Анголада салмағы 131 карат алмаз табылды
2022 жылғы 22 қыркүйек 10:20

Анголада салмағы 131 карат алмаз табылды

ЛУАНДА. Синьхуа-ҚазАқпарат – Анголаның Солтүстік Лунда провинциясындағы алмаз қорымен әйгілі Луло кенішінен IIa типті ақ алмаз табылды. Бұл туралы бүгін Endiama мемлекеттік гауһар компаниясы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Компанияда бағалы тасты австралиялық Lucapa Diamond компаниясы мен оның серіктестері Луло кенішінің 19-шы блогында тапқанын атап өтті. 11 күн бұрын сол шахтадан 160 караттық алмаз тасы табылған еді. Бұл – жыл басынан бері мұнда табылған салмағы 100 караттан асатын төртінші және барлық табылған гауһар тастардың ішінде 29-шы алмаз.

Ангола астанасы Луандадан шығысқа қарай шамамен 630 км жерде орналасқан Луло алмаз кеніші көлемі жағынан әлемде төртінші орында. Бұл – Lucapa Diamond 40%, Endiama 32% және Rosas & Petalas жеке Ангола компаниясы 28% акцияға ие бірлескен кәсіпорын.

Соңғы онжылдықта жүргізілген жұмыстар Луло кенішінің әлемдегі ең бай аллювиальды алмаз кен орындарының бірі екенін дәлелдеді.

Endiama мәліметінше, 2016 жылы Луло кенішінен табылған ең үлкен 404,2 караттық алмаз тасы 16 млн долларға (бір карат үшін 39 580 доллар) сатылды. Бұл рекордтық баға болды. Алмаз кесіліп, зергерлік бұйымдарға айналғаннан кейін оны сатудан түскен пайда 34 млн долларға жетті.

Анголаның минералдық ресурстар, мұнай және газ министрі Диамантину Азеведу Ангола алмаз өндірудегі өзінің «зор» әлеуетін осымен тағы бір танытқанын айтты.

«Мұндай олжалардың арқасында жақын болашақта әлемдегі ең ірі алмаз өндірушілердің біріне айнала алатынымызға толық сенімдімін», - деді министр.

Фото: images.nrc.nl







Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT