Англиядағы қандастарымыз қазақ тілін онлайн үйреніп жүр

None
None
ЛОНДОН. ҚазАҚПАРАТ - Ұлыбританияда тұрып жатқан қандастарымыз қазақ тілін онлайн үреніп жүр. Курстың ұйымдастырушысы — «Отандастар» қоры. Қатысушылары қым-қуыт заманда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, Қазақстаннан көшіп кеткен қара көздеріміз. Курс тек тілді ғана емес, ұлттық салт-дәстүрлерімізді және мәдениетімізді ұмыттырмауға бағытталған. Қатысушылардың жалпы саны 60-қа жуық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дүниежүзі бойынша барлық қазақтарды қамтып отырған курс. Қазіргі таңда Англиядан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Әзербайжаннан, көбіне Түркиядан қатысып жүрген тіл үйренушілеріміз бар», дейді тәлімгер Ләззат Бисенбаева.

Курс тыңдаушыларының бірі британиялық қазақтардың басын біріктіретін қауымдастық төрағасы Әбдісәлім Саваш. Оның әке-шешесі зұлмат жылдары Алтай өңірлерінен Түркияға көшіп кеткен. Ал өзі 25 жасында Түркиядан Ұлыбританияға қоныс аударған. Алпысты алқымдаған ақсақалдың 5 баласы бар. Бүгін жұбайы және құдағайымен бірге ұмытқанын жаңғыртып, тіл үйреніп жатыр.

«Біздің қазақшамыз әке-шешемізден естіп-үйренген шала қазақша. Қазір ана тілімізді меңгеріп, дамытып жатырмыз, құдайға шүкір. Енді мына коронавирус бітсе, демалыс күндері жастарды жинап, интернет арқылы байланысып, қауымдастығымыз үшін үйімнен бөлінген бөлмеде тілді үйренуге тырысамыз», дейді Әбдісәлім ақсақал.

Бөлмеде Қазақстанның туынан бастап, ұлттық киімдерге дейін бар. Ұлттық аспапта ойнап, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға да барлық жағдай жасалған. Бірінші және екінші жалпыұлттық локдаундар кезінде Ұлыбританиядағы қандастарымыздың және елде уақытша тұрып жатқан отандастарымыздың басын қосу мүмкін болмаған. Шектеулердің жеңілдетілуіне байланысты олардың кейбірін дастархан басында жинаудың бүгін сәті түсіп отыр.

«Арыс қаласының тумасымын. Лондонда 2010-жылдан бері жұбайымыз екеуміз тұрамыз. Осында мұнай-газ саласында жұмыс істеймін. Өзіміз енді сыртта жүргеннен кейін ана тілімізде сөйлесуге адам таппай қаламыз кейде. Негізі, жұмыс ағылшын тілінде жүргізілгеннен кейін қазақша сөйлеспесең де ұмыта бастайсың тілді», дейді Лондон қазағы, инженер Дәулет Есеналиев.

Ұлыбритания қазақтары қауымдастығының мүшелері алдағы уақытта домбыра тартуды да онлайн үйренуді көздеп отыр. Осылайша елден жырақта жүрген қандастарымыздың ұлттық дүниетаным шеңбері кеңейе түседі деген зор сенім бар.


Соңғы жаңалықтар