Анкарада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай шара өтті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Иран-Қазақстан-Өзбекстан бірлескен экономикалық комиссиясының отырысы Тегеранда өтеді - Parstoday

Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары келесі аптада Тегеранда Өзбекстан және Қазақстанмен бірлескен экономикалық комиссияның отырысы өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Parstoday ақпараттық агенттігі.

Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мехди Сафари келесі аптада Тегеранда Өзбекстан және Қазақстанмен бірлескен екі экономикалық комиссияның бас қосатынын жеткізді.

«Жиында кәсіпкерлер мен жеке сектор өкілдері қатысып, бірлескен комиссия отырыстарымен бір мезгілде Иранның Сауда-өнеркәсіп палатасында осы елдердің кәсіпкерлерімен экономикалық конференциялар өткізеді. Осы бірлескен комиссияларда қол қоюға дайындалған құжаттардың жобаларында да барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтарды нығайту үшін келісімдер қарастырылған»,- деді Мехди Сафари.

Өзбек футболшысы - Алматының «Қайрат» клубының ойыншысы атанды - «ӨзА»

Футболдан өзбекстандық жартылай қорғаушы Жасур Жалолиддинов биылғы маусымды Алматының «Қайрат» клубында жалғастырады, деп хабарлайды «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Клубтың хабарлауынша 20 жастағы жартылай қорғаушы Алматы клубымен осы жылдың маусым айына дейін келсімге отырған. Келісімшарт бойынша «Қайрат» клубында футболшыны сатып алу құқығы бар екені айтылған.

Жасур Жалолиддинов кәсіби мансабын 2018 жылы Ташкенттің «Бунёдкор» клубында бастаған. 2020 жылы Мәскеу «Локомотив» сапына ойнап, кейін «Тамбов», «Әндіжан» және Ташкенттің «Локомотив» командаларында өнер көрсеткен. Жасур Жалолиддиновтың «Локомотив» клубымен 2023 жылдың соңына дейін келісімшарты бар тағы бар.

Бейжің-2022: Қысқы Паралимпиадаға қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды - «Халық газеті»

Бейжің-2022 XIII Қысқы Паралимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан Ұлттық құрамасы белгілі болды, деп Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы «ҚазАқпарат»-қа сілтеме жасап.

«ҚР Ұлттық Паралимпиада комитеті мәлім еткендей, Бейжіңде өтетін паралимпиада ойындарына Қазақстаннан бес спортшы келеді. Олар - Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Сергей Усольцев, Юрий Березин және Денис Петренко», деп жазды қытайлық БАҚ.

Айта кетейік, Қазақстанның паралимпиадалық спортшылары екі спорт түрі бойынша: шаңғы жарысы және биатлоннан сынға түседі.

Алдын ала жоспар бойынша, XIII қысқы Паралимпиада ойындары 2022 жылдың 4-13 наурызы аралығында Бейжіңде өтеді. Ойындарға 50 елден 736 спортшы қатысады деп күтілуде. Спортшылар қар спорты (тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон және сноуборд) және мұздағы спорт (шанамен хоккей және мүгедектер арбасында керлинг) бойынша екі категория бойынша алты спорт түрінен 78 түрлі жарысқа қатысады.

2 жылдан бері жабық болған «Жеменей» кеден бекеті ашылды - CNR

15 ақпан күні таңертең «Xinjiang Mustang Group Co., Ltd» компаниясы экспорттаған 48 тонна мұнай құбыры жабдығы тиелген екі үлкен жүк көлігі «Жеменей» кеден бекетінен шығып, Қазақстанның Маңғыстау облысының Ақтау қаласына бет алды. «Жеменей» кеден бекеті қайта ашылды, деп хабарлайды Қытайдың CNR басылымы.

Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, кедендік ресімдеудің кедергісіз орындалуын қамтамасыз ету үшін Жеменей шекаралық аймағы жүк экспортын басқару және жөнелту тобын құрып, 80-нен астам кәсіпорынмен белсенді байланысқа шығып, экспортталатын тауарлардың түрлері мен мөлшерін анықтады. Тартымды іскерлік ортаны құру мақсатында жүк экспорты бойынша есеп беру тобы құрылды.

Сондай-ақ аталған кеден бекетінде жабық циклды басқару және эпидемияны болдырмау ережелері қатаң сақталады.

«Қытай мен Қазақстан арасындағы «Жеменей» кеден бекеті - 100 жылдан астам тарихы бар көне шекаралық өткел. Қазақстан жағында Майқапшағай кеден бекеті бар. «Жеменей» шекара өткелі Қытай, Қазақстан, Ресей және Моңғолияның түйіліскен аймағында орналасқан. Бұл шекара бекеті сауда логистикалық арналары мен «Жібек жолы» экономикалық белдеуі бойынша Шыңжаң бөлігінің солтүстік өңіріндегі маңызды бөлігі болып табылады. Ол Шыңжаңның сыртқа есік ашу бағдарламасында ерекше стратегиялық мәнге ие», деп жазады CNR басылымы.

Ахмет Байтұрсынұлын Анкарада еске алды - TRT

Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуы аясында Анкарада еске алу шарасы болды. «Қазақ тілінің бетбұрыс кезеңі» атты Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық конференция Анкарада Түріксой ғимаратында болып өтті. Мағыналы шараны Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксой, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі және Түрік тілі қауымдастығы (TDK) Бас хатшылығы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Түркия радио телевизия порталы.

Конференцияның ашылуна Түріксойдың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы және ТТҚ президенті профессор, доктор Гюрер Гүлсевин қатысып, сөз сөйледі.

Халықаралық конференцияда Қазақстаннан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл және ғылым институтының директоры, профессор Анар Фазылжан, Л.Гумилов атындағы Еуразия университеті Түркология кафедрасы оқытушысы профессор Амантай Шәріп, Қырғызстаннан Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының Манастану бөлімінің меңгерушісі профессор Мээрім Көлбаева, Әзербайжаннан Ұлттық ғылым академиясы Несими тіл білімі институтының түрік тілдері бөлімінің директоры Эльчин Ибрахим, Өзбекстаннан Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Эргаш Абдувалитов және Түркиядан Анкара Хажы Байрам Вели университетінің заманауи түрік диалектілері мен әдебиеті кафедрасының профессоры Гүлжанат Құрманғалиева Ержиласун баяндама жасаған.

Түріксойдың Бас хатшысы Қасейінов өз сөзінде 20 -ғасырдың басындағы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ғалым, әрі әдебиет қайраткері, Алаш Орда үкіметінің мүшесі А. Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай Түріксой шаңырағында конференция өткізілгеніне қуанышты екенін жеткізді. Қасейінов сонымен бірге түрік әлемінің ортақ зиялысы болып табылатын Байтұрсынұлының өз еңбектерімен тек қазақ тіліне ғана емес, түркі әлемінің басқа тілдеріне де маңызды үлес қосқанын атап көрсетті.

Қазақстандағы ұлттық сана қозғалысы болып есептелетін Алаш қозғалысының 20-шы ғасырдың басында түрік әлемінің әр түкпірінде орын алған азаттық пен тәуелсіздік қозғалысының ажырамас бөлігі екенін айтқан Елші Абзал Сапарбекұлы болса Байтұрсынұлының қазақ халқының тұңғыш профессоры екенін де еске салды.

ТТҚ президенті профессор Гюрер Гүлсевин Байтұрсынұлының зерттеулерінің түрік тілін дамыту мен оқытуға ерекше үлес қосқанын, оның кеңестік кезеңдегі түрік халықтарының тіл мамандары үшін маңызды дереккөз болғанын айтты.

Алқалы жиында сонымен бірге Түріксой басып шығарған жазушы Серікбай Оспановтың «Ұлт ұстазы» атты кітап таныстырылды.

Моңғолия құрамасының Бейжіңде киген киімі ХОК-ның мұражайына сыйға беріледі - Kaznews

Бейжіңдегі 2022 Қысқы Олимпиада ойындарына Моңғолиядан 2 спортшы қатысқан.

Моңғолия Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылары Халықаралық Олимпиада комитетінің Ынтымақтастық жөніндегі директоры Джеймс Маклеодпен және ҰОК-ның ұйымдастыру жұмыстар бойынша директоры Джером Паумен кездесіп, ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Kaznews.

Моңғолия Ұлттық Олимпиада комитеті сыртқы байланыстарын кеңейтуге, Ұланбатыр қаласында халықаралық конференциялар мен семинарлар ұйымдастыруға ниет білдіріп, басқа да өзекті мәселелер бойынша пікір алмасқан.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек,Халықаралық Олимпиада комитетінің Мәдени мұра қорының өтініші бойынша 2022 жылы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында киген шаңғышы Б.Ачбадрахтың ұлттық киімі мен бас киімі Швейцарияның Лозанна қаласындағы ХОК Олимпиада мұражайына сыйға тартылады.

«Спортшылар жабылу салтанатында киімдерін киіп, ертеңіне Олимпиада мұражайына тапсыруға келісті», деп жазады Kaznews.


Соңғы жаңалықтар