Анкарада «III Түркі дүниесі әдебиет журналдары конгресі» болып өтті

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - Өткен аптада Халықаралық ТҮРКІСОЙ ұйымы және Еуразия жазушылар одағының ұйымдастыруымен Түркияның Анкара қаласында «III Түркі дүниесі әдебиет журналдары конгресі» болып өтті.

Аталған жиынның ашылу рәсімін ТҮРКІСОЙ-дың Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ және Еуразия жазушылар одағы төрағасы Якұп Делиөмероғлу жасады.

Түркия үкіметінің Халықаралық ынтымақтастық және дамыту жөніндегі агенттігінің (TIKA) қолдауымен өткен конгресте Қазақстан, Иран, Өзбекстан, Түркия, Румыния, Голландия сияқты 16 ел мен аймақтардан 29 әдебиет журналдарының Бас редакторлары мен өкілдері бір арада бас қосқан болатын. Қазақстанның атынан бұл шараға «Жұлдыз» әдебиет журналының Бас редакторы Ұлықбек Есдәулет пен «Әлем әдебиеті» журналының Бас редакторы Кеңес Юсуп қатысты.

Бірнеше күнге созылған конгресс отырыстарында «Интернетте журналдардың жариялануы және журналдар арасындағы ынтымақтастық шаралары», «Түркі мемлекеттерінің тәуелсіздігінің 20-шы жылдығында әдебиет журналдарының рөлі және ортақ әрекеттер мен мүмкіндіктері» атты тақырыптар баяндалды.

Сонымен қатар, «Түркі дүниесі әдебиет журналдары конгресі -2010, әдебиет жүлделері» тақырыбында келіссөздер жүргізілді.

«III Түркі дүниесі әдебиет журналдары конгресі» ортақ декларацияның жариялануымен тәмамдалды.

Соңғы жаңалықтар