«Аңсаған сәби»: ЭКҰ арқылы бала сүйген ананың әңгімесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ана мен бала денсаулығы мәселесін көтерді. Оның сөзінше, Қазақстандағы әрбір алтыншы отбасы балалы бола алмайды. Ал әлеуметтік сауалнамаға сүйенсек, қазақстандықтардың 20%-ға жуығы мұны ажырасудың басты себебі ретінде көрсеткен. Осыған байланысты ел Президенті үкіметке «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске қосып, квота санын 7 мыңға, яғни 7 есеге арттыруды тапсырған болатын. Бүгінде бағдарлама қалай жүзеге асып жатыр, оған жүгінетін ата-ана нені білуі керек, қандай мәселеге басты назар аударуы тиіс, сонымен қоса дәрігерді қалай таңдау керек, репродуктивті орталықтардың мүмкіндіктері жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

«Қасым, Жомарт, Кемел»

Маусым айының басында отандық БАҚ Ақтөбеде үшем дүниеге келгенін жарыса жазған еді. Сәбилер «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында дүние есігін ашып отыр. Анасы 35 жаста. Үшем 27 мамыр күні өмірге келді. Үш ұлдың ата-анасы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде квотаны көбейту туралы бастама көтерген Мемлекет басшысының құрметіне сәбилердің атын Қасым, Жомарт, Кемел деп қойған еді.

Үшемді өмірге әкелген ана 13 жыл бойы тағы да балалы болуды армандаған. Отбасының тұңғышы 13 жаста. Содан бері балалы бола алмаған соң квотаға өтініш берген екен. Үшемге жүкті болған кезде репродуктолог дәрігерлер үнемі бақылап отырған. Анасы баланы айы-күні жеткенде кесір тілігі арқылы өмірге әкелді. Қазір үш сәби де анасының жанында.

Балалардың салмағы - 2620, 1925 және 2270 грамм. Бұл - үшемдер үшін қалыпты салмақ.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы егіз ұлды болдық»

Биылғы сәуірдегі ақпаратқа сәйкес, екі жыл ішінде 1 560 бала дүниеге келген. Осылайша, бүгінде 1 307 отбасы аталған бағдарламаның игілігін көріп отыр. Соның бірі – бағдарлама аясында егіз ұлдың анасы атанған Алматы тұрғыны, журналист Жайна Абылғазова. Ол әңгімесін жолдасы екеуі бес жыл бойына бала сүйе алмай, кейін репродуктивті орталықтардың қызметіне жүгінгенінен бастады. Оның айтуынша, алғашында барлық процедура ақылы түрде болған, кейін «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында квота көбеюіне байланысты тегін ЭКҰ жасатуға мүмкіндік алған.

«Біз бес жыл бойы сәби сүйе алмай жүрдік. Кейін Алматы қаласындағы репродуктивті медицина институтына қаралып, емделуді қолға алдық. Бастапқыда барлық ем-шара ақылы түрде болды. Осыдан екі-үш жыл бұрын мемлекеттен квота алу үшін кезегіңді ұзақ уақыт күту керек еді. Пандемия кезінде қалаға емханаға барудың өзі біраз қиындық туғызатын. Өзіміз осының ортасында жүргендіктен, «Аңсаған сәби» бағдарламасы туралы бірінші болып естідік. Жолдаудан соң, БАҚ-тың бәрі жаза бастады. Кейіннен емдеуші дәрігеріміз де құжаттарды квотаға тапсыруды ұсынды. Осылайша, тез арада ЭКҰ бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алдық»,-деді Жайна.

Дегенмен, ол алғашқыда ештеңе оңай көрінбеуі мүмкін екенін, алайда анализдерді тапсырып, дәрігердің ақыл-кеңесін тыңдап, уақытылы дәрі-дәрмекті қабылдасаңыз, балалы болуға толықтай мүмкіндік бар екенін тілге тиек етті.

«Жалпы бағдарлама іске қосылған тұста қатысқандықтан, бағымызға орай, айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Бәрі тез болды. Сондықтан осы бағдарлама қаншама отбасына қуаныш сыйлап, үйлеріне шаттық әкелгені сөзсіз деп ойлаймын. Бастысы – өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізге сенім артып, соның айтқан нұсқаулықтарын орындап, берген емін дұрыс, уақытылы қабылдау керек»,-деп кеңес берді.

«Ерлі-зайыптылардың екеуі де медициналық тексерістен өтуі керек»

Кез келген бағдарламаға қатысу кезінде оның белгілі бір талаптары болады. «Аңсаған сәби» бағдарламасының басты талабы – қойылған диагноз Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен аурулар тізімінде болуы тиіс. Сондықтан Жайнаның айтуынша, алдымен ЭКҰ жасайтын репродуктивті орталықтарға барып, дәрігерге көрініп, бедеуліктің себебін анықтау керек. «Егер Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен себептер бойынша бала көтере алмай жүрсеңіз, сізге дәрігер хаттама береді. Ол құжатты өзіңіз тұратын мекенжайдағы емханаға тапсырып, керекті құжаттарды жинап, анализдерді тапсырасыз. Сөйтіп кезек күту керек болады. Ауызбен айтқанда барлығы тез арада шешіле қоятындай көрінеді. Алайда қанша уақыт керегі, қандай құжаттар тапсыру қажеттігі бойынша нақты ақпаратты емдеуші репродуктолог дәрігер мен тіркелген емханадағы гинеколог мамандар айта алады. Бірақ жолдама алу үшін бірінші репродуктивті орталық дәрігерлерінің қойған диагнозы мен хаттамасы болуы тиіс»,-деді ол.

Сондай-ақ ол балалы бола алмай жүрген ерлі-зайыптының екеуі де міндетті түрде барлық медициналық тексерістен өтуі керегін баса айтып өтті. «Тіпті біреуінің денсаулығында ешқандай кінәрат болмаса да тексерістен өтіп, қойылатын диагнозды нақтылау қажет»,-деді Жайна.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы кезектің жылжуын тездетті»

Сәуір айында Шымкент қаласында «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. Көмекші репродуктивті технологиялар (КРТ): бүгіні мен болашағы» атты конференция өтті. Оған қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұл проблема ерекше назар аударуды және барлық ресурстарды шоғырландыруды талап ететінін атап өткен еді. «Балалардың болмауына байланысты неке бұзылады. Мұндай мәселелердің алдын алу мақсатында ЭКҰ-ға бөлінетін квота саны 7 есеге ұлғайды. «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді»,-деген еді ол.

Жалпы ресми мәлімет бойынша, 2021 жылғы дерекке сәйкес, елімізде 14 мыңнан астам әйел мен 117 ер адам бедеулікпен ауырады. Ал ЭКҰ процедурасын әркімнің қалтасы көтере бермейді, себебі ол - қымбат. Балалы болуды қалаған отбасылар үшін квота - таптырмас мүмкіндік. Сондықтан да «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында квота көбірек бөлініп, жұптардың ата-ана болу мүмкіндігін тездетті.

«Жалпы ЭКҰ бағдарламасына мемлекеттік квота бұрыннан бар, алайда бедеулік себептерімен есепте тұрған әйелдер саны көп болғандықтан, кезек күту уақыты ұзақтау болатын. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы енгізілгеннен бастап, квота саны да көбейді. Бұл біз үшін де, басқа отбасылар үшін де таптырмас шешім әрі үлкен көмек деп айтар едім»,-деді Жайна Абылғазова.

Ол әңгіме барысында квота саны бұдан да көп болса деген тілегін жеткізді. Өйткені квотаның тиімді тұстары баршылық. Яғни бірінші рет сәтсіз болса, ЭКҰ-ны екінші рет жасатуға мүмкіндігіңіз бар.

«Бағдарламадағы квота санын көбейтуге қатысты ұсыныс айтқым келеді. Жалпы квотамен бағдарламаға қатысудың бір тиімді тұсы – алғашқы кезең нәтижесіз болған жағдайда, екіншісі тегін, демек сол бағдарламаның «пакетіне» кіреді. Ал көп әйел алғашқы әрекеттен кейін болмай қалса, тез депрессияға ұшырап, «өзін тастап жібереді». Бұл одан сайын оның денсаулығына кері әсерін тигізеді. Осындай кезде ЭКҰ-ны екінші рет жасауға мүмкіндіктің бары отбасының, әйел адамның психологиясына, сеніміне, жан дүниесіне жақсы әсер береді. Үміт сыйлайды. Біздің жағдайда да солай болды. Алғашқы ЭКҰ сәтсіз болды, яғни бес-алты апта болғанда «түсіріп алдым». Кейін араға төрт ай салып, екінші рет жасаттық»,-дейді ол.

Жолдаманы қалай аламын?

Жас ана Жайнаның айтуынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасына жолдама алу тіптен қиын емес. Бала күтіп жүрген кез келген отбасының мүмкіндігі бар. Тек қойылған диагноз ДСМ бекіткен аурулар тізімінде және 18 бен 42 жас аралығында болуы керек. «Сізге жолдама беру не бермеуді репрудоктолог маман шешеді. Мысалы, кейбір отбасылар бір-екі жыл бала көтермесе де, дәрігерге қаралмауы мүмкін. Ал кейбірі бір ай көтермесе, дереу дәрігер жағалап жүретіндері болады. Сондықтан бұл кейде отбасы мүшелерінің іс-әрекетіне де байланысты. Жалпы репрудоктолог мамандар тексеріп, «табиғи жолмен бала көтеру мүмкін емес» деген диагноз қойса, онда осы бағдарламаға жолдама беріледі. Осылайша, бала сүйе алмай жүрген кез келген отбасы балалы бола алады»,-деп толықтырды ол.

ЭКҰ жасатуға қанша уақыт қажет?

«Жалпы біз бұған дейін кезекте тұрдық. Кейін «Аңсаған сәби» бағдарламасы қолға алынғаннан кейін квота саны көбейді де, жыл соңында біз квота алуға мүмкіндік алдық. Көп уақыт күткен жоқпыз. Бұл жерде күту мерзімі тек квота беретін мекемеге байланысты емес, дәрігерге, диагнозға, хаттамаға да байланысты. Тіркелген медициналық мекемеңіздің талдауына, оның дайын болу уақытына байланысты. Осындай әсер ететін көптеген фактор бар. Мәселен, құжаттарды жинау кезінде денсаулығыңызда бір проблема туындап қалса, оны емдеу үшін де уақыт керек. Сондықтан нақты уақытын ешкім айта алмайды. Егер биыл квота берілсе, онда жыл соңына дейін пайдалана аласыз. Оны уайым қылмай, денсаулықты түзеп, құжаттарды реттеу керек»,-деп кеңес берді Жайна.

Сонымен қоса ол: «Өзіңіз тіркелген медициналық емханаңызда тест тапсыратын болсаңыз, кейбір гармондардың нәтижесін екі не үш апта күту керек болады. Ал уақытыңыз тығыз болса, ақылы медициналық қызметке жүгініп, тездетуге де мүмкіндік бар. Бұл енді адамның материалдық жағдайына да байланысты дүние. Біз алғашқы кезде бір-екі ай күтіп қалдық, себебі жолдасым басқа қалада болды. Ал емделу үшін ерлі-зайыптының екеуі де бір жерде, бір уақытта анализ тапсыруы керек»,-деп толықтырды.

Репродуктивті орталықтардың мүмкіндіктері

ДСМ-нің мәліметінше, елімізде 29 экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы бар. Ал міндетті медициналық сақтандыру аясында 18 емхана мемлекеттік қызмет көрсетеді, оның 3-еуі - мемлекеттік, 15-і жекеменшік.

Осы тұста Жайна репродуктивті орталық пен дәрігер таңдауға қатысты өз тәжірибесін бөлісті. Оның сөзінше, репродуктивті мекемені таңдау кезінде бірқатар мәселеге мән берген жөн. Мекемедегі дәрігерлердің білімі, тәжірибесі, сонымен бірге оның ата-анаға психологиялық және моральдық жағынан да қолдау көрсететін мүмкіндіктері болуы маңызды екенін атап өтті.

«Мен емделген репрудоктивті медицина орталығында репрудоктолог мамандардан бөлек, психолог мамандар да болды. Олар тек пациенттермен сөйлесіп қана қоймай, түрлі терапия ұйымдастырады. Мәселен, арт-терапия, тоқыма терапиясына шақырады. Әсіресе, эмбрион салатын уақыт жақындаған тұста терапияларға қатысуға кеңес береді. Мұндай психологиялық терапияларға қатысу өте тиімді деп ойлаймын. Олардың тегін және ақылы түрлері бар. Сондықтан ондай орталықтарда барлық жағдай жасалған деп айта аламын. Бала көтергеннен кейін де сол жерге тіркеліп, жүктілік кезінде сонда қаралуға мүмкіндігіңіз бар. Сонымен қоса босануға арналған арнайы курстары бар, соларға да қатысуға болады. Жағдай жақсы жасалған, біріншісінде болмаса, екіншісінде міндетті түрде оң нәтиже алуға ықтималдылық жоғары екенін айтқым келеді»,- деді ол.

Сонымен қатар Жайна жүктілікке дайындық кезеңі мен жүктіліктің қалай өтетіні таңдалған репродуктолог дәрігерге тікелей байланысты екенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, дәрігердің білігі мен білімі ғана емес, пациенттермен тіл табыса білуі, позитивті көзқараста болуы өте маңызды.

Оған қатысты былай дейді: «Жалпы ЭКҰ жасату кезінде дәрігерді дұрыс таңдау көп дүниеге әсер етеді. Дәрігерді таңдау кезінде репрудоктолог ретіндегі тәжірибесіне, нәтижелеріне назар аудару керек. Сонымен қоса әр дәрігердің өзінің психологиялық көзқарасы, тәсілі болады. Егер репродуктолог пациенттермен жұмыс істеу білсе, адамдармен қарым-қатынас жасай алса, коммуникация орната алса, алдына келген пациентке эмоциялық тұрғыдан қолдау көрсетсе, міндетті түрде жақсы нәтижеге жетесіз. Ондай дәрігер бәрін, яғни көңіл-күйіңізді, отбасындағы жағдайды ескере отырып, қарым-қатынас жасайды, емдейді»,-деп түсіндірді ол.

Шетелдік пациенттер Қазақстандағы ЭКҰ қызметіне көп жүгінеді

ҚР ДСМ-нің хабарлауынша, елімізде 26 жыл ішінде әйелдер мен ерлер бедеулігін емдеудің соңғы технологиялары игерілген. Атап айтсақ, эмбриондарды криоконсервациялау, имплантацияға дейінгі генетикалық скрининг, эмбриондардың өсуін бақылайтын тайм-лапс технологиясы сәтті қолданылып жатыр. Сондай-ақ мұндай заманауи технологиялар емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттырған. Мәселен, соңғы 10 жылда 40-тан астам елдің азаматтары КРТ арқылы емделу үшін Қазақстанға келген.

Жақында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері шетелдік пациенттер арасындағы ең танымал қызметтер тізімінде экстракорпоралдық ұрықтандыру бар екенін атап өткен еді.

Жалпы елімізде алғаш рет ЭКҰ процедурасы жасалғалы бері 26 жыл өтті. Осы жылдар ішінде 25 мыңнан астам бала дүниеге келген. Енді «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында мыңдаған қазақстандық отбасына ата-ана болу бақыты бұйырары сөзсіз.

НАЗЕРКЕ СҮЙІНДІК


Соңғы жаңалықтар