Анкарада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған жиын өтті

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Анкарада қазақ тілін зерттеуші ғалым әрі әдебиет қайраткері, «Алаш» қозғалысының белді мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрдігіне сілтеме жасап.

Шараны ТҮРКСОЙ ұйымымен, Анкара Хажы Байрам Вели атындағы университетімен және Анкарадағы қазақ студенттері бірлестігімен бірлесіп Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі ұйымдастырды.

«Тәуелсіздік – Қазақстан халқы үшін ең қастерлі қазына және басты байлығы. Қазақстан тарихы талай жарқын кезеңдерден тұратынын, сондай жарқын кезеңдердің бірі – өткен ғасырдың басында Алаш туы астында біріккен зиялылар мен қайраткерлеріміздің халқын азаттыққа жеткізу жолында жүргізген күресі», - деді Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сәпиев «Ғасыр ұстазы - Ахмет Байтұрсынұлы» атты дөңгелек үстел отырысында.

Ал Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу XX ғасырдың басында Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс басшыларының бірі, қазақ тілінің ғалымы әрі әдебиет қайраткері, «Алаш орда» қозғалысының мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай Қазақстан елшілігінде осындай жиынның ұйымдастырылғанына алғыс білдірді. Ол сөзінде Ахмет Байтұрсынұлы балалар үшін көптеген еңбектер жазып, оның бастысы араб әліпбиін қазақ тіліне бейімдеп, қазақ балаларына арналған тұңғыш «Әліппе» кітабын 1912 жылы шығарғанын және бұл кітап сол кездегі қазақ халқының ағарту ісіне қосқан ерекше үлесі екенін атап өтті.

Хажы Байрам Вели атындағы университеттің оқытушы-зерттеушілері Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун мен Хулия Касапоғлу Ченгел өздерінің баяндамаларында Ахмет Байтұрсынұлының Қазақстан тарихында ерекше орынға ие екенін, ол тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі әлеміне қажетті рухани және мәдени дүниелерге сол кезде баса назар аударған ұлы тұлға екеніне кеңінен тоқталды. Оның жазған өлеңдері, еңбектері, мақалалары, «Қазақ газетін» басып шығаруы, сондай-ақ «Алаш» қайраткерлерінің жазған еңбектері түркі әлеміне қалдырған мұрасы екеніне назар аударды.

Хажы Байрам Вели атындағы университетінің докторанты Елдос Тоқтарбай өзінің баяндамасында ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының басынан өткерген қиыншылықтары мен жазған еңбектеріне назар аударып, оның еңбектері әлі де терең зерттеуді талап ететінін атап өтті.

Аталған дөңгелек үстелдің соңында қатысушылар А. Байтұрсынұлының сирек кездесетін суреттерінен тұратын көрмені үлкен қызығушылықпен қарады. Сондай-ақ, Анкарада жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттердің орындауында қазақтың күй мен әндері орындалды.



Соңғы жаңалықтар