Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Әншілік өнерді қатар алып жүрген полицей

2022 жылғы 23 маусым 14:42

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жеткен жетістікке тоқмейілсімей, тек қана алға ұмтылу керек. Бұл Ақмола облыстық Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының инспекторы Қарлығаш Тәшімованың өмірлік ұстанымы. Бүгінгі таңда ол Полиция қатарындағы қызметімен бірге, әншілік өнерді қатар алып келеді.

- Қарлығаш, Сіз полиция қызметіне қалай келдіңіз? Әңгіменің әлқиссасын осындан бастасақ.

- Негізі полиция қатарындағы қызметімді 2005 жылы Б.Момышұлы атындағы ІІМ Шымкент заң колледжінен бастадым. Ол кезде талабым таудай, арманым асқақ еді. Кейін сол жастық жігермен Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясында білім алдым. Сөйтіп, Павлодар облысындағы Баянауыл ауданына жұмысқа орналастым.

- Сізді құқық қорғау органдарындағы қызметіңізден бөлек, сахына төрінен де жиі көріп жүрміз. Тіпті, халықаралық байқауларға да қатысып, биік белестерді бағындырып жүрсіз. Осы жайыңда айтып өтсеңіз.

- Иә, рас айтасыз. Мен жастайымнан әнге әуес болып өстім. Бойымдағы әншілік қабілет нағашыларынан дарыған. Алғашқы рет мектеп сахнасында ән айтым. Кейін өсе келе әнді кәсіби деңгейде орындай бастадым. Алайда мектепті бітіргеннен кейін өнер саласына кетпей, полицей жолын тандадым. Бұл ата-анама және туысқандарым үшін күтпеген таңдау болды. Қазіргі кезде бұл таңдауыма еш өкінбеймін. Жеткен жетістікке тоқмейілсімей, тек қана алға ұмтылу керек. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Осы арқылы негізгі қызметіммен бірге, әншілік өнерді де қатар алып келемін. Мәселен, 2008 жылы ҚР ІІМ қызметкерлері арасында өткен байқауға қатысып, жүлделі үшінші орыннан көріндім. Бұл мені қанаттандыра түсті. Кейін 2011 жылы ҚР ІІМ көркемөнерпаздарының республикалық «Жан жүрегім - Қазақстан» атты патриоттық әндер байқауына 2-ші орын алды. Сондай-ақ 2014 жылы Мәскеу қаласында өткен «Еуразия телеарнасының «Лучший город KZ» 1-маусымына қатыстым. Қазіргі кезде полиция бөліністерінің вокалдық топтарына мүшемін. ІІМ «Парасатты полицей» республикалық байқауының қатысып, ҚР ІІМ және Ақмола облыстық ПД басшылығының марапаттарына ие болдым.

- Отбасыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз.

- Мен бүгінгі барлық жетістіктеріме, жұбайымның қолдауымен ғана қол жеткізіп отырмын (күледі). Жұбайым Азаматпен Екібастұз қалалық полиция басқармасында таныстым. Кейін дәм-тұзымыз жарасып, отбасын құрып, шаңырақ көтердік. Азаматта өзім сияқты полиция қызметкері. Қазір отбасымызда ұл мен қыз тәрбиелеп отырмыз. Болашақта балаларымыз қандай мамандықты таңдаса да, біз қолдау білдереміз. Адам баласы сүйікті ісімен айналысатын болса, сонда ғана ол бақытты екендігін сезінеді.

- Әңгімеңізге рахмет!


Автор:

Аслан Оспанов

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар