Англия жерінде қазақ өнері салтанат құрған кеш өтті

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Англияның Сомерсет графтығындағы Әулие Варфоломей шіркеуінде қазақстандық «Қос Арна» дуэтінің концерті болып өтті. Крукерн қалашығында ұйымдастырылған кешке жергілікті халық жиналып, қазақ өнерімен сусындады. Ағайынды Аида және Азамат Жаханбектер қазақтың халық әндері мен күйлерін орындап, ағылшындарға ұлтымыздың бай мәдени мұрасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас өнерпаздардың фольклорлық музыканы насихаттап жүргендеріне биыл 10 жыл. 5 жасынан бастап, алдымен қыл қобыз бен домбырада ойнаса, кейін басқа да ұлттық аспаптарды меңгеріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Британиялықтар бұл күні мультиинструменталистердің орындауындағы Абайдың «Тор жорға» күйін, «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін, Нұрғиса Тілендиевтың «Аққу» күйін және ағылшын тіліндегі әнді тыңдау мүмкіндігіне ие болды.

«Шіркеуде біз бірінші рет концерт беріп тұрмыз. Бұл ғибадатхананың 500 жыл бұрын соғылғанын білдік және оның акустикасы өте керемет екен. Біздің балалардың әр аспабының ерекшелігі бар. Орындайтын күйлерінің, әндерінің тақырыбына байланысты әр елге көрсеткіміз келеді», дейді «Қос Арна» дуэтінің көркемдік жетекшісі Роза Әріпбаева.

Бұл күні XIX ғасырдың ортасында қазақ даласында дүниеге келген Алатау Тамшыбұлақ Аткинсонның «Рождество қоңыраулары» атты өлеңіне жазылған әннің әлемдік тұсаукесері өтті. Алатау Тамшыбұлақ еуропалықтардың арасында алғашқылардың бірі болып, Қазақстанды зерттеген белгілі саяхатшылар Томас және Люси Аткинсондардың ұлы. Ол Алматы облысы Қапал ауылындағы Тамшыбұлақ бұлағының жанында туылғандықтан Алатау Тамшыбұлақ деген есімге ие болған. Кейін оның Гавайиде танымал мемлекет қайраткері және парламент мүшесі болғаны белгілі.

«Өте жан жадыратарлық дүние. Алатаудың әні нотаға түсіріліп, шығармаға жаңа өмір сыйланды. Нәтижесінде керемет концерттің куәсі болып отырмыз», дейді Аткинсондардың ұрпағы Пеппа Смит.

«Бір қызығы қазақ музыкасының бізде де бар, мен білетін фольклорлық музыкамен ұқсастығын байқадым. Мысалы, ирландиялық аспаптардың үнімен үндес келетіндігі таң қалдырады. «Қос Арнаның» бүгінгі ән кешіне өте ризамыз», дейді Аткинсондардың тағы бір ұрпағы Стив Браун.

125 жыл бұрын дүниеге келген өлеңнің әуенін белгілі британиялық композитор әрі пианист Майкл Цисани-Уиллс жазған. Камералық музыкадан бастап, хор және оркестрге арналған шығармаларды, сондай-ақ фильмдерге партитуралар жазумен айыналысатын Майкл үшін бұл бітімі бөлек жаңа тәжірибе болыпты.

«Әлбетте, әннің ең маңызды бөлігі қазақ өнерімен тікелей байланысты. Аида мен Азамат мені ғажайып домбыра және жетіген үнімен таныстырды. Сөйтіп мен рождестволық әнде сол аспаптарды пайдалануға тырыстым. Нәтижесінде қазақ, гавай және ағылшын мәдениеттерін тоғыстырған шығарма дүниеге келді», дейді композитор Майкл Цисани-Уиллс.

«Мен бұған дейін ешқашан қазақ музыканттарының өнерін тамашаламаппын. Олар өте керемет аспаптарда ойнады. Сыртқы пішіндері де ерекше. Біреуі, мысалы, түйенің терісінен жасалған екен. Олардан шыққан үн қайғылы, көңілді болады екен. Ең басты түсінгенім, менің билегім келіп кетеді», дейді «Әулие Варфоломей шіркеуінің достары» ұйымының төрағасы Ин Трайб.

Шараның өтуіне Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі қолдау көрсетті. Концерттен түскен қаражат қайырымдылық мақсатында бес ғасырлық тарихы бар шіркеуді өз деңгейінде ұстап тұру үшін жұмсалмақ.



Соңғы жаңалықтар