Анкарада Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарих жасаған тұлғa» атты кітабының тұсаукесері өтті

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Анкарада Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі және Халықаралық Түркі Академиясының қолдауымен түрік тілінде жарық көрген Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарих жасаған тұлғa» атты кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

30 жыл бойы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге қызмет атқарып келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының адамгершілік қасиеттері, қарапайымдылығы сынды ерекшеліктерімен қатар, қызметтік белестері, оның қиын-қыстау кезеңдердегі игі істері жайлы естеліктерін жинақтаған. Кітапта Елбасының сарабдал саясаты, көреген көшбасшылығымен жүзеге асқан халықаралық деңгейдегі бастамалары да көрініс тапқан.

Кітапты белгілі қаламгер, дипломат, Халықаралық «Жамбыл» сыйлығының лауреаты Мәлік Отарбаев түрік тіліне аударған.

Аталған жиынға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Түркі Кеңесі Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі профессор, ғылым докторы Әділ Ахметов, Түркі Кеңесінің құрушы бас хатшысы, елші Халил Акынжы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, сондай-ақ көптеген мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым және дипломатиялық миссия өкілдері қатысты.
null

Сонымен қатар, Түркия Республикасы Президентінің орынбасары Фуат Октай, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп атынан құттықтау жеделхаты келіп түсті.

Кітаптың тұсаукесер салтанаты Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлының алғы сөзімен ашылды.

«Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы әрі қолдауымен ел тізгінін ұстаған майталман мемлекеттік қайраткер, қазақ дипломатиясының марқасқасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды жаңа белестерге бастайтыны анық», - деді ол тұсаукесерде.
null

Қазақстан Елшісі үстіміздегі жылдың 9 маусымында жаңа сайланған Мемлекет басшысы Елбасының қол жеткізген табыстарын еселеп арттыратынына сенім білдірді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы теңдестірілген, конструктивті және прогрессивті тұлғасы жайлы әңгімеледі. Ол Елбасының өмірі мен қызметтік белестерімен қатар, Мемлекеттің құрылу кезеңі мен заманауи Қазақстан туралы жазылған бұл кітаптың әдеби стилі және оқиғаларға куә болу өзгешелігін ескерсек, құнды әдебиеттер қатарынан орын алатыны сөзсіз екенін атап өтті.

Түркі Кеңесі Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметов Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаламынан шыққан туынды туралы жылы лебізін білдірді.

«Тоқаев сынды салмақты да салиқалы, кәсіби, таным көкжиеги кең дипломаттың қолынан шыққан бұл кітапта Кеңес Одағының күйзелісінен түлеп ұшқан егемен Қазақстан Республикасының негізін қалаған және қалап қана қоймай, Еліміздің терезесін өзге мемлекеттермен тез арада теңестіріп, күллі әлем есептесетін Орталық Азиядағы ең іргелі мемлекеттердің қатарына қосқан Елбасы Н.Назарбаевтың тарихи рөлі жан-жақты ашылған», - деді ол.

Сондай-ақ, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ұлы түркі өркениетінің өкілдері екенін атап өтті.

Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев Қазақстан тәуелсіздігінің тарихы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін айтып өтті.

«Нұрсұлтан Назарбаев - соңғы ширек ғасырдағы түркі интеграциясының көшбасшысына айналған тұлға. Содан да болса керек, Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайип Ердоғанның ұсынысымен бауырлас мемлекеттердің басшылары Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің өмір бойғы Құрметті төрағасы мәртебесін берді», - деді Бағдат Әміреев.
null

Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу Түрік халықтарының жетістіктерін болашақ ұрпаққа жеткізу керектігін, сол тұрғыдан «Тарих жасаған тұлғa» кітабының құнды еңбек екенін атап өтті.

Жиынның екінші бөлімі Қазақ елінің Түркі әлемімен байланысына арналды. Қазақстан-Түркия мәдени, экономикалық, саяси, дипломатиялық қарым-қатынасы тілге тиек етіліп, ғалымдардың тұжырымы тыңдалды. Отырыс басшылығы АНКАСАМ сараптама зерттеу орталығының бас кеңесшісі, профессор Сенджер Имерге жүктелді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев «Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Түркістанның даму кезеңі» атты баяндамасында Түркістан қаласының Түркі әлемі үшін рухани маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол Түркістан облысының құрылғанына бір жыл өткенін сөз етті. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 170-ке жуық инвестициялық жоба іске асырылуда, оның ең ірісі - әуежайды Түркия Республикасы инвесторлары салып жатқанын атап өтті. Алдағы кезеңдерде Түркі әлемінің астанасы, рухани мекені, кіші Меккесі саналатын Түркістанда туризм саласының жаңа қарқынмен дамитынына сенім білдірді.
null

Түркі Кеңесінің құрушы бас хатшысы, елші Халил Акынжы «Түркі әлемі және Назарбаев» атты баяндамасында Елбасының Түркі Кеңесі құрылу кезеңіндегі еңбектеріне тоқталып, Елбасының тек Қазақстан үшін ғана емес Түркі әлемі үшін атақарған қызметтерінің маңыздылығына тоқталды.
null

Анкара Саясаттану Орталығының басшысы Хасан Канболат «Демократия кезеңі - 9 маусым - Президент сайлауы» атты баяндамасында, Қазақстанда өткен сайлаудың демократиялық талаптарға сай жоғары дәрежеде өткенін мәлімдеді.
null

СЕТА Сыртқы Саясат зерттеу орталығының директоры және «Insight Turkey» журналының редакторы, профессор, доктор Мухуддин Атаман «Жаңа кезеңде: Қазақстан-Түркия қарым-қатынасы» атты баяндамасында Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластыққа негізделген қарым-қатынастың алдағы уақытта да күшейе түсетініне сенім білдірді.
null null

Жиын соңында баяндамашыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар