«Аңсаған сәби»: Биыл СҚО-ға 203 квота бөлінді

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша былтыр 217 квота бөлінсе, соның жартысы оң нәтижесін берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «МӘМС: 2022 жылдың өзекті мәселелері» атты баспасөз мәслихаты өтті. Жиында қордың өткен жылы атқарған жұмысы қорытындыланып, биылғы жоспарлары белгілі болды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ мәліметінше, былтыр консультациялық-диагностикалық көмек көрсету 1,3 есеге ұлғайған.

«Оның ішінде қымбат тұратын КТ, МРТ қызметтерін тұрғындар 23 671 рет пайдаланды, бұл 2020 жылға қарағанда 3,5 есе көп. Осылайша халық орташа алғанда 473 млн теңгесін үнемдей алды. 3360 сырқат медициналық оңалтудан өтті. Жоғары технологияларды пайдалана отырып, 23 операция жасалды, оның 16-сы кардиохирургиялық ота. Бір операцияның орташа құны – 3 656 080 теңге», - дейді филиалдың бөлім басшысы Қарлығаш Ілиясова.

«Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы бойынша былтыр 217 квота бөлінді, оған 213 әйел қатысып, 108-іне ана болу бақыты бұйырды. Биыл өңірге осы бағдарлама бойынша 203 квота берілді.

«Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, барлық тексеруден өту қажет. Олардың нәтижесімен перинаталдық орталыққа репродуктолог-дәрігерге қаралады. ЭКҰ процедурасы жүргізілетін клиниканы ерлі-зайыпты ерікті түрде таңдайды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 24 репродуктивті медицина орталығы жұмыс істейді», - дейді Қарлығаш Ілиясова.

МӘМС-қа қатысқан жеке медициналық клиникалардың саны артып келеді. СҚО бойынша биыл 41 медициналық мекеме қызмет көрсетсе, соның 16-сы – жекеменшік.


Соңғы жаңалықтар