Анкарада Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн атап өтілді

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнді атап өтті. Аталған жиынға дипломатиялық корпус өкілдері, Түркияда білім алып жатқан қазақстандық жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен сарапшылар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шара жергілікті уақытпен сағат 11:05-те ядролық қарудан зардап шеккендерді еске алуға арналған бір минут үнсіздікпен басталды.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде 2009 жылы Қазақстан үкіметінің бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында 29 тамыздың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн болып бекітілгенін және осы шешімге 10 жыл толып отырғанын атап өтті.

Елші А.Сапарбекұлы әлемдегі ең ірі полигондардың бірі саналатын Семей ядролық полигонында тек 1949-1963 жылдар аралығында жүргізілген ядролық сынақтардың жалпы күші Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 1,2 мың есе асып түскендігіне тоқтала отырып, «Елу жылға жуық уақытқа созылған ядролық сынақтардың салдарынан Қазақстанның шығыс бөлігінде тұратын 1,3 миллион адам зардап шекті. Қазақстан тәуелсіздігін жарияламай тұрып-ақ Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны ресми түрде жабылып, артынша еліміз әлемдегі төртінші орында болған ядролық қару арсеналынан бас тартты. 2012 жылдың тамыз айында Қазақстан ядролық қарусыздану және жаһандық қауіпсіздік саласындағы халықаралық АТОМ жобасын бастады»,- деді.


Жиын профессор Куршат Зорлуның сөзімен жалғасты. Зерттеуші ғалым Куршат Зорлу мұндай еске алу рәсімдерінің әлемнің түкпір-түкпірінде 11.05-те ұйымдастырылып жатқандығына назар аударды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға қатысты қабылдаған шешімінің Қазақстанның болашағы және әлемдегі бейбітшілік үшін маңыздылығын тілге тиек етіп, өзінің Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған кітабында «Ядролық қарудан бас тартқан көшбасшы» атты бөлім жазғандығын айтты. Профессор Куршат Зорлу бұл шешімнің сол кезеңдегі жас Қазақстанның халықаралық аренада «өз пікірін ашық жария етуі» ретінде бағалай отырып, аталған шешімнің Қазақстан тәуелсіздігінің кепілдігі екендігіне сенімін білдірді.

«Қазақстан мемлекетінің және Елбасының бұл шешімі бүкіл әлемге үлгі екендігі сөзсіз» деген К.Зорлу Нью-Йоркте өткен жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Назарбаевтың сөзін әлемнің көптеген бұқаралық ақпараттары тікелей эфирде көрсеткендігін атап өтті. Сондай-ақ К.Зорлу өз сөзінде, ядролық қарусыздану үдерісіндегі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды еңбегін атап өтті. Зерттеуші-ғалым «Қазақстан болашақта да осындай шешімдер қабылдап, халықаралық аренадағы өзінің маңызды орнын қорғайды» - деген пікірін білдірді.

Іс-шараға қатысқан Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейде ядролық қарусыздану үдерісіне қосқан үлесі өлшеусіз екендігін баяндай отырып, Елбасы шешімінің адамзат үшін маңыздылығын тілге тиек етті. Ядролық қаруға қарсы күрес процесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Еуразияның үлкен мемлекеті, қазіргі таңда әлем мемлекеттері арасында маңызды орынға ие Қазақстанның рөлі ерекше екендігіне тоқталды.


«Ядролық сынақ жасау мақсатында адамзаттың апатына себепкер болған кісілерді айыптаймын» - деп, әлемге бейбітшілік тілеген Топчу, «әлемнің толық бейбітшілікке қол жеткізуі үшін Назарбаев сияқты көшбасшылар қажет» деп тұжырымдады.

1991 жылдың 29 тамызында Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Түркі әлемінің ақсақалы маңызды құжатқа қол қойғандығын еске сала отырып, осы шешімінің арқасында әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірі жабылғандығы туралы сөз етті.

«Әлемдегі бейбітшілік үшін қабылданған бұл шешім Қазақстанды әлем тарихына алтын әріптермен жазды» - дей келе, «келешекте «Ядролық қарудан алғаш кім азат етті?- деген сауалдың жауабы «мемлекет ретінде Қазақстан, халық ретінде қазақ бауырларымыз, көшбасшы ретінде Ақсақалымыз Н.Назарбаев» болатындығына сенімін білдірді. Қазақстан әлемді және халықтарды ядролық қарудан азат ету және адамзатты бейбітшілік, сенім және әділеттілік орнаған әлемге жеткізу үшін маңызды күш-жігер жұмсап отырғандығын тілге тиек етті.

Сөз соңында Я.Топчу Семейдегі ядролық сынақтар салдарынан қайтыс болған шейіттерге рақым, әлемге бейбітшілік тіледі.


Соңғы жаңалықтар