Анна Данилина жұптық сында Рабат жарысының ширек финалына шықты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 24-ракеткасы Анна Данилина Рабат (Марокко) WTA 250 жарысының ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Доданың үшінші ракеткалары болып тіркелген қазақстандық теннисші мен мажарстандық Тимея Бабош алғашқы айналымда чехиялық Анастасия Детюк – венесуэлалық Андреа Гамиспен шеберлік байқасты.

Тартысты өткен бірінші партияда қазақстандық-мажарстандық дуэт тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3). Екінші сетте А.Детюк пен А.Гамиске еш мүмкіндік қалдырмады – 6:0.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында А.Данилина – Т.Бабош 4 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсылас жұп 1 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Қазақстандық-мажарстандық жұп жартылай финалға шығу үшін америкалық Сабрина Сантамария – ресейлік Яна Сизикова немесе грузиялық Оксана Калашникова – Польша өкілі Катажина Питер жұптарының қай жеңгенімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның ресми түрде әлемнің төртінші ракеткасы болғанын жазған едік.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орны белгілі болды.

Юлия Путинцева Мароккода Рабат турнирін жеңіспен бастады.


Соңғы жаңалықтар