Анкарада Қазақ-түрік қарым-қатынасындағы ҚР Тұңғыш Президентінің рөліне арналған конференция өтті

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 22 қараша. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың 21 қарашасында Қазақстанның Түркия Республикасындағы Елшілігі

ТР Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен (ТИКА) бірлесіп Түркия және Таяу Шығыс бойынша Мемлекеттік басқару институтында (ТТШМБИ - TODAİE) ҚР Президенті Н.Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған конференция өткізді. Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған кітаптар және фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шараға Қазақстан Елшісі Ж.Түймебаев, ТИКА төрағасының орынбасары Суррея Эр, Түркия және Таяу Шығыс бойынша Мемлекеттік басқару институтының басшылығы, ТИКА департаменті директоры Әли Озгун Өзтүрк, институттың профессорлық-оқытушылық құрамы, ТР ғылыми-академиялық топтарының, БАҚ және жұртшылық өкілдері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары қатысты. Магистрант қатысушылардың назарына Президенттің өмірі мен қызметі туралы «Елдік жолындағы ерлік» атты таныстырылымды ұсынды.

Іс-шарада сөз сөйлеген Елші Ж.Түймебаев қатысушыларға Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктері және мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың еліміздің қалыптасуындағы және дамуындағы баға жетпес рөлі туралы әңгімеледі.

Профессор Ойуа Читчи өз сөзінде Қазақстанның Тәуелсіздіктің қысқа мерзімі ішінде қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалай отырып, Түркияда аса құрметтейтін және көпшілік түркі әлемінің лидері ретінде танитын ҚР Тұңғыш Президентінің әлемдік деңгейдегі көшбасшылық қасиеттерін атап өтті.

«Н.Назарбаевтың саяси еркінің және көшбасшылық қабілеттерінің арқасында елде табысты түрде демократиялық реформалар жүргізілуде, сыртқы саяси бастамалар белсенді жүзеге асырылуда, жылдан жылға Қазақстанның бүкіл әлемдегі саяси салмағы өсуде», - деді О.Читчи.

Өз кезегінде, ТИКА төрағасының орынбасары Суррея Эр екі ел арасындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени ынтымақтастық жоғары қарқынмен дамуда екенін тілге тиек етті. «Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың көрегенді саясатының арқасында Қазақстан тұрақты саясаты және дамыған экономикасы бар үлгілі мемлекетке айналды», - деді ол.

Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия барлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдететін болады, ал Елшілік түрік тіліне аударған ҚР Президентінің таңдамалы туындылары түрік жастары үшін өз халқына адал қызмет етудің және көрнекті саясатшының үлгісі ретінде бағдар беретін болады деген сенімін білдірді.

Іс-шараға қатысушылардың назарына Қазақстанның Тұңғыш Президенті, қазақстан-түрік ынтымақтастығының негізгі кезеңдері туралы суреттер көрмесі ұсынылды, сондай-ақ қазақ және түрік тілдерінде кітаптар, Қазақстан және ҚР Президенті туралы журналдар қойылды. Тыңдаушылар «Жаңа Қазақстан - жаңа әлемде» атты таныстыру бейнефильмін тамашалады.

Соңғы жаңалықтар