Анн Линде: Қазақстанда қауіпсіздікпен байланысты жұмысты жалғастыруға ниеттіміз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ЕҚЫҰ іс басындағы төрайымы, Швеция Сыртқы істер министрі Анн Линде 2010 жылы қабылданған Астана декларациясының ұйым қызметіндегі рөлі жоғары екенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрине, ЕҚЫҰ кез келген ұйымдар мен форматтар арасындағы кез келген ынтымақтастық үшін ашық. Біз Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде 2010 жылы қатысушы елдер қабылдаған Астана декларациясын талқыладық. Декларацияның өзі үлкен жетістік және ЕҚЫҰ аясындағы міндеттемелердің маңыздылығын көрсетеді. Бүгінде бұл міндеттемелер Астана Саммитінің рөлін нығайтуда», - деді Анн Линде елімізге жасаған сапары кезінде.

Оның айтуынша, Қазақстанға жасаған сапары Швецияның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде маңызды мәселелерді, жалпы қағидаттар мен міндеттемелерді талқылауға мүмкіндік береді.

«Осы құжатқа қол қойған барлық 57 қатысушы ел Еуропадағы қауіпсіздікті қорғауға, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздікті қамтитын бірегей тұжырымдамасын ұстануға тиіс. Саяси және экономикалық қауіпсіздік, адам құқықтары, демократия, құқық үстемдігі мен теңдік арасындағы байланыс ЕҚЫҰ-ның және оның жалпыға бірдей қауіпсіздік стратегиясының бірыңғай негізін құрайды. Сондай-ақ, біз әйелдер құқығына арналған күн тәртібін талқыладық. Бұл ЕҚЫҰ үшін тағы бір маңызды басымдық. Біз гендерлік теңдікті және әйелдердің адам құқықтарын толық пайдалануды, әйелдердің экономикалық құқықтарын ілгерілетуді және олардың экономикадағы рөлін күшейтуді ұстанатынымызды атап өткім келеді», - деді ЕҚҰЫ өкілі.

А.Линде ЕҚЫҰ мен Қазақстанның ынтымақтастығы бар барлық салалардағы өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Әйелдердің экономикаға қатысуы, климаттың өзгеруі және қауіпсіздік мәселелері бойынша одан әрі ынтымақтастыққа үміттенемін. Сондай-ақ, COVID-19 індетіне байланысты тәуекел мәселелері бойынша өңірлік ынтымақтастық саласында оң үрдістерд қалыптасқанын атап өткім келеді. Мен ЕҚЫҰ-ның офис бағдарламасына Нұр-Сұлтанның қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Біз Қазақстандағы қауіпсіздікпен байланысты барлық үш бағыт бойынша: саяси-әскери, экономикалық-экологиялық және адами бағыттар бойынша табысты жұмысты жалғастыруға ниеттіміз. Азаматтық қоғам бұл бағытта маңызды рөл атқарады және маңызды серіктес болып табылады», - деп түйіндеді Анн Линде.


Соңғы жаңалықтар