Әндері мен жырларын халқына рухани азық етіп қалдырған Бәкір Тәжібаев туралы бір үзік сыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Уақыт жылдам, қазақ поэзиясындағы Бәкір Тәжібаевтың (1926-1994) жырлары әнмен әрленіп, алаш аспанында шырқалғанына да көп жылдың жүзі болыпты.

Мұхит әндерінің саздылығы, философиялық ерекшелігі мен халық әндерінің қасиетін бойына сіңіріп, туған елдің қадіріне жеткен ақын әрі сазгер Бәкірдің өмірден жинақтаған ой-толғамдарын өнерге бағыттағаны -оның жан тазалығы болса керек.

Сазер ақынның туған жер, өскен ел, дос-жаран дегенде ойының мөлдірін, сағынышының ыстық ықыласын арнап, төгілте жыр жазар кездері де көп болған ғой.

Бәкір өзінің алғаш ән жазғаны жайлы көзі тірісінде былайша еске алған-ды:

- Бірінші, «Жас дәурен» деген ән шығардым. Оның өлеңін Қасым Аманжолов жазды. «Аппағым-ау», «Дала жолдары», «Ақбұлақ» әндерін жаздым. Туған жердің бұлағы, табиғаты, қазақтың кең сахара даласы мен үшін үлкен тақырып болды да Болат Сыбанов, Қапаш Құлышевалар домбырамен орындады. Әншілерден ерекше атап кететін әншім Роза Рымбаева. Ол менің біраз әндерімді шебер орындап, тыңдаушысына жеткізе білді. Сол үшін ризашылығым шексіз, - деп еді өз шығармашылығы жайлы Бәкең.

Жетпісінші жылдары әуе толқынынан жиі насихатталған Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әні ауыздан ауызға тарап, көпшілік жүрегіне жол тапты. Ал бұл әнді алғаш орындаған семейлік әнші Бәкір Тәжібаев әннің бағын ашып, өзі де ән арқылы өнері арқылы танымал болды.

Бәкір Төлеуұлы 1926 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты «Ақбұлақ» ауылында дүниеге келген. Елін сүйген ердің туған елге арнаған тамаша әні осы «Ақбұлақ» ауылына арналған екен.

Бәкір 1941 жылдан бастап осы облыстың Мұғаджар ауданына қарасты «Темір» ауылының педучилищесінде оқып, кейін аудандық газетте хатшы болып қызмет етеді.

1950 жылы Ақтөбе облысына арнайы сапармен барған жазушы Тахауи Ахтанов Бәкір Тәжібаевпен кездесіп, оның бойындағы өнерге деген құштарлықты байқап, Алматыға алдырады. Бәкір оқуға түседі. Осы жайлы Бәкір Төлеуұлы көзі тірісінде айтқан екен:

«Мен өзі жастайымнан өнермен, әдебиетпен шұғылдандым. Мен туған халқымның халық әндерін домбыраға қосылып айтып жүрдім.

Жиырма бір жасымда театр училищесін бітірген соң мені Мәдениет министрлігі Жамбыл облысына жіберді. Екі-үш жылдан кейін Шымкенттің облыстық театрына шақырды. Онда бұрын жұмыс істеп кеткен жағдайым бар еді. Көп жыл жұмыс істедім. Әнмен қоса драматургиялық шығармаларды дүниеге әкелдім. Еркеғали Рахмадиевтың «Қамар Сұлу» операсының либереттосын Нығымет Баймұхамбетовпен бірігіп жаздық. Ол опера сахнасында күні бүгінге дейін жүреді. Сосын көптеген таза драматургиялық пьесалар жаздым. Оларды айтсам, «Қаракөз қарындасым», «Ана жүрегі», екеуі де Ұлы Отан соғысына арналған. «Батақтың Сарысы» деген композиция, сол кісінің өмірінен «Түрмеден қашқан» деген музыкалық драма жаздым. Бұл шығармамда көптеген театрда жүрді. Семей, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда театры, Алматыдағы Мемлекеттік Жасөспірімдер театры біраз шығармаларымды сахнаға шығарды»-деген.

Бәкір Тәжібаев облыстық театрларда еңбек етіп, 1958-1974 жылдары Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, кейін Алматы облыстық халық шығармашылығы үйінде, Қазақстан театр қоғамында кеңесші-әдіскер болып қызмет етті.

Бәкір Тәжібаев 1974 жылдан бастап шығармашылыққа біржолата бетбұрды.

«Көптеген әндердің дүниеге келуіне Еркеғали Рахмадиев, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков, Төлеген Мұхамеджановтардың әсері болды.

Ал енді Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова сынды әншілер композиторлармен шығарған әндерімді жариялады»-деп ағынан жарылған.

Ақынды қанаттандыра, бар жағдайын жасаған құдай қосқан қосағы Сапаркүл апай сол бір қимас шақты әркез ерекше сезіммен еске алады:

«1959 жылы Жамбыл қаласындағы нағашы ағамның қолында тұратынмын. Мен мектепте оқимын, он бес жастамын. Келсем үйде бір жігіт отыр домбыра тартып. Келіп жүрген әртістердің біреуі шығар дедім де қойдым. Күнде келеді әлгі кісі, сосын бір күні:

-Сен менің жиен қарындасым боласың, - деді,

- Жарайды, ағай! - дедім. Бір күні айтты:

- Мен сені өз қолымнан күйеуге берем, - деді, тағы да:

- Жарайды - дедім. Сөйтіп жүргенде екеуміз қосылдық. Мен мектеп қабырғасында оқимын, «жасы толмаған қызды алды» деп, Бәкірді соттамақшы да болды. Анам, әжем, нағашы ағам мен жеңгем бар, бәріміз бірге тұратынбыз. Содан Нұрдәулет Күзембаев деген ағамыз Шымкентте басшылық қызметте болатын. Бәкір соған кетті. Содан кейін сол ағамызға «қарындасыңызды алып едім, қудалап жатыр» десе, «бәрін көшіріп алып кел!» деген екен. Содан ағамыз мені училищеге түсірді. Бәкір Шымкент театрына кірді, сөйтіп тұрып жаттық. Әртістердің әрқайсысы келіп «бұл кім?» деген сұрақты көп қоя берді. «Әйелім» деп айта алмайды, «қарындасым» деп әрең құтылатын»- деп бір сырды аша сөйледі.

Сүйгеніне қосылған Бәкір ұзақ жыл жұбын жазбай өмір сүрді.Ал ақын әрі сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың туындылары өз кезегімен жарық көріп жатты.

Иә, автордың «Қараторғай» атты новеллалар жинағы, одан кейін «Біздің Роза» очерктер жинағы мен «Сахна жұлдыздары» атты портреттер топтамасы, «Балбұлақ», «Ән дәурен», «Жүріп келем», «Дала жолдары», «Жыр жолаушы» атты жинақтары көзі тірісінде жарық көрді. Ал біздің алтын қорымызда сақталған екі жүзден аса әндерінің ішінде шоқтығы биігі Сейдолла Бәйтерековтың «Әлия» әні. Бұл әнді алғаш орындаған Роза Рымбаева Сопотта өткен Халықаралық ән фестивалінде Гран при сыйлығын жеңіп алып, лауреат атанды. Ән әншіні, әнші әнді дүниежүзіне паш етті. Ал әннің авторлары Сейдолла мен Бәкір сол қуаныштың куәсі болып мерейлері өсті. Осы жайлы Сапаркүл апамыздың ойын ортаға салсақ:

«Әлия Молдағұлова менің анам жағынан туыстығы бар. Бәкір анам екеуі отырып шәй ішеді ғой, сонда жазған өлеңдерін екеуі талдайды. Сосын Әлия туралы әңгіме болып қалғанда: «апа, айтып берші» деп жалынып, көп нәрсеге қанық болады. Осында Әлия Молдағұлованың нағашы ағасы болды. Әубәкір Молдағұлов дейтін кісі соғысқа қатысқан.

Бір күні үйге жас композитор Сейдолла Бәйтереков келді. «Ой, аға, өлеңіңіз әнге сұранып тұр екен, мен бір ән жазайын» деп, кешке дейін екеуі осы әнді жазып шықты.

Бәкір мен Сапаркүлдің Алладан сұрап алған ұл-қызы ата-анасының қуанышы еді, қыздары Айжан ерте дүние салды. Ендігі үміт Жасұландай ұлда еді...

Ол әкесі жайлы былай деп сыр ақтарды.

Жасұлан: «Әкемнің дүниеден өткеніне де біраз жылдың жүзі болды. Мінезі қызық адам болатын. Кішкентай адам секілді бір адамның айтқанына сеніп, шын көңілмен рас деп санайтын. Қолынан келсе, елдің бәріне көмек көрсететін. Өзі әдебиетке жақын болғаннан кейін мені де әдебиетке баулыды.

Жалғыз болып өстім, кішкентай кезімнен оқуға қатты қарайтын. «Сабақтарың қалай, кейін ұят болып қалмасын» деп, ылғи айтып отыратын.

Әкем негізінен түнде жазатын, таңғы бестерге дейін жазу жазады, содан түске дейін ұйықтайтын. Әжеммен шәй ішіп, шығармашылығын талдайтын. Мінезі тік болатын. Адамдарға қатесін бетіне айтатын, бірақ зілі болмайтын. Бірталай жас композиторларға ақыл-кеңесімен болсын көмектесіп жататын. Кішкентай кезімізден бастап әншілер мен ақын-жазушылардың ортасында өстік. Олар біздің үйге келгенде ән айтып, күй тартып, думандатып отыратын».

Ақын Сейфолла Оспан бір естелігінде былай дейді: «Өзбекстанның Жизақ қаласынан жеңіл көлікпен ел аралап келе жатқанда жолда бір малшы мәшинеге мінді. Кенет жүргізушіміз радионы қосып еді, біз «бәсеңдет» дедік. Сонда малшы:

- Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағын» айтса ғой, шіркін, онда радионы қатты қояр едік!- деп армандайды. Сонда:

- Егер сол Бәкірмен бірге келе жатсаң не істер едің? - дегенімде әлгі кісі бізге жалтақтай қарай берді. Анық-қанығын білгеннен кейін қуанып, - - Түйе соям, үйге жүріңдер,- деп жабысқаны бар, - деген еді Сейфолла ағамыз. Осындай ел арасында Бәкір Тәжібаевқа қатысты әңгімелер бар. Бұл өнерді сүйген халық өкілінің құрметі болса керек.

Ақын әрі сазгер драматург Бәкір Тәжібаев мың бұрала аққан Сағыз бен Жем өзендерінің бойында мекен еткен әнші-күйшілердің өнерімен сусындаған дала дарыны. Ағасы Қоныс жырау да өнерлі жан еді, ал әкесі Төлеу мен анасы Тәжен ойын-сауықтың көркі болған ауыл өнерпаздары болатын. Туған топырақтың қасиетін бойына дарытқан Бәкір Төлеуұлы Ескендір Хасанғалиевтың «Әдемі-ау», «Алматының алмасы», «Елігім-еркем», «Есіңе ал», «Ауылым-әнім», Нұрғиса Тілендиевтың «Аққұсым», Кеңес Дүйсекеевтің «Қаракөз», Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әндеріне өлең жазса, өз әндерін де біздің алтын қорымызға жазып қалдырды. Әлі күнге маңызын жоғалтпаған екі жүзден аса ән жас орындаушылардың әрлеп орындауында қайта жаңғыруда.

Бәкірдің ұлы Жасұлан мен келіні Гауһардың батыр апаларының есімін қойған Әлия деген қызы өнерге әуес. Ол Нұрсұлтан Назарбаев зияткерлік мектебінің сегізінші сыныбында оқиды, фортепиано аспабын үйреніп, өздігінен білімін жетілдіріп жүр.

Біз тамылжыған әсем әндері мен сырға толы жыр-маржандарын халқына рухани азық етіп қалдырған біртуар дарын иесі, арқалы ақын, сырбаз сазгер Бәкір Тәжібаевтың шығармаларының дәуір үнімен үндесіп, талай ғасырға жететіне сенімдіміз.

Мәңгілік тақырып махаббат дейтін болсақ, тыңдаушының жан-дүниесіндегі құпия сырды нәзік сезіммен тербеп, теңіздей толқытар әнімен, жырымен туған халқымен бірге жасайтын тамаша суреткердің еңбегі әлі де талай әңгімеге арқау болары сөзсіз.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Алтын Иманбаева

Соңғы жаңалықтар