Аңсаған сәби: Атырау облысында үш жылда 704 квота бөлінген

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасымен сәбилі болғысы келген аналарға үш жылда 704 квота бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Ақмарал Сақыпованың айтуынша, жыл сайын «Аңсаған сәби» бағдарламасымен үш жылда бөлінген квота 704-ке жеткен.

«Атырау облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасымен нәрестелі болуды көздеген аналар саны аз емес. Соған байланысты 2021 жылы 234 квота бөлінген еді. Оның ішінде 135 квота игеріліп, 54 отбасы сәбилі болды. Арнайы бағдарлама аясында өмірге келген нәрестелердің арасында 6 егіз бар», -дейді Ақмарал Сақыпова.

Оның айтуынша, былтыр аталған бағдарламаға қатысатын аналар үшін 237 квота бөлінген. Бұл квотаның бәрі игерілген.

Ал, биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасымен атыраулық аналар үшін 233 квота бөлініп отыр. Оның ішінде 33 квотаны игеру жергілікті жердегі эко-орталыққа берілген.

«Бұл бағдарламаға қатысушыларға берілетін квотаны бөлудің өзіндік тәртібі бар. Біріншіден, ерлік-зайыптылардың жасы 49-дан аспауы қажет. Екіншіден, медициналық тексеруден өтіп, сәби сүйгісі келетін ананың денсаулығында кінәрат болмауы тиіс», -дейді Ақмарал Сақыпова.

Репродуктолог-дәрігер Гүлсара Басарованың пікірінше, жергілікті дәрігерлер өзге елдердегі әріптестерімен жиі тәжірибе алмасқан.

Жаңа технологияларды меңгерген. Биыл Италия, Ресей, Дания және Францияға тәжірибе алмасуға барады.

«Біздің дәрігерлер әлем елдеріндегі жаңа бағдарламалармен курстан өтіп, түрлі диагностиканы жасауды, талдау жүргізуді меңгерген. ЭКҰ орталықтары жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген», -дейді Гүлсара Басарова.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында ЭКҰ-ға 233 квота бөлінгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар