отыр.

Содан соң Мұзтауға қарай бет түзедік. Бұл – ақбас шыңды Алтайдың ең биік нүктесі. Мұзтаудың шыңына шықпасақ та етегіне табан тіредік. Ақтай, Боқан сайларын араладық. Арқар, марал, бұғы мен қабанды көрдік. Жыртқыш аңдардан қасқырды кездестіруге болады.

«Негізінен бұл жерде аю да жүреді. Қазір қыс мезгілі ғой. Маймақтар шырт ұйқыда жатыр», - дейді Рауан.

Кішіжеменей тауының көркіне де көз тоймайды. Жалпы тау деген табиғаттың тамашасы ғой. «Мен – таулықпын, таудан мен жаратылғам. Тау деген ана туған, дара тұлғам» депті Мұқағали. Биік шыңдарға, құла жоталарға қарап түпсіз терең ойдың жетегінде кетесің. Санаңдағы сан түрлі қиялға ерік бересің... Бұл да таудың бір қасиеті шығар.

Сөйтіп жүріп «Сауыртау» демалыс базасына келіп қалыппыз. Осында дертіне дауа іздегендер көп келеді. Туристерге жайлы жағдай жасалған. Қонақ үй де жұмыс істеп тұр. Қандай ем-дом қабылдайтыныңды өзің таңдайсың.

Жұрттың дені пантамен емделеді. Ол ерте қартаюдың алдын алып, иммундық жүйені нығайтады. Маралдың қанынан толтырылған ваннаға жатсаң күйзелістен де арылады екенсің. Қазіргі коронавирус пандемиясы кезінде таптырмас дүние.

*

Сауыртауға жасаған сапарымыз да аяқталды. Уақыттың қалай сырғып өткенін байқамай да қалыппыз. Тылсым да таңғажайып табиғаттың құшағынан кеткіміз келмей тұр...



Соңғы жаңалықтар