Анкарадағы Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

None
Фото: t.me/aqorda_resmi
АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркияда биыл ақпанның басында болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 49 мыңнан асып отыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, табиғи апат шығыны 80 млрд долларды құраған. Түркі мемлекеттері аумағындағы табиғи апаттардың жиілеп кетуіне байланысты биылғы Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс отырысы да осы тақырыпқа арналып отыр.

Кеше, яғни 16 наурызда Түркия астанасы Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттер басшыларының кезектен тыс саммиті ұйымдастырылған еді. Оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Жиында апат пен төтенше жағдайлар менеджменті және гуманитарлық көмек саласындағы қызметтің басым бағыттары, соның ішінде табиғи апаттарға қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастықты үйлестіруге және нығайтуға қатысты мәселелер талқыға түсті. Саммитте көтерілген басты мәселелер жайлы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Түркия – Қазақстанның басты бес сауда серіктесінің бірі

Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға жұмыс сапары барысында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті. Мемлекет басшысы қонақжайлық танытып, құрметпен қарсы алғаны үшін Режеп Тайип Ердоғанға ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы ең алдымен жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия халқына көңіл айтты. Қауіп-қатерге қашан да дайын болу керек екенін атап өтіп, төтенше жағдайлар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталып өтті. Осы орайда «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» тақырыбында өтіп жатқан саммитті өте қажетті іс-шара деп есептейтінін жеткізді.

Фото: t.me/aqorda_resmi


«Табиғи апат кезінде мемлекеттердің бір-біріне көмек көрсетуі аса маңызды. Бұған осы жолы тағы да көзіміз жетті. Бауырлас ел қиындыққа тап болғанда түркі жұрты ауызбіршілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетті. Қазақстан да түрік бауырларға бірден қол ұшын созды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оған қоса ол Түркия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті. «Түркия Қазақстанның басты бес сауда серіктесінің қатарына кіреді. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 33%-ға өсіп, 6,3 млрд долларға жетті. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қазақстанның тауарларын Түркия нарығына көптеп шығаруға мүмкіндік бар»,-деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев түрік инвесторларының Қазақстандағы жобаларын қолдауға дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ кездесу барысында «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты аса маңызды рөл атқаратыны сөз болды. Қазақстан тарапы әлеуеті мол осы көлік-логистикалық бағдарды дамыту үшін ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған шақыруын қабыл алып, Анкараға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ түрік басшысы кейінгі жылдардағы екіжақты сапарлар нәтижесінде барлық салада өсім бар екенін, жыл соңына дейін тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін жеткізу қажеттігін айтты. Түркия басшысы көлік саласында Орта дәліз әлеуетін толық пайдалану керегін де атап өтті.

Фото: t.me/aqorda_resmi


Түркі мемлекеттері ұйымының тарихы

Бұған дейін Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өткенін жоғарыда атап өттік. Кешегі самитке оралмас бұрын, ұйымның құрылу тарихы, мақсат-міндеттері мен осыған дейінгі жеткен жетістіктеріне тоқталып өтейік. Түркі мемлекеттері ұйымы (бұрынғы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі) түркі мемлекеттерінің жан-жақты ынтымақтастығын дамыту мақсатында 2009 жылы үкіметаралық ұйым ретінде құрылды. Аталған ұйымның негізін қалаған елдер қатарында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия бар. Өзбекстан 2019 жылдың қазан айында Бакуде өткен 7-саммитте толыққанды мүше ретінде ұйымға қосылды. Мажарстан 2018 жылы қыркүйекте Чолпон-Атада өткен 6-саммитте бақылаушы мәртебесін алса, ал Түрікменстан 2021 жылы қарашада Ыстанбұлда ұйымдастырылған 8-саммитте бақылаушы мәртебесіне ие болған еді.

Ыстанбұлдағы саммит Түркі кеңесінің даму жолындағы ең маңызды кезең саналады. Өйткені осы жиында оның атауы өзгерді, сөйтіп толыққанды халықаралық ұйым атанды. Бүгінде ТМҰ БҰҰ, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы, ЕҚЫҰ, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы және басқа да түрлі халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді. Сонымен бірге Ыстанбұлдағы саммитте түркі мемлекеттерінің көшбасшылары елдер арасындағы интеграцияны күшейтетін, олардың ынтымақтастығын ұзақмерзімді мақсатта айқындайтын «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатын қабылдады.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Жалпы түркі мемлекеттерінің халқы шамамен 150 миллион. Бұл елдердің жалпы ауданы 4,5 миллион км²-ден асып жығылады. Ал олардың жалпы ішкі өнімі шамамен 1,5 триллион долларды құрайды. Осылайша, әлемдік экономикада 13-орында тұр.

Қазақстан Түркиядағы апат аймағына әлеуметтік нысан салып бермек

Кешегі өткен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, саммитті өткізуді ұсынған Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке және қонақжайлықпен қарсы алған Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға лғыс айтты.

«Алапат зілзаланың зардабын тартқан түрік елінің қайғысы барша түркі жұртының қасіреті деп білемін. Қазақта «Қайғыны бөліссең – азаяды» деген сөз бар. Ағайынның басына күн туғанда біздің халқымыз ешқашан қол қусырып отырмайды. Қазақстан халқы бірден түрік бауырларға қол ұшын созды. Құтқарушыларымыз және дәрігерлеріміз дереу көмекке аттанды. Қажетті құралдармен жабдықталған ең тәжірибелі, білікті мамандарымыз құтқару жұмысына атсалысты. Бауырлас елге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетілді... Қазақта «Асар» деген жақсы ұғым бар. Жұрт бірлесіп, мұқтаж жанға көмек қолын созады. Осы мақсатта Қазақстаннан Анадолы еліне көптеген еріктілер келіп, аянбай еңбек етті... Сондықтан мен Ұйымымызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырамын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Біз бауырлас Түркияға одан әрі қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.

Фото: t.me/aqorda_resmi


Президент апат аймағында әлеуметтік нысан салып беруге Қазақстан дайын екенін атап өтіп, халықаралық қауымдастықтың Анадолы еліне көрсеткен демеуін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы басқосудың «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» деген тақырыпта өтуі бекер емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, жер жүзінде табиғи және техногендік апаттар көбейіп жатыр. Бұл жағдай өте өзекті халықаралық мәселенің біріне айналып отыр.

Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күші жасақталмақ

Қасым-Жомарт Тоқаев осындай күрделі кезеңде Қазақстан гуманитарлық шаралардан шет қалмайтынына тоқталып, түркі елдері төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет ете білуі керек екеніне назар аударды. Сондай-ақ Ұйым хатшылығы мен мүше мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайта түсу үшін бірқатар ұсыныс айтты.

«Біз табиғи апаттың алдын алу үшін күшімізді жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады. Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке Ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, құтқарушылардың біліктілігін арттыру және оқу-жаттығу курстары өткізіледі»,-деді Президент.

Фото: t.me/aqorda_resmi


Мемлекет басшысы іздестіру және құтқару қызметтерінің дайындығын күшейту қажеттігін екінші ұсыныс ретінде атады. Осы мақсатта Президент елдеріміздегі Төтенше жағдай мекемелерінің күштері мен техникалық құрал-жабдықтарының тізімін әзірлеуді ұсынды. Бұл шара қиын-қыстау сәтте шұғыл әрекет етіп, апаттың салдарын жоюға бағытталған іс-әрекеттерді үйлестіруге мүмкіндік бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайдың алдын алу үшін ақпарат бөлісіп, құтқарушылардың тәжірибе алмасуы өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ биыл күзде Қазақстанда «Қазқұтқару» халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтетінін еске салды. Президент Ұйымға мүше елдердің құтқару қызметтерін аталған іс-шараға қатысуға шақырып, сол кезде осы салаға жауапты мекеме басшыларының алғашқы басқосуын өткізуге болатынын айтты.

Биыл Түркістанда ТМҰ-ның мерейтойлық саммиті өтеді

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделі кезеңінде Түркі әлемінің өзара ынтымақтастығы нығая түскенін өте дұрыс қадам деп санайды.

«Біздің ұйым сол арқылы халықаралық деңгейде өзіндік орны бар екенін көрсетті. Елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруі қажет. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттарының бірі»-деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды биыл күзде Қазақстанда өтетін Ұйымның оныншы мерейтойлық саммитіне шақырды.

Фото: t.me/aqorda_resmi


«Биыл қазан айында киелі Түркістанда Ұйымның оныншы мерейтойлық саммиті өтеді. Сіздерді осы алқалы жиынға қатысуға шақырамын. Бұдан бөлек, күзде ұйымға төрағалық ету міндеті Қазақстанға жүктеледі. Сол кезде бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылатын болады»,-деді Қ.Тоқаев.

Саммитте бірқатар құжатқа қол қойылды

Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды. Олар:

1.Түркі мемлекеттері ұйымы кезектен тыс саммитінің Анкара декларациясы;

2.Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау механизмін құру туралы шешім.

3.Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Айта кетейік, жиынға Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстанның Милли Генгеші Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан және Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Қубанычбек Өмірәлиев қатысты.







Фото: t.me/aqorda_resmi

Еске салайық, ТМҰ-ның бұған дейінгі кездесуі былтырғы 11 қарашада Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтті. Жиында ТМҰ аясындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланған еді.


Соңғы жаңалықтар