Анкарада Мағжан Жұмабайға 125 жыл толуына орай халықаралық конференция өтті
2018 жылғы 19 ақпан 16:55

Анкарада Мағжан Жұмабайға 125 жыл толуына орай халықаралық конференция өтті

АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркия астанасы Анкара қаласындағы Гази университетінде Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабайдың 125 жасқа толуына орай халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Түркиядағы Қазақстан Елшілігіне сілтеме жасай отырып.

Елшіліктің хабарлауынша, ғылыми жиын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Жиынға Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы,Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркі мәдениетіндамыту ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хүсейін Яайман, Гази университетінің ректоры Ибрахим Услан, Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак, Ахмет Яссауи университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз, Түркият институтының директоры Хулия Касапоғлу Ченгел, сонымен қатар Қазақстанның белгілі әдебиеттанушы-ғалымдары Айгүл Ісмақова, Серікқазы Қорабай, Зарқын Тайшыбай, Қайырбек Кемеңгер, ЕрболТілешов, Сәуле Маликова қатысты.

Қазақтың алып ақыны Мағжан Жұмабайдың қаламгерлігі мен қайраткерлігі туралы сөз сөйлеген Елші Абзал Сапарбекұлы ақынның түркі бірлігіне, түркі ынтымақтастығына қосқан зор үлесін атап өтті.

«Ақынның «Түркістан», «Алыстағы бауырыма», «Пайғамбар» сынды өлеңдері қазақ пен түркі халықтарының ортақ мұрасына айналды. Мағжан мұралары екі бауырлас елді елдестіретін, жұртты жалғайтын алтын көпір», - деген Абзал Сапарбекұлы Мағжанның Тәуелсіздік жолындағы атқарған ерен еңбектеріне тоқталды. Сөз соңында Елші биылғы жылды «Мағжан Жұмабай жылы» етіп жариялаған Түркі мәдениетін дамыту ұйымына алғыс айтып, шара ұйымдастырушылары мен қатысушыларға тілектестігін білдірді.
null

Халықаралық жиынға қатысқан әдебиеттанушы-ғалымдар мен түрік зиялы қауым өкілдері ақын Мағжан Жұмабайдың ғылыми мұрасы, жаңашылдығы мен шығармашылық эволюциясы, поэзиясы мен бірқатар өлеңдерінің тарихы, қайраткерлігі мен қаламгерлігі туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар, аталған шара аясында Қазақстаннан келген қонақтар мен түрік зиялылары Анкараның Кечиөрен муниципалитетіндегі Мағжан Жұмабайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті. Шара барысында Елші А.Сапарбекұлы Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак мырзаны ҚР Сыртқы істер министрлігінің тағайындаған «Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынастарына 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT