Анкарада Қазақстан мен Түркия дипломатиялық қатынастарының орнағанына 20 жыл толуы атап өтілді

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінде Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қатынастар орнағанының 20 жылдығына орай мерейтойлық конференция және салтанатты қабылдау

болып өтті.

Іс-шарада түрік саяси олимпінің «дуайені» - Түркияның 9-шы Президенті Сүлеймен Демирел, ТР Парламентінің бұрынғы төрағасы Көксал Топтан, ТР Президенті әкімшілігінің басшысы Мұстафа Исен, биліктегі Әділет және даму партиясы (ӘДП) төрағасының орынбасары Хусейн Челик, ӘДП Бас хатшысы, қазақстан-түрік парламенттік достық тобының төрағасы Халюк Ипек, ТР мәдениет және туризм министрінің бірінші орынбасары, ТР сыртқы істер министрінің орынбасары, Түркияның мемлекеттік «ТРТ» телерадиокомпаниясының және мемлекеттік «Анадолы Ажансы» ақпараттық агенттігінің бас директорлары, сондай-ақ Түркияның іскер, мәдени, академиялық топтары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Тарихи айтулы күнге орай Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев сөз сөйлеп, Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығының негізгі кезеңдеріне, екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегіне, екі ел арасындағы өзара тиімді экономикалық, ғылыми-мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту мүмкіндіктеріне назар аударды.

Өз сөзінде Түркияның 9-шы Президенті С.Демирел екі бауырлас ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толғанын мерекелеудің маңызын атап өтті және осы кезең ішінде біздің еліміздің саяси және экономикалық жетістіктерін жоғары бағалады. «Қазақстан әлемдік аренадағы саяси салмағы мен беделі жылдан жылға өсіп келе жатқан ірі мемлекеттердің бірі болып табылады. Менің бауырым және досым, құрметті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы үлесі осы», деп атап көрсетті Түркияның бұрынғы Президенті.

Ол қазақстандықтарға табыс тіледі және қазақстан-түрік ынтымақтастығының одан әрі нығаюына сенім білдірді.

Түркия парламентінің бұрынғы төрағасы К.Топтан Қазақстанның аймақтағы, сондай-ақ тұтасымен алғанда, әлемдегі, біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы, ИЫҰ-на 2011 жылғы жемісті төрағалығына көңіл бөле отырып, сыртқы саяси бастамаларына назар аударды. «Бауырлас Қазақстан халықаралық әлемде көптеген биіктерге қол жеткізді, бұл Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың көреген саясатының дәлелі. Қазақстан сондай-ақ түркі әлеміндегі бірігу үдерістерінің, соның ішінде түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясын құрудағы, белсенді қатысушысы және бастамашысы болып табылады», - деп қанағаттанғандықпен атап өтті түрік парламентінің бұрынғы төрағасы.

Түркия Президенті әкімшілігінің басшысы М.Исен екі ел арасындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың дамуын жоғары бағалады. «20 жылдық кезеңдегі қазақстан-түрік ынтымақтастығы стратегиялық әріптестік рухында дамуда. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі табысты қызмет етуде. Біздің елдеріміз қатынастары аймақ үшін үлгі болып табылады», - деді Исен.

Сөйлеген сөздерінде ӘДП төрағасының орынбасары Хусейн Челик пен ӘДП Бас хатшысы, қазақстан-түрік парламенттік достық тобының төрағасы Халюк Ипек Қазақстан мен Түркия бұдан әрі де өзара сенім мен әріптестікті тереңдететінін, стратегиялық ынтымақтастық қатынастарын жоғары деңгейде дамыта беретініне сенімдерін білдірді.

Конференция бағдарламасы екіжақты қатынастардың орнағанына 20 жыл толуы құрметіне арналған салтанатты қабылдаумен жалғасты. Елші Ж.Түймебаев Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев марапаттаған түріктің көрнекті мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлеріне «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарын табыс етті. Жоғары марапатқа ие болғандар қатарында Түркияның 9-шы Президенті С.Демирел, Түркия парламентінің бұрынғы төрағасы К.Топтан, ТР Президенті әкімшілігінің басшысы М.Исен,  ӘДП төрағасының орынбасары Х.Челик пен ӘДП Бас хатшысы, қазақстан-түрік парламенттік достық тобының төрағасы Х.Ипек бар.

Марапатталғандар қазақстан-түрік қатынастарын дамытуға қосқан үлестерін жоғары бағалағаны үшін Қазақстан Президентіне шынайы ризашылықтарын білдірді.

Іс-шара қонақтары мерейтойға арналған суреттер көрмесімен танысты. Қатысушыларға түрік тілінде жарыққа шыққан Қазақстан және еліміздің инвестициялық ахуалы туралы кітаптар, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының мәтіні басылған брошюралар, сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның екіжақты қатынастарының 20 жылдығына арналған «Kapadokya Life» және «Birinci» журналдарының арнайы шығарылымдары таратылды. Іс-шара БАҚ-да кеңінен жария етілді және үлкен серпіліс туғызды.

Соңғы жаңалықтар