Анкарада қазақтың ақиық ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы аталып өтілді

None
None
СТАМБҰЛ. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - Халықаралық Түркі мәдениет ұйымы (ТҮРКІСОЙ) «Қазақ ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдық еске алу кешін» ұйымдастырды.

Бұл жиын Анкарадағы ТҮРКІСОЙ Бас Хатшылығында өткізілді. Осылайша Қ.Аманжолов жылы болып аталған 2011 жыл тағы бір іс-шарамен толықты.

Жиынға туризм және мәдениет министрі Эртуғрул Гүнайдың атынан қатысқан туризм және мәдениет министрлігі зерттеу бөлімі бас директоры Ахмет Ары, ТҮРКІСОЙ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар министрліктің бақылауында болып, сондай-ақ ТҮРКІСОЙ ұйымына көрсетер қолдау әрі қарай да өз жалғасын табады деп мәлімдеді.Сонымен қатар Аманжолов секілді тұлғалардың бұдан да кеңінен танылуы керектігін де атап өтті.

Салтанатты жиында қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым
Жайлыбай, 44 жасында өмірден өткен Аманжолов өз шығармаларында заманының әлеуметтік мәселелеріне кеңінен тоқталғанын жеткізді. Ғ.Жайлыбай қазақ әдебиетін Қасымнан бұрын және Қасымнан кейін деп екіге бөлуге болатынын айтты. Сондай-ақ, шығармаларында ұлттық рухты тілге тиек еткен Аманжоловтың өз заманына ерекше қолтаңба қалдырғанын айта кетті.

Еуразия Жазушылар одағы директорының орынбасары және "Kardeş Kalemler" (бауырлас қаламдар) журналының редакторы, ақын Али Акбаш, Қ.Аманжоловтың заманының күрделі мәселелерін көтерген ұлы ақын және Қазақстанның қазақ тілін сақтап қалуының негізінде Аманжолов рухының жатқанын да баса айтқан болатын.

Салтанатты шара соңында Қ.Аманжоловтың өмірінен сыр шертетін фильм көрсетілді.

Қазақтың көрнекті ақыны Қ.Аманжоловты және оның шығармаларын Түркия елінде кеңінен танытуға атсалысқан зиялы қауым өкілдері үшін салтанатты марапаттау рәсімі болып өтті.

Түркиядағы Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына байланысты өткізілген барлық іс-шараларға зор үлесін қосқан ТҮРКСОЙ бас хатшысы орынбасары доктор, доцент Фырат Пурташ "Қасым Аманжолов медалімен" марапатталды.

Сондай-ақ Ғ. Жайлыбай, «Қасым» журналының бас редакторы А. Кептербаев және Қазақстандық өнерпаздар С.Мұсайым мен Г.Тапай да Түркиядағы ұйымдастырылған шараларға сіңірген еңбектері үшін марапаттарға ие болды.

Соңғы жаңалықтар