Анна Данилина АҚШ-тағы турнирдің чемпионы атанды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында АҚШ-тағы Ландисвилле (Пенсильвания) ITF W100 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, жарыстың бірінші ракеткалары болып тіркелген А. Данилина америкалық Софи Чангпен бірге финалға қиналмай жетті.

Соңғы бәсекеде қазақстандық-америкалық жұп оңтүстіккореялықтар Хан-На Ли - Джан-Су Йонгпен бас жүлдені сарапқа салды.

Данилина мен Чанг қарсыластарын 2:6, 7:6 (7:4), 11:9 есебімен ұтты.

Осылайша, А. Данилина Халықаралық теннис федерациясы (ITF) өткізген турнирлерде 26-титулына қол жеткізді. Сонымен қатар, WTA жарыстарында үш рет (2021 жылы – Poland WTA-250 және 2022 жылы – Sydney WTA-500, Warsaw WTA-250) жеңімпаз атанған болатын.

Ал, Өскемен қаласында аяқталған ITf W25 жарысында тағы бір қазақстандық Жібек Құламбаева ресейлік Екатерина Казионовамен бірге финалға дейін жетті. Соңғы бәсекеде олар ресейліктер Екатерина Маклакова - Александра Поспеловаға жол берді - 5:7, 1:6.

Жекелей сында Беларусь өкілі Анна Кубарева жеңімпаз болды. Ол ресейлік Татьяна Баркованы ұтты - 6:4, 7:6. Қазақстандық Гөзал Айнитдинова жартылай финалда Т. Барковадан аса алмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің халықаралық жарыстардың чемпионы атанғанын жазған едік.



Фото: ktf.kz




Соңғы жаңалықтар