«Аңсаған сәби»: Атырау облысында биыл ЭКҰ-ға 233 квота бөлінген

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биыл Атырау облысында «Аңсаған сәби» жобасымен ЭКҰ арқылы балалы болуға 233 квота бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Атырауда 52 жастағы әйел тұңғыш сәбиін босанғанын жазған болатынбыз.

Тұңғышын өмірге әкелген Айгүл Бисенбаева Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында 90-жалдардан бері тұрады. Екі жыл бұрын тұрмысқа шыққан.

«Өзім Атырау қаласына таяу орналасқан Томарлы ауылында дүниеге келген едім. Өзім – егіздің сыңарымын. Кейін 90-жылдары Құлсары қаласына қоныс аудардым. Күйеуім Ибрагиммен екі жыл бұрын танысып, екеуміз отбасын құрдық. Оның бұрынғы отбасынан ұлы мен қызы, немере-жиендері бар. Бәріміз бір шаңырақта тату тұрамыз», -дейді Айгүл Бисенбаева.

Оның негізгі мамандығы – аспаз. «Мангистау Сервис Компани» ЖШС-де жұмыс істеген. Жүктілігіне байланысты жұмысынан шығып кеткен.

«Тұрмысқа шыққан соң балалы болуды ойлана бастадым. Өйткені, отбасының бақыты – бала тәрбиелеу. Бірақ, «бұл менің жасымда мүмкін бе?» деген күдігім де болғанын жасырмаймын. Сол себептен, құлсарылық дәрігерлер Руслан Әкенов пен Нұршат Қалиева, Атырауда гинеколог Гүлсара Басарованың кеңесіне жүгіндім. Дәрігерлердің кеңесімен ЭКҰ арқылы бала көтердім. Облыстық перинаталдық орталықтың білікті дәрігері Динара Маратқызы ота жасады. Бәрі сәтті болып, өмірге дені сау ұл әкелдім. Есімін Нұргелді деп атадық», -дейді Айгүл Бисенбаева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ЭКҰ-мен сәби сүйгісі келетін аналарға бөлінетін квота саны көбейген. Мәселен, 2018 жылы – 29, 2019 жылы – 30, ал, 2020 жылы аналарға 37 квота берілген.

«Әр отбасы үшін сәбидің дүниеге келуі – шексіз бақыт. Алайда, отбасының бәрі бірдей бұл қуанышқа бөлене алмайды. Дегенмен, ЭКҰ тәсілімен сәбилі болу мүмкіндігі бар. Осы орайда мемлекет тарапынан жыл сайын экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасына бөлінетін квота көбейіп келеді. Былтыр Атырау облысында тұратын аналарға экстракорпаралды ұрықтандыру (ЭКҰ) үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасымен 232 квота бөлінген еді. Бұл квота толық игерілді. Ал, аталған жобамен сәби сүюді аңсап жүрген аналарға 233 квота бөлініп отыр. Өйткені, біздің облыста да бедеулік диагнозымен тіркелген әйелдер саны азаяр емес. Қазір осындай 840 әйел тіркеуде тұр», -дейді репродуктолог-дәрігер Гүлнар Есқайырова.


Соңғы жаңалықтар