Әншінің журналистік жұмысты атқарғанын қаламаймын - Роза Рымбаева

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Gakku TV жаңа телеарнасының іске қосылуына және 13 қыркүйекте Алматы қаласындағы «Астана» алаңында тұңғыш рет өткізілетін «Gakku дауысы» жаңа музыкалық фестиваліне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Тұңғыш кәсіби музыкалық телеарнаның жұмысы мен бағдарламалық форматы жөнінде телеарна продюссерлері айтып берді.

Олардың айтуынша, жаңа арна тек отандық музыканы, отандық орындаушылар мен сазгерлердің жұмысын насихаттайтын болады.

«Арнада тек шоу-бизнес емес, еліміздің мәдени өмірінде қандай жаңалықтар болып жатқанын, Қазақстандағы өнердің қалай дамып жатқанын көрсетеміз. Ертең жаңалықтар эфирге шығады. Әзірге жүргізушілерсіз кадр сыртындағы мәтінмен шығады. Бұл тыңдармандарымыздың 50 пайызын жоғалтпайық деген пікірден шықты. Жүргізушілер біреуге ұнаса, біреуге ұнамайды», - деді арнаның бас продюссері Тимур Балымбетов.

Қазақстан әншілерінің бүгінде әмбебап маманға айналғаны аян. Қазір екі әншінің бірі тележүргізуші, шоумен. Телевизияда белең алған осы құбылыс туралы сөз арасында халық әртісі Роза Рымбаевамен тілдесудің реті келді.

- Роза Қуанышқызы, қазіргі таңда әншілердің әншілікті қойып, журналистикаға бет бұрғанына қалай қарайсыз?

- Әншілер тек концерттерде жүргізуші болып жұмыс жасай алады. Өйткені, өзінің мамандығына қатысы бар. Ал, жалпы журналистік жұмысты әншілердің атқарғанына дұрыс қарамаймын. Мүмкін бұл проблема дұрыс журналистердің жоқтығынан болар. Мен әлі күнге музыкалық тақырыпты кәсіби тұрғыда талқылай алатын журналистерді кездестірген жоқпын. Олардың көбінің қоятын сұрақтары тұрмыстық деңгейде. Оларды менің қандай киім киіп, қандай тамақ ішетінім, қандай көлік мінетінім ғана алаңдатады. Нағыз музыка тілінде сөйлесетін журналист жоқ.

- БАҚ беттерінде «жұлдыздардың» жеке өмірі ең оқылымды тақырыпқа айналды. Әншілер идолға айналып барады. Қай арнаны қоссаңыз да, шоу-бизнес өкілдері. Себебі неде деп ойлайсыз?

- Дұрыс айтасыз, ондай жеңіл насихат көп. Қазір бәрінің сұрақтарының бәрі сол болып жатыр. Қазақстанда эстрада жұлдыздарының өмірінен басқа жазатын тақырып құрып қап па деген ойда қаласың. Былайша айтқанда, елімізде халықты алаңдататын басқа проблема жоқ сияқты. Маған бұл жағдай халықты үнемі кәмпит, торт беріп алдау сияқты көрінеді. Мен мұндай тақырыпта сұрақ қоятын журналистерден қашамын. Олармен сөйлескім келмейді. Бір жағынан ол телеарналардың басшыларына, ұстанған саясатына байланысты. Бәрін жасайтын сол БАҚ өкілдері. Халыққа жеткізетін де солар.

- Енді олар да аудиторияның сұранысына қарай жұмыс жасайды ғой. Gakku TV да сол арналардың біріне арналмай ма?

- Жоқ. Біз аудиторияның сұранысына жұмыс істемеуіміз керек. Керісінше, халықтың мәдени деңгейін, мәдени сауатын көтеру үшін жұмыс жасауымыз керек. Жаңа ашылып жатқан канал тек қана музыкалық саланы насихаттайды. Отандық орындаушылар, сазгерлер, ұлттық музыка тарихы туралы ақпарат беріледі. Бұрын қазақ орындаушыларын түн ортасында ғана тыңдауға болатын. Енді осы арна арқылы тіпті шалғайда жатқан көрермендер бүкіл Қазақстан эстрадасының талантын тамашалап, тыңдайтын болады. Арнаны ашудағы басты мақсат - қазақ көрерменінің музыкалық деңгейін көтеру.

- Өзіңіз осындай жеңіл-желпі шоуларға барудан бас тартасыз ба?

- Өте сирек барамын. Өтірік, жеңіл-желпі жарнаманы жек көремін. Қыркүйектің 16-нда «Айтуға оңай» бағдарламасына барамын. Өйткені, бағдарлама дүниеден ерте озған белгілі сазгер Талғат Сарыбаевтың шығармашылығына арналмақ. Ал мен оның жалғыз орындаушысымын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар