Әнші, фортепиано және контрабас: Астана Операдағы тамыз кештері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тамыз айында «Астана Опера» театрында вокалдық әрі аспаптық музыканың қызықты да тартымды концерттер өтеді. Белгілі әртістер Камералық зал сахнасында қазақстандық және шетелдік классиктердің, сонымен қатар заманауи композиторлардың танымал әрі сирек орындалатын туындыларымен өнер көрсетпек. Бұл жөнінде театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

21 тамыз күні сағат 19.00-де пианист Әсел Әбілсейітованың орындауындағы «Үн қатқан бейнелер» атты фортепианоға арналған музыка кеші өтеді. Әртіс – Лондондағы Корольдік Музыка академиясы мен Швейцарияның Базель қаласындағы Жоғарғы музыка мектебі магистратурасының түлегі. Бүгінгі таңда ол Қазақстан мен Еуропа сахналарында солист ретінде әрі камералық ансабль құрамында белсенді концерттік қызметін жүргізіп келе жатыр. Осы кеште Әсел Әбілсейітова Т.Қажығалиев, К.Дебюсси, И.Альбенис, А.Хинастера сынды музыкалық классиктер мен халықаралық танымалдылыққа ие болған жас қазақстандық сазгерлер А.Сейілова, А.Нұркенованың шығармалары енген мазмұнды бағдарламаны ұсынады.


25 тамызда сағат 18.00-де «Әйел – ән әлемі» концерті өтеді. Елордалық көрерменге қазақ әйелінің санқырлы келбетін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, сопрано Ғалия Байғазинова ұсынады. Сондай-ақ музыкалық кешке халықаралық байқаулардың лауреаттары Алмат Ізбамбетов (тенор), Әсем Қиықпаева, Назым Нұрғазиева (сопрано), Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының «Сарыарқа» халық музыка ансамблі (көркемдік жетекшісі – Тоғжан Жахин) мен құрамына Алмагүл Байғазинова (фортепиано), Томирис Байғазинова (альт), Салтанат Байғазинова (флейта) енген аспаптық трио қатысады. Фортепиано партиясында – Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Гүлзада Құсайынова.

Әйел бейнесі өнерде барлық уақытта да кеңінен дәріптелген. Нәзік жанды сұлуларға ұлы суретшілер, ақындар мен сазгерлер өз шығармаларын талай арнаған еді. Әнші концертте фортепиано мен фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен танымал қазақ халық әндерін, сондай-ақ Ш.Қалдаяқов, М.Маңғытаев, І.Жақанов, Н.Тілендиев, Е.Рахмадиев, Е.Хасанғалиев, Т.Мұхамеджанов сияқты қазақстандық композиторлардың вокалдық жауһарларын шырқайды.


28 тамыз күні сағат 19.00-де «Астана Опера» театрының оркестр әртістері мен концерт қонағы – халықаралық байқаулардың лауреаты Алмас Байғожин (контрабас, Түркия) тыңдармандарға «Әуенімен тербеген контрабас…» атты қызықты бағдарлама ұсынбақ. Камералық зал сахнасында халықаралық байқаулардың лауреаттары Назым Сағынтай (сопрано), Балнұр Құдайберген (скрипка), Ася Нұржігітова (скрипка), Алтынай Балтатегі (альт), Гүлдана Төлепберген (фортепиано) өнер көрсетеді.

Ішекті аспаптар тобындағы ең төмен дауысты аспап жеке-дара шығарма орындайды – бұл сирек кездесетін жайт. Атап айтқанда, контрабас – айрықша тембрге ие, ал оның техникалық мүмкіндіктері біз білетін ерекшеліктерінен де көп. Дарынды контрабас орындаушылары XVIII ғасырдың ортасынан, яғни осы аспаптың заманауи үлгіде пайда болуы кезеңінен белгілі. Бұл кеште өнерсүйер қауымға қазақ музыкасының классигі Ғ.Жұбанованың Ішекті аспаптар квартеті, ре минор ұсынылады. Бұдан бөлек, Ф.Прото, Дж.Боттезинидің шығармалары шырқалмақ, бұл жерде музыкант тыңдармандарға контрабастың шебер техникалық әрі көркемдік мүмкіндіктерін паш етеді, сондай-ақ Р.Леонкавалло, М.Понсенің туындылары орындалады.

Соңғы жаңалықтар