Андрей Лукин АӨК-ті субсидиялау ережесін қайта қарауды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында депутат Андрей Лукин АӨК-ті субсидиялау ережесін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, аграрлық салаға бөлінетін субсидиялар тиімсіз және мақсатсыз жұмсалуда. Жалған келісімшарттар жасалып, шындыққа жанаспайтын ақпараттардың берілетіні де жасырын емес. Соның салдарынан қаражат желге ұшып жатыр. Сенатор Андрей Лукин жағдайды жақсарту үшін қазіргі ережелерді қайта қарауды ұсынды. Ол өз ұсыныстарын Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдің атына жолдаған депутаттық сауалында баяндады.

Сенатордың сөзіне қарағанда, соңғы 5 жылда жеңілдікпен берілетін несие мен субсидияға 2,9 трлн теңге бөлінген. Алайда, субсидияны беру механизмі жабық күйде қалып отыр және ережелері де жетілдіруді қажет етеді. Дәл осы себептен бұл салада сыбайлас жемқорлық фактілері жиі тіркелуде.

«2018 - 2020 жылдар ішінде мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қатысты 144 қылмыстық іс тергелген екен. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 57 іс қозғалған. Ал субсидияны жымқыру бойынша 87 сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Салдарынан мемлекетке 2,1 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді», – деді Андрей Лукин.

Сонымен қатар Сенат депутаты ұсынылған ақпараттар мен деректердің дұрыстығына тек ауыл шаруашылығы өндірушілері жауапты екеніне назар аударды. Ал жауапты лауазымды тұлғалар шаруалардың өтінімдерін қысқа мерзімде қарап, деректердің толық екеніне ғана көңіл бөледі.

«Осыған орай агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау ережелерін қайта қараған жөн деп есептеймін. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өтінімдерін тексеру бойынша жергілікті атқарушы органдардың және субсидия төлемдерін жүргізетін жауапты лауазымды тұлғалардың міндеттерін қарастыру қажет», – деді Андрей Лукин.


Соңғы жаңалықтар