Аңсаған Мұстафаның авторлық құқығын бұзған қытайларға заң пәрмені жүрмей ме

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат. Жақында танымал суретші, иллюстратор Аңсаған Мұстафа Алматы базарларында өзінің қазақы нақыштағы жейделерінің қытайлық көшірмесінің қаптап кеткенін айтқан еді. Осыған орай «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Әділет министрлігіне сұрау салып, Қазақстанда, сондай-ақ халықаралық саудада авторлық құқықтың қалай қорғалатынын қаузап көрген болатын.

Елімізде бұл мәселе «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңмен, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы патент туралы» заңмен реттеледі. Бірден басын ашып алу үшін Аңсаған Мұстафаға хабарластық. «Бұл жейделерді шығарып, сатып жатқаныма бір жарым жыл болды. Өз дүкендеріміз арқылы елдің түкпір-түкпіріне, тіпті тапсырыс жасалса шет елдерге жібереміз. Бірақ тауарымды тіркеп, авторлық құқық алмағанмын. Бірер күн бұрын Алматы базарларында сатылып жатқан сапасыз көшірмелерді көрдік. Сатушылар ол тауарларды Қытайдан әкелгенін айтып отыр»-дейді суретші. Автор төл тауарын тіркемеген. Бірақ заң бойынша туындысын тіркемесе де, авторлық құқығын ешкім тартып ала алмайды. Десек те, жоғарыдағыдай идея ұрлаған, рұқсатсыз пайдаланып кеткен жағдайда заң бойынша талап қойып, таралымын тоқтату, айыппұл өндіру үшін ресми тіркеу қажет.
 

Осы мәселені айтып, Әділет министрлігіне сұрау салғанымызда келесідей жауап алдық: «Қазақстан Республикасының Патент Заңының 9-бабына сәйкес бұйымның сыртқы түрiн айқындайтын өнеркәсіп немесе қолөнер өндірісі бұйымының көркем-конструкторлық шешiмі өнеркәсiптiк үлгiге жатады. Өнеркәсiптiк үлгiге, егер ол жаңа, бiрегей болып табылса, құқықтық қорғау берiледi. Осыған орай Аңсаған Мұстафаның саудаға шығарған объектілері жоғарыда аталған сипаттамаларға сәйкес келсе жейделерді өнеркәсіптік үлгі ретінде тіркеуге болады. Бұдан бөлек жоғарыда аталған объектіде пайдаланылған суретті тауарлық белгі ретінде тіркеуді ұсынамыз. Тауар таңбасын, өнеркәсіптік үлгіні «Ұлттық зияткерлік меншік институты» мекемесі тіркейді».

Бұған қоса, егер автор өзінің рұқсатынсыз әлдекімнің өз туындысын көшіргенін білсе және шығынға батса оны кері қайтарып алатынын жария түрде мәлімдеп, сотқа жүгіне алады. Сот келген шығынды өндіріп береді. Бұл төл туындыны Қазақстанда тіркеу және қорғау жолдары.

Ал Аңсаған Мұстафаның жағдайы бөлек. Қазақстандықтар емес, қытайлық ұсақ өндірушілер рұқсатсыз пайдаланып, табыс тауып отыр. Өкінішке қарай жоғарыда аталған екі заңда да шетелдіктердің қазақстандық авторлардың төл туындыларын рұқсатсыз пайдаланғанда мәселенің қалай шешілетіні, қандай жазалау шаралары қолданылытыны тікелей қарастырылмаған.

Осы жағдайда не істеуге болатынын анықтау мақсатында белгілі заңгер Айгүл Орынбекке хабарласқан едік. Заңгер авторлық құқықтың елімізде алдағы уақытта күн тәртібіне шығарып, кезек күттірмей қарайтын мәселе екенін айтып, жауабын қысқа қайырды. «Бұл сұрақ бойынша маған көптеген адамдар хабарласады. Әсіресе телевизия саласында жүрген продюсерлер, сценаристер жиі жапа шегеді. Мысалы олар белгілі бір телеарнаға өзінің жобасын алып барады. Телеарналар «көрейік» деп алып қалып, кейін сол жобаның бір-екі жерін өзгертіп, кейіннен өздерінің өнімдері етіп шығарады. Ал дәл мына мәселеге келсек, мұнда қытайларға түк те істей алмаймыз. Ешқандай талап қоя алмаймыз. Өйткені оған сүйенетін қатаң заңдық негіз керек. Шет елдерде бұл мәселе қатаң түрде заңмен бекітілген. Идеяны ұрлағаны үшін қаншама мыңдап айыппұл төлетеді. Біздің елімізге де осындай заңмен реттеу қажет» - дейді заңгер.

Соңғы жаңалықтар