Анкарада ТҮРКІСОЙ-дың ұйымдастыруымен Ғ. Тоқай жылының ашылу рәсімі өтті

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат / Ирина Дынникова/ - Халықаралық ТҮРКІСОЙ ұйымына мүше елдердің Мәдениет министрлері кеңесінің шешімімен татар халқының классик ақыны Ғабдолла Тоқайдың туғанына 125 жыл толуына байланысты «2011 жыл - Ғабдолла Тоқай жылы» деп жарияланған болатын.

Осыған орай кеше, Түркияның астанасы Анкара қаласында ТҮРКІСОЙ-дың ұйымдастыруымен Ғ. Тоқай жылының ашылу рәсімі болып өтті.

Аталған салтанатты шараға Түркия Мәдениет және туризм министрі Ертугрул Гүнай, Татарстан Республикасы Бас министрінің орынбасары және Мәдениет министрі Зилия Валиева, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған ТҮРКІСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ұйымның түркі мәдениеті мен өнерді дамытып, әлемге әйгілі ету саласындағы атқарылған халықаралық көлемдегі іс-шаралары мен алдағы жоспарланған жобалары туралы баян етті.

«ТҮРКІСОЙ түркі халықтарының арасындағы мәдени қарым-қатынастарды нығайтып, түркі мәдениеті пен өнері тарихында із қалдыратындай көптеген жобаларды іске асырған болатын. Олардың бірі - татар халқының көрнекті ақыны Ғ.Тоқайдың туғанына 125 жыл толуына орайластырылған «2011жыл - Ғ. Тоқай жылы» ретінде жариялануы. Өйткені, Ғабдолла Тоқай шығармашылығы түркі дүниесінің ортақ мұрасы»,- деді Д. Қасейінов.

Салтанатты жиында баяндама жасаған Түркия және Татарстан мәдениет министрлері Ғ.Тоқайдың шығармашылығы мен әдебиетке қосқан үлесі жөнінде кеңінен сөз етті.

З. Валиева, көрнекті ақын жылының аталып өтілуіне ризашылығын білдіре келіп, Ғ.Тоқайдың татар әдебиетінің негізін салушылардың бірі және татар мәдениетінің көрнекті қайраткері болғанын атап өтті.Сонымен қатар, ұйымдастырылған шара үшін Түркия Мәдениет министріне және халықаралық ТҮРКІСОЙ ұйымына алғыс білдірді.

Соңғы жаңалықтар