Анкарада Жібек жолындағы Қазақстанның рөлі жөнінде симпозиум болып өтті

None
None
ЫСТАМБҰЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Түркияның ғылыми-гуманитарлық ықпалдастығы аясында Хаджеттепе университеті және Анкарадағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің бірігіп ұйымдастыруымен «Жібек жолы» кеңістігіндегі түркі елдерінің Экономикалық ынтымақтастығы» атты симпозиум болып өтті.

Аталмыш шараға Қазақстан елшісі Ж.Түймебаев, Хаджеттепе университетінің ректоры Мурат Тунжер, Хаджеттепе университетінің жанындағы Түркі дүниесін зерттеу орталығының директоры Өмер Судупак, Түркіменстан елшісі, Анкарадағы дипломатиялық корпус өкілдері, ғылыми қайраткерлер мен студенттер қатысты.

Шара барысында Жібек жолы кеңістігіндегі бірлескен көлік желілері мен инфрақұрылым нысандарын дамыту перспективалары секілді өзекті мәселелер қозғалды. Әсіресе ортақ теміржол және автожолдар жобаларын іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Соның ішінде ТРАСЕКА бастамалары аясында Қазақстан мен Түркияның теміржол құрылысындағы ынтымақтастығының рөлі баса айтылды.

Түркия тарапы Баку-Тбилиси-Карс теміржол жобасы тез арада аяқталып, Қазақстан мен Түркия арасындағы жолаушы және жүк тасымалдарын едәуір жеңілдететініне үміт білдірді.

Елші Ж.Түймебаев өз кезегінде Астана аймақта көлік инфрақұрылымын дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан тарапынан ауқымды көлік тасымалдау әлеуетің жүзеге асыру үшін "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автодәлізі, "Жезқазған-Бейнеу" теміржолы, Ақтау портының кеңейтілуі сияқты үлкен инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатқанын тілге тиек етті.

Симпозиум шеңберінде Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктеріне арналған фотокөрме, түрік тіліне аударылған қазақстандық кітаптар, соның ішінде Президент Н.Назарбаевтың таңдаулы шығармалары бар көрме ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар