Анкарада Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімі талқыланды

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Анкарада Қазақстан Республикасының Елшілігі, Қазақстан-Түркия достық қауымдастығы және Ахмет Ясауи қорының ұйымдастыруымен «Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімі және Қазақстанның болашағы» тақырыбында жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Я. Топчу, Ахи Евран университетінің профессоры К. Зорлу, Қазақстан-Түркия достық қауымдастығының төрағасы Ф. Будак, Ахмет Ясауи қорының төрағасы Н.К. Зейбек, Түркияның мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, Түркияда білім алып жатқан қазақ жастары және қазақ диаспорасы өкілдері қатысты.

Жиынның ашылуында сөйлеген сөзінде Абзал Сапарбекұлы Тұңғыш Президент - Елбасы Н. Назарбаевтың қиын-қыстау кезеңде Қазақстан басшылығына келіп, елді қысқа мерзімде халықаралық аренада абыройлы мемлекетке айналдырғаны жөнінде айтып берді. Жуырда Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесінің және ЕАЭО Жоғары еуразиялық экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы атануы - елімізге және Елбасыға деген құрметтің жарқын көрінісі екенін айтты.
null

Елші Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрылысы кезеңі аяқталып, жаңа кезеңге аяқ басар сәтте ел билігін жас буынға тапсыру жөнінде шешім қабылдағанын, осы тұрғыда алдын ала тиісті дайындық жүргізгенін және 19 наурызда отставкаға кету туралы тарихи шешімін жариялағанын айтты. Бұдан кейін Абзал Сапарбекұлы Н. Назарбаевтың бұл шешімінің себептеріне тоқталып өтті.

Елші Сапарбекұлы 9 маусымда сайланатын жаңа президент Назарбаев кезеңінде қол жеткізілген жетістіктерді сақтайтынына, ішкі және сыртқы саясаттағы сындарлы бағытты жалғастыратынына сенім білдірді.

Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Я. Топчу да жиын тақырыбы бойынша өз ойымен бөлісті. Оның ойынша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Еуразияда елеулі күшке және халықаралық аренада абыройлы елге айналуына қол жеткізді. Я. Топчу Нұрсұлтан Назарбаевты тек Қазақстанның ғана емес, жалпы Түркі әлемінің көшбасшысы деп биік баға берді.

Сонымен қатар, Я. Топчу Н. Назарбаевтың отставка жөніндегі шешімін парасатты қадам деп бағалағанын айтып, алдағы сайлау қорытындысы Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Алғашқы болып баяндама жасаған Ахи Евран университетінің профессоры К. Зорлудың сөзінше, алдағы айда қазақ және түрік тілдерінде «Н. Назарбаев көшбасшылығы» атты кітап жарық көреді. Ол қазіргі саясаттану ғылымына сәйкес, саяси көшбасшының бойында болуы тиіс қасиеттердің барлығы, атап айтқанда, болашақ бағдарын белгілей алу, мемлекет құру және із қалдыру ерекшеліктері Н. Назарбаевтың бойында бар екенін айтты.

Профессор Зорлу Н. Назарбаевтың отставка туралы шешімін «тұрақты көшбасшылық» парадигмасы шеңберінде қарастыру керектігін мәлімдеді. Оның ойынша, Н. Назарбаевтың «тұрақты көшбасшылығы» 2007 жылы ел басқару жүйесін президенттік үлгіден президенттік-парламенттік басқару тәртібіне ауыстыруға бағытталған конституциялық өзгерістерден басталған. Осы орайда ол Қазақстанның Тұңғыш Президентін «бүгінгі күннің Білге қағаны» деп сипаттады. Зорлу Елбасының өкілеттігін тоқтату шешімінің түбінде мәжбүрлік емес, елі алдағы уақытта тап болуы мүмкін қиындықтардың алдын алу мақсаты жатқанын айтты.
null

Профессор Н. Назарбаевтың отставка туралы шешіміне негізінен екі себеп түрткі болды деп есептейді. Біріншісі - сыртқы фактор. Екі ірі державамен көршілес, жер ауқымы аса үлкен, 18 миллион халқы бар және пайдалы қазбаға бай Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалу жеткіліксіз, сонымен қатар, бұл мемлекетті келер ұрпаққа жеткізетін жүйені қалыптастыру қажет. Екіншісі - ішкі факторлар және демократизация. Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасының дамуы белгілі бір дәрежеге жеткен соң саяси жүйенің демократияландыру шараларын жүргізді.

Жиында сөз алған Қазақстан-Түркия достық қауымдастығының төрағасы Ф. Будак Н. Назарбаевтың аймақтық және әлемдік бейбітшілікке үлес қосу ұмтылыстарынан мысал келтіріп, Елбасының жүргізген саясатына терең тарихи және ұлттық сана арқау болғанын мәлімдеді. Бұған мысал ретінде Тұңғыш Президенттің елорданы көшіруін, Қазақстан-2030 стратегиясынан бастап бірнеше даму бағдарламасын іске асыруын, 2005 жылы жасаған Орталық Азия мемлекеттер одағын құру туралы ұсынысын, 2002 жылғы Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайында Қазақстанның Қытаймен 1500 жылдық шекара мәселесін шешкені туралы сөзін келтірді. Баяндамашы Назарбаевтың осылайша өз елінің 1500 жыл бұрын Ұлы Даланың төсін жайлаған Түркі қағанатының мұрагері екендігін меңзегенін айтты.

Ф. Будак өкілеттікті тоқтату туралы шешімді оңды бағалап, Н. Назарбаев негізін қалап, аяғынан тік тұрғызған тәуелсіз Қазақстан жаңа кезеңде Елбасының сара жолын жалғастырады деген үмітін білдірді. Баяндамашы бұдан кейін де саясаттағы белсенділігін жалғастыратын Н. Назарбаевтың өтпелі кезеңнің жайлы өтуін қамтамасыз ететініне сенім білдірді.

Соңғы болып баяндама жасаған Ахмет Ясауи қорының төрағасы және Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Н.К. Зейбек Н. Назарбаевтың отставкаға кетіп, ел басқаруда жаңа буынға жол ашуын оң бағалады. Ол 9 маусымда өтетін сайлау Қазақстанның жаңа кезеңге аяқ басуының алғашқы қадамы болады деп мәлімдеді.

Н.К. Зейбек өзінің ҚР Президенті Н. Назарбаевпен алғашқы кездесулерінің естеліктерімен бөлісіп, алғашқы жолығуында-ақ Қазақстан басшысының қарапайым кісі емес, қазіргі заманның Білге қағаны екенін түсінгенін, «Түркі жұрты Ататүрік сынды көшбасшымен қауышты» деп ішінен қуанғанын еске алды.

Ол Елбасының ғылымға үлкен мән беруін аса жоғары бағалап, шетелде білім алып, елдеріне қайтып келіп жатқан қазақ жастарымен қатар, елде ашылған алдыңғы қатарлы білім беру ошақтарының Қазақстан болашағының кепілі екеніне сенім білдірді. Н.К. Зейбек Елбасының Түркістан қаласының облыс орталығы атануы, облыс атауының Түркістан болып өзгеруі туралы шешіміне тоқтала отырып, мұндай істерді тек данышпан көшбасшылар ғана жасай алатынын мәлімдеді.

Жиын барысында Қазақстанда 9 маусымда өтетін президент сайлауы туралы толыққанды ақпарат алған қатысушылар бұл маңызды саяси оқиғаның еліміз үшін үлкен белес болатынымен келісті. Жиналған қауым алдағы сайлаудың Қазақстанның әрі қарайғы дамуы, қазақ-түрік қатынастары және жалпы Еуразия аймағы үшін жақсы нәтижелерді алып келетініне деген сенімін білдірді.

Жиын соңында баяндама жасаған сарапшыларға Қазақстан Ұлттық банкі шығарған «Көкбөрі» коллекциялық монеталары тарту етілді.

null null null

Соңғы жаңалықтар