Анкарада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші ашылды

None
None
СТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат - Бүгін Түркия Республикасының астанасы - Анкара қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған Қазақстанның ресми делегациясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екі мемлекеттің Әнұрандары шырқалуымен басталған салтанатты шараға Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мехмет Әли Шахин, Анкара қаласының әкімі Мелих Гекчек және басқа ресми тұлғалар, қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауымның өкілдері қатысты.

Жастардың «Генчлик» атты орталық саябағында орналасқан Елбасы ескерткішінің жалпы биіктігі бес метрден (5 м. 10 см.) асады. Ал мүсіннің биіктігі - 2 метр 60 см. Мүсіннің авторы - Гюрсель Чаталтепе ханым.

Түркия тарабы ескерткіштің ашылуында бұл құрмет Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық түркі әлемі үшін атқарып келе жатқан ерен еңбегіне орай жасалып отырғанын мәлім етті.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов алдағы уақытта Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы дами түсетініне сенім білдірді. Анкараның орталығында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнату жөніндегі түрік ағайындарымыздың шынайы бауырластық шешімін қазақстандықтар аса зор ықыласпен қабылдап жатқанын жеткізді. «Елбасымыздың қажырлы еңбегін лайықты бағалап, құрмет көрсеткен туысқан түрік халқына шын жүректен алғыс айта отырып, мен осы елеулі тарихи оқиғаның біздің халықтарымыз арасындағы достық байланыстарын одан әрі тереңдете түсуге зор ықпал ететініне сенім білдіргім келеді», - деді О.Мұхамеджанов.

Соңғы жаңалықтар