Аңсаған сәби: Тағы 3 мыңға жуық әйел ана атанғалы отыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде жүкті әйелдер арасында өлім-жітім азайды. Сонымен қатар «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында барысында 6 мыңнан астам әйел жүкті болып, 3 200 сәби дүние есігін ашты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам әйел босанады. Жүкті әйелдердің 99%-ы медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында. Туа біткен кемшіліктерді анықтау үшін жүкті әйелдерді скринингпен қамту 10%-ға артты. Өткен жылы клиникалық хаттамаларды жетілдіру, жүкті әйелдерді емдеуге жатқызуды нақты бағыттау, дер кезінде телемедициналық консультациялар және санавиациялық ұшуларды ұйымдастырудың нәтижесінде ауыр жағдайдағы 1 мыңнан астам әйелдің өмірі сақтап қалынды», - деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында.

Министрдің мәлімдеуінше, медициналық көмекті ұйымдастыруды жақсарту нәтижесінде жүкті әйелдердің өлімі 100 мың тірі туылған сәбиге шаққанда 2,6 есеге төмендеді.

Одан әрі Ажар Ғиният бедеулік мәселесін көтерді. Айтуынша, бедеулік отандық денсаулық сақтау саласындағы айтулы проблемалардың бірі. Оны шешу елдегі демографиялық жағдайды арттырып, әртүрлі себептерге байланысты сәби сүю мүмкіндігінен айрылған әйелдерге мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің министрлік «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда. Осы күнге дейін 14 000 әйелге экстракорпоралдық ұрықтандыру қызметі ұсынылды. Бағдарламаны іске асыру барысында 6 мыңнан астам әйел жүкті болып, 2 800 отбасында көптен күткен 3 200 нәресте дүниеге келді. Қазір 3 мыңға жуық жүкті әйел сәбилі болғалы отыр. Аталған бағдарламаға «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде жыл сайын 7 мың квота бөлу көзделген», - А. Ғиният.


Соңғы жаңалықтар